Мұндай ой көл жағалауында серуендеп жүргенде келіпті. Толқынның түсі өзгергенін аңғарған. Көлге құйылатын қоқыстың көлемі жыл сайын күрт көбейіп келе жатқандығын сан мәрте естіп еді. Енді міне, өз көзімен көріп тұр. Бұл жайт жергілікті жердің мәселесі ғана емес, жаһандық экологиялық проблемалардың сойы. Көрікті Көкшенің бауырындағы жүздеген көл мен өткел бермес өзен химиялық, биологиялық және физикалық заттардан ластанған.
Тимур ұстазының жетекшілік етуімен осы мәселені қаузап, тереңірек зерттей бастады. Бурабай курорттық аймағындағы көлдердің де ластану себептерін саралады. Суды қайтарымсыз алу, су жинау алаңының өндірістік және тұтыну қалдықтарымен, жағалау белдеулері мен жағажайлардың қоқыстармен ластануы – басты себептің бірі. Бұл факторлар булану үдерістерімен бірге көлдердің температурасының өзгеруіне әкеледі. Температураның жоғарылауы су өсімдіктерінің дамуына ықпал етіп, соның салдарынан шөгінділер көбейіп, су сапасы нашарлай түседі.
– Осы мәселелердің шешімі ретінде біз су нысандарын жоғары тиімділікпен тазартуға қабілетті роботты ұсынамыз. Робот су бетіндегі сыртқы қоқыс пен лайды жинауға негізделген, – деп ой бөлісті Тимур Рябов.
Роботты сынау Бурабай ауданының аумағындағы Забой көлінде жүргізілді. Негізгі материал үшін пеноплэкс пен синтетикалық мата таңдалды.
– Роботқа біз Arduino Uno негізіндегі mCore чипін оның қолжетімді бағасы мен мүмкіндіктеріне байланысты таңдадық. Басқару коды моторлармен Arduino тілінде жазылған, – деп толықтырды сөзін жоба жетекшісі, «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Олжас Қадыров.
Қозғалтқыштар ретінде өнертапқыштар Arduino жиынтығынан тұрақты тоқ қозғалтқыштарын таңдады. Небәрі 6 вольтты тұтынатын 800 gf қозғалтқышының жоғары шегі өте жақсы жұмыс істейді. Тимур осы жұмысын республикалық конференцияның «Өмірлік ортаның экологиясы» секциясында көпшілік назарына ұсынып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Сарапшылар жобаға жақсы баға берумен қатар, роботты күн панельдері, жел генераторлары және GPS жүйесімен жабдықтауды ұсынды. Бұл өнертабыстың мүмкіндігін едәуір кеңейтетіні анық.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы