Ата-ана бауырынан тараған бес баланың бірі 2014 жылы Маңғыстау облысындағы өнер колледжін суретші мамандығымен бітірген. Кейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі мамандығын алып, туған ауылына оралған. Қазір ауылдағы «Шалқыма» мәдениет үйінде суретші болып жұмыс істейді. Ауыл балалары үшін сурет үйірмесін ашып, 12 өренді бейнелеу өнерінің қыр-сырына баулып жүр.
«Балабақшаға барған кезімнен сурет салуды ұнататын едім. Мектепте түрлі сурет байқауына қатыстым. Қазір мамандық таңдауда қателеспегенімді білемін. Өйткені суретшілік – жүрек қалауым. Атақты суретші Пабло Пикассоның «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» дегені бар. Мен де жүрекпен сезінгенімді ақ қағазға түсіремін. Қылқаламды қолыма алып, табиғат көрінісін, тарихи тақырыпқарды, танымал адамдарды бейнелеген кезде демаламын», дейді Исатай Майемеров.
Ол әлемге танымал тұлғалардың, әсіресе жастардың портретінен өз коллекциясын жасауға бет бұрған. Қазір оның коллекциясында әнші Димаш Құдайбергеннің, жекпе-жек шебері Шавхат Рахмоновтың, француз футболшысы Килиан Мбаппенің және өзге әйгілі тұлғалардың портретімен толыққан. Сурет салумен шектелмей, мекемелер мен балабақшалар ғимараттарының қабырғасын безендіреді.
«Сурет салу – табиғаты-нан талант дарыған жандарға берілетін кәсіп. Бейнелеу өнері адамды тылсым әлемге жетелейді. Суретшілікті кәсіп көзіне айналдырып жүрген өнер адамы аз емес. Исатай Майемеровтің де кәсібін нәсібіне айналдыруға мүмкіндігі бар. Өнерлі жасты қолдау мақсатында қайтарымсыз грант беретін конкурсқа қатысуға кеңес бердік. Біз үшін ең бастысы – осындай талантты жастардың ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік жасау», дейді «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Жексенбай Пазулов.
Атырау облысы