Еңбек • 20 Қыркүйек, 2023

Қайрат қиындықты жеңеді

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам ықылас қойса, кез келген кәсіпті меңгеруі мүмкін екен. Тек тұла бойында осыны үйренсем деген ниет болса болғаны.

Қайрат қиындықты жеңеді

Бұл күнде адал еңбегінің арқа­сында әріптестерінің құрме­тіне бөлен­ген Асхат Даханов Степ­но­­гор мойынтірек зауытына сонау 2007 жылдың қараша айында жұмысқа орналасқанында көп жайдың ретін біле қоймайтын. Әуе­лі станоктар мен автомат­тан­дырылған желінің реттеушісі болып орналасты. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, аз ғана уа­қыт­тың ішінде өзіне бұрын бей­мәлім өндірістің тынысын бір кісі­дей ұғып алғаны. Асылында, кез келген техниканың тілін мең­геру үшін өзін-өзі қамшылап, алға ұмтылса жетіп жатыр. Ын­талы жанның тұла бойындағы жа­лын атқан қайрат-жігері жол-жөнекей кездескен қиындықты жеңетініне бүгінде өзі кәміл сенеді. Әрқилы сызбалардың сырын ұғып, небір күрделі құрылғылардың қыр-сырын меңгеру де анау айт­қан­дай көп қиындық емес еді. 2008 жылдың қазан айында екінші разрядты қаптаушы бо­лып ауысты. Арада екі жыл өткен соң мойынтіректерді жинайтын учаскенің слесарі болып еңбек ете бастады. Өз ісін барынша тия­нақты, тыңғылықты атқа­ра­тын Асхат Жүрсінұлының алға ұмтылысы, білмекке құмарлығы басшылардың көзіне түспей қалған жоқ. 2015 жылы осы кәсіптегі ең жоға­ры болып саналатын төртінші разрядқа ие болды.

Күн сайын қарбаласқан жұ­мыс­­тан қолы қалт еткенде туған жері туралы көп ойланатын. Пав­ло­­дар облысының Ертіс ауда­н­ын­­да туғанымен, Қызылағаш ауы­лында ер жеткен. Сілеті өзе­­ні­нің жағасындағы осы бір шоқ жұлдыздай ауыл бейнесі көкі­ре­гін қыздырып, санасына қайта-қайта орала береді. Ат жа­лын тартып мінгенде өтпелі кезең­­нің өкпек желі ауылдағы ағайынды тоңдырып-ақ тұр еді. Әуелі мал баққан. Орман-тоғайдан ада, көз ұшында сары сағым кілкіп тұратын сайын дала. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, кеңшарлар тарап, қоғамдық малды бартер деген «тажал» жұтты. Ендігі арада ел ішінен екі қолға бір күрек табыла қоймайтын сыңайлы. Келешегі алда жас болғандықтан, қилы-қилы ойдың қаумалап келіп, зілмауыр салмағымен баса бергені. Ақыры нар тәуекелге бел буған. Степногор қаласындағы кәсіби-техникалық училищеге оқуға түсті. Электрмен дәнекерлеуші мамандығын игермек. Іштей өзі осы қалауын құп көрген. Қазақ бала­сының маңдайына мал ба­ғу­­ды ғана жазып қойған жоқ шы­ғар. Өзге жұрт тыным таппай иге­ріп, ұшпаққа шығып жатқан мамандықты мең­геріп, шын шебері атанса, қа­не­кей! Асхат Жүрсінұлы адам кез келген мамандықты мең­гер­­геннен кейін өз саласының шынайы шебері болуы керек деп есептейді. Сонда артыңнан табыстың өзі бұйдасынан жетектеген тайлақтай бұлғақтап еріп өзі келеді. Айталық, ел ішін­де әлдекімнің жылу жүйесін дә­не­керлеп, тартып бердің екен дейік. Ешбір кемістігі жоқ, атқан оқтай түзу түскен жылу жүйесін көрген адам үй иесінен мұны кім істеді деп тақақтап сұрамай ма? Тозығы жеткен техниканы жөн­десең де, жұмыс нәтижесін көр­ген тракторшы қолынан іс келе­тін шебер екенін қапысыз танып, дерегіңді сұрап алары анық. Демек, қатардағы біреу емес, оза шап­қан шын шебер болуың керек. Ал шеберлік –машықпен серік.

Шаңырақ көтерді. Енді отба­сын ештеңеден тарықтырмай, қам­тамасыз етуі керек. Бұл да қо­сымша жауапкершілік жүктеген. Әрі бір орында тоқырап қалу таби­ғатынан жат. Қайнаған өнді­рістің ішінде жүргеннен кейін тұтас жүйені білген жөн. Осы­лайша, аз уақыттың ішінде Асхат Жүр­сінұлын зауыт жұмысшылары бесаспап маман ретінде таныды. Білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін өсіруге мұқият ден қоятын жас маман тәртіп пен жауапкершілікті де жас жанына серік еткен. Өзі үй­реніп қана қоймай, өкшесін басып келе жатқан жастарды да үйретуге, білме­генін айтып жіберуге ынтық. Осылайша, жаңа буынның кәсіби деңгейінің өсуіне аянбай атсалысып келеді.

Шынайы шебердің шын ықы­ла­сын көрген зауыт басшылары да ын­таландырып отыруды ұмы­тқан емес. 2016 және 2022 жыл­дары адал еңбегі үшін алғыс­қа ие болды. Цехтың үздік жұмыс­шысы ретінде суреті Құрмет тақтасына ілінді.

– Асхат Жүрсінұлы – өз ісінің нағыз бесаспап маманы. Кісілік келбеті де, адамгершілік ажары да мақтауға лайық, – дейді мойынтірек жинақтау цехының басшысы Дмитрий Протасевич.

Айтпақшы, Құрмет тақтасы бүгінде көзге көп түсе бермейді. Асы­­лында, жалпақ жұртты жұ­мыс­қа жұмылдырудың, абыро­йын асқақтатудың әдемі әдісі еді. Алдынан жұмыс үркіп тұ­ра­тын Асхат Жүрсінұлының Құрмет тақтасындағы бейнесі адам еңбе­гімен ардақты екендігін ұқты­рып тұрғандай.

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы