Егемен Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2023

БАҚ саласындағы байланыс нығаяды

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар «Қазақ газеттері» серіктестігі­нің бас директоры Дихан Қамзабекұлымен кездесті. Тараптар ақпарат саласындағы байланысты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

БАҚ саласындағы байланыс нығаяды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына арнайы келген мәртебелі мей­ман Иран мен Қазақстан ара­сындағы байланыстың тарихы тереңде жатқанын айтты. Әрі қазір сол байланыстың әлеуе­тін толық пайдалана алмай отыр­ғанымызға қынжылыс білдірді.

«Отыз жыл ішіндегі дипло­ма­тиялық байланыстар барысын­да біздің елдер арасында ешқан­дай түйткілді мәселелер болған емес. Оның үстіне екі мемлекет Каспий теңізі арқылы шекараласып жатыр. Мәдениетімізде де ортақ дүние­лер көп. Сондықтан Иран мен Қазақстан арасындағы байланыс­ты барынша жақсартуға бейілдіміз. Достығымыз бен бауырлас­ты­ғымыз тереңге бойласа да, қазір сол әлеуетімізді толық пай­далана алмай отырғанымыз өкі­нішті. Мәселен, ирандықтар басқа елдермен салыстырғанда Қазақ­стан­ға өте сирек келеді. Сол секіл­ді Қазақстан тұрғындары да біз­дің елге аз қатынайды. Айталық, алыс-берісіміз бен барыс-келісіміз аса мықты болмаса да, алыс­тағы Мажарстанда  2 мыңнан астам ирандық студент білім алады. Ал іргемізде тұрған Қазақстанда оқып жатқан ирандық студенттер 20 шақты ғана. Сондықтан елдерімізді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап, өзара байланысты нығайтуға күш салсақ дейміз. Бұл жерде басылым­дар­дың рөлі өте зор», деді Әли Акбар Джоукар.

Өз кезегінде Дихан Қамза­бекұлы «Қазақ газеттерінің» бүгінгі жай-күйімен таныстырып, тарихы тамырлас қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

«Қазақстан мен Иран арасын­дағы байланыстың қазіргіден де жақсара, жандана түскенін құптаймыз. Күні кеше ғана АҚШ-та біздің елдердің басшылары кездесті. Мұны жақсылыққа балап отырмыз. Оның үстіне еліміздегі бас газеттің редакциясына арнайы келіп, осы кездесуге өзіңіздің бастамашы болғаныңызға ризамыз. Жалпы, біздің серіктестікке қарасты басылымдарда Шығыс өркениетіне, оның ішінде Иран мәдениетіне қатысты тұщымды мақалалар жиі жарияланып тұрады. Алдағы уақытта да осы бағыт­та сериялық мақалалар ұсыну­ды жоспарлап отырмыз. Игі бастамаға сіздер де атсалыс­саңыз­дар деген тілегіміз бар. Өйткені оқырман қауым қазіргі жаңарған Иранның жағдайымен жақын танысқысы келеді. Сол секілді сіздер арқылы біз де өз елімізді иран­дықтарға насихаттасақ деген тілегіміз бар. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтар арасындағы сенімді күшейтеді», деді Дихан Қамзабекұлы.

Жылы рәуіште өрбіген кездесу барысында тараптар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы байланысты одан әрі нығайту туралы келісімге келді.