Саясат • 20 Қыркүйек, 2023

«Mastercard»-пен келісім жасалды

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында қол жеткізілген ерекше келісім­дердің бірі – «Mastercard»-тың Қазақстан нарығына кіруі болды. Мемлекет басшысы «Master­card» компаниясының атқарушы вице-прези­денті Никола Вилламен кездесуде қаржы сек­торын, IT саласын дамыту, сондай-ақ шағын және орта биз­нестің цифрлық құзыретін арттыру бағыт­та­рындағы ынтымақтастық перспективаларын тал­қылады.

«Mastercard»-пен келісім жасалды

Президент «Mastercard» компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбас­шы­лардың бірі саналатын компания бүкіл Орталық Азия аймағы үшін банк секторындағы бизнес пен адами капиталды дамытуды жоспарлап отыр.

Никола Вилланың айтуынша, Қазақстанның цифрландыру, электронды үкіметті және қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне «Mastercard» филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Президентке «Mastercard» компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда Strive бағдарламасын іске қосатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағдарлама елімізде бизнесті цифрландыруға, 300 мыңнан аса шағын және орта бизнестің біліктілігін арттыруға көмек көр­се­теді.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуын­ша, «Mastercard» халықаралық төлем жүйесімен жа­сал­ған ынтымақтастық туралы келісім – отандастар үшін маңызды оқиға.

«Оның себебін түсіндірейін. «Mastercard» сынды халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату бізге инвестициялар тартуға, білікті мамандар даяр­лау­ға, ішкі жалпы өнімді ұлғайтуға және тұрақты эко­номикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді», дейді министр.

Министрдің сөзінше, екіжақты ынтымақтас­тық­тың арқасында GovTech қазақстандық моделі ілгерілеп, түрлі саладағы төлемдерді цифрландыру есебінен қаржылық қызметтерге қол­жетімділік аясы кеңейеді. IT-экспортты, электрон­дық коммерцияны, ШОБ-ты цифрландыруды, финтех экожүйесін ілгерілету және дамытуға жол ашылады. Іргелі келісім «ақылды қалалар» бағдарламасына қолдау жасап, киберқауіпсіздікті қам­тамасыз ету және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл­ды жүргізу арқылы қауіпсіз және тұрақты цифр­лық экожүйені құруға жәрдемдеспек.

«Қазіргі таңда «Mastercard» бүкіл әлем бойынша 210 елде және аумақтарда бар екенін атап өткім келеді, онда үкіметтерге көптеген секторда пайда әкелетін өсу сала­ларына бағытталған 1 600-ден аса әртүрлі үкі­мет­тік жобаны жүзеге асыруға арналған ауқым­ды технологиялық платформа мен цифрлық активтерді пайдаланады», дейді Б.Мусин.

19 қыркүйек күні Алматы қаласы әкімінің орын­басары Әлішер Әбдіқадыров пен Шығыс Еуро­па аймағы бойынша «Mastercard» бөлімшесінің прези­денті Ясемин Бедир цифрлық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ынтымақтастық үшін бірқатар бағыттарды, соның ішінде қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінде инновациялық шешімдерді енгізуді айқындады.