«Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-да сөйлеген сөзінде бірінші кезекте Орталық Азияның өңірлік проблемаларына назар аударып, нақты шаралар қабылдау қажеттігі маңызды екенін атап көрсетті.
Жаһандық мәселелер бізді де алаңдататынын сездіру маңызды, біздің де өзіндік ұстаным, көзқарасымыз бар. Президент экологиялық апатқа ұшыраған Аралдың ғаламдық мәселесін Қазақстан не болмаса Орталық Азияның өзге елдері де шеше алмайтынын айтты. Каспий теңізінің тағдыры да алғаш рет әлем алдында пікірталас талқысына ұсынылды. Жер жүзі бұл өлкені бұған дейін мұнай көзі сарқылмайтын «екінші Парсы шығанағы» деп түсініп келді. Бірақ әлем Каспийді апатқа ұшыратпаудың нәтижесінде құрлықтың басқа да экологиялық мәселесін шешуге болатынын ұғынатын шақ қазір. Бұл жерде ең алдымен трансшекаралық өзендер мен су ресурстарын қысқартудағы мәселелерді шешу маңызды. Біз үшін аса маңызды, күрмеулі мәселенің бірі – транскаспий өңірін дамытудың кенжелеп тұрғаны. Мұны да бір мемлекеттің арқалауына ауыр соғады. Барлық тарап келісе отырып қолға алу маңызды. Логистикалық тасымалдағы жүйесіздіктен де экология зардап шегіп, елдердің экономикалық әлеуетіне кесірін тигізеді.
Президенттің АҚШ-қа сапарының үшінші қыры - бұл Орталық Азия мен АҚШ елдері көшбасшыларының саммиті. Бұрын мұндай форматта жиын болған емес. Ақүй мен Орталық Азия елдері дәл кешегі саммиттегідей ынтымақтастық пен өзара тиімді келісімге келеді деген үміт те бұлыңғыр еді.
Бұл маңызды кездесудің нәтижелерін біз еліміздің жақын арадағы инвестициялық, инфрақұрылымдық, технологиялық және логистикалық жобалар жүзеге асқанда көретін боламыз. АҚШ-пен ауқымды экономикалық ынтымақтастық - бұл Қазақстан ұстанатын көпвекторлы саясаттың кемшін соғып тұрған өрісі еді. Енді бұл бағыт та қарқынды дамуы тиіс», деді саясаттанушы.