Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров шараның күн тәртібімен таныстырып, әуелгі сөз кезегін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлына берді. Министрдің орынбасары қатысушыларды айтулы шарамен құттықтап, оларды ведомствоның геология мен ұлттық экономикаға деген ұстаным, жоспарымен таныстырды. Сөйтіп саланың еңбегі сіңген дербес зейнеткерлері, бірқатар ғалымдары мен білікті мамандарын марапаттады.
«ХХІ ғасырдағы Қазақстанның геологиялық қызметі: жай-күйі, проблемалары мен болашағы» тақырыбында өткен алқалы жиын саланың бірқатар маңызды және өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды. Көзделген негізгі мақсат еліміздің минералды-шикізат базасын толықтыру және дамыту жөніндегі бірлескен іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу болды. Сондай-ақ 2029 жылға қарай Ұлттық экономика көлемін екі есеге дейін ұлғайтып, Қазақстанның мықты өнеркәсіптік базасын қамтамасыз ету мақсаты алға шықты.
Вице-министр өз сөзінде қоршаған орта мен еліміздің ресурстарын зерттеу барысында геология саласының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның минералды-шикізат базасы ел экономикасының ұзақмерзімді қажеттіліктерін қамтамасыз етуі қажет екендігіне баса назар аударды.
Айтулы іс-шараға «Kazakhmys Barlau» ЖШС-ның бас директоры Ғалым Нұржанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Серікбек Дәукей, «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Фархат Абытов, Минералды ресурстар академиясының өкілі Георгий Фрейман және Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтынан Герой Жолтаев та қатысты.
Сөз кезегінде Ғ.Нұржанов геологиялық қауымдастықтың алдында тұрған жаңа сын-қатерлер туралы айтып берді. «Сала алдында тұрған проблемалар бізден нақты әрі тиімді қадамдарды талап етеді. Әлбетте, мұндай мәселелер бірлесіп шешілуі тиіс. Осыған байланысты уәкілетті органдар мен бизнес-қоғамдастықты геологиялық барлауға тың серпін беру үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырамын», деп атап өтті ол.
«Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Ф.Абытов болса, табиғи ресурстарды тұрақты басқару бойынша халықаралық озық тәжірибе орталығын құру жөніндегі жобаны көпшілік назарына ұсынды. Жобаның көздеген мақсаты – экологиялық және энергетикалық теңгерімге қол жеткізу әрі ресурстарды тұрақты басқару жөніндегі жоспарлардың жүзеге асуына үлес қосу болып табылады.
Алқалы отырыстың қорытындысы бойынша британдық геологиялық қызмет, Ұлыбританияның ғылыми-зерттеу және инновациялар басқармасы мен біздің елдің «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатқа сәйкес екі тарап геология, аймақтық геологиялық зерттеулер саласында озық технологияларды енгізу бойынша әрі геологиялық деректер базасын құру бойынша тәжірибе алмасып, геологиялық карталарды құрастыру жөнінде заманауи технологияларды қолдану және халықаралық озық тәжірибелерді енгізу туралы ақпаратпен бөлісетін болады.
«Қазір геология саласы осындай қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр:
- кадрлармен қамтамасыз етудің нашарлығы;
- қаржыландырудың төмен мөлшері;
- басқару жүйесіндегі өзара әрекеттестік деңгейінің жеткіліксіздігі;
- толыққанды ұлттық деректер базасының болмауы;
- геологиялық ақпаратқа онлайн қолжетімділіктің болмауы.
Оларды шешу бастамаларымен геологиялық барлау саласын экономиканың басым секторы ретінде анықтауды ұсынып, AGMP «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сала министрлігіне бірнеше рет жүгініп, түрлі алаңдарда сөз сөйледі. Президент мәселені шешудің шын инновациялық қадамдарын ұсынды. Бірінші икемді нормативтік және фискалдық шарттарды енгізуді айтты. Өз қаражаты есебінен геологиялық барлауды жүзеге асыратын инвесторларға жер қойнауын пайдалануға басым құқықтарды қамтамасыз етуді тапсырды. Кешенді мемлекеттік сараптаманы енгізу және үдерісті толық цифрландыру арқылы жобаларды мақұлдау мерзімі мен рәсімдерін екі есе қысқарту керек екеніне де назар аудартты», деді Республикалық тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы атқарушы директорының бірінші орынбасары Төлеген Мұханов.
Ол сала мамандарының бірқатар ұтымды ұсыныстарын айтып, түйінделіп қалған мәселелерді шешу жолдарын тілге тиек етті. «Кәсіпорындар және ғылыми мекемелермен бірлесе отырып, геологиялық зерттеулерді гранттық қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана қандай да бір қолдау болады. Бұл мәселені де жан-жақты зерттеу керек.
Сөйлеушілердің барлығы Қазақстанда барлық геология және жер қойнауын пайдалану қызметтерін біріктіретін орган құрудың кезі келгенін, мәселен, геология, жер қойнауын пайдалану, бақылау мәселелері бір жерде шешілетін Агенттік екенін айтты. Біз бұл ұсынысты қолдаймыз. Мұндай органдар көрші Қытай, Ресей елдерінде бар.
Таяуда AGMP бірлестігі Асыл металдар және геологиялық ұйымдар қауымдастықтарымен бірлесіп конференция өткізуді жоспарлап отыр. Онда проблемалық мәселелерді талқылап, кәсіпорын жетістіктерінің көрмесін ұйымдастырып, пікір алмасамыз», деді Т.Мұханов.
Айта кетерлігі, жиын барысында геологиялық ғылым мен технологияларды дамытудың перспективалық бағыттары айқындалды. Сонымен бірге геологиялық барлау және цифрлық технологиялардың тұсаукесерлері, өңіраралық байланыстар мен іскерлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.