Қоғам • 22 Қыркүйек, 2023

Жаңа жолаушылар вагоны жолға шықты

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі су жаңа отандық вагондармен толықты. Кейінгі 10 жыл көлемінде ұлттық тасымалдаушының техника паркі 50 пайызға дейін жаңартылды.

Жаңа жолаушылар вагоны жолға шықты

Бұл вагондарды Петропавл қала­сындағы отандық «ЗИКСТО» зауыты жасап шығарды. Елордаға заманауи үлгіде жасалған плацкарт және купе  вагондарының бірінші партиясы да жеткізілді. Бұл вагондар «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Маңғыстау», «Атырау – Ақтөбе» бағыттары бойынша жүретін пойыздар құрамында жолға шығады.

Жолаушылар сапарының жайлы­лығын қамтамасыз ету үшін вагондар ауаны баптау қондырғысы, тазарту сүзгілері, түтін сезбегі, био­дәрет­ханалармен, там­бурлардағы бейне­бақылау жүйе­сімен жабдықтал­ған. Әр купеде электр көзі мен USB қосқыш­тары да қарастырылып отыр. Тиісті нұс­қаулық бойынша пайдалана білсек, вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жарамды. Жайлылығы мен техникалық өлшемдері жағынан анау-мынау шетелдік бәсекелестерін шаң қаптырып кететін отандық вагондар өндірісі мұнымен шектелмек емес.

Алдағы қазан айының соңына таман «ЗИКСТО» зауыты ұлттық тасымал­даушыға тағы да 50 вагонды, ал келесі жылдың басында тағы 100 жолаушы вагонын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2030 жыл­ға дейін «Stadler» компаниясынан 537 жо­ғары технологиялық вагон сатып алу көзделіп отыр. Соның арқасында сал­дырлап, қаңқасын әзер сүйретіп жүрген көнетоз вагондар­дың біразымен қош айтысамыз.

Тасымал паркін жаңарту бойынша барлық жоспарланған іс-шара­ны ескере отырып, 2030 жылы вагон­дардың орташа шыққан жылы 18-ден 13-ке дейін төмендейді деп жоспарланып отыр. Бұл ретте вагондардың ауаны баптау жүйесімен қамтамасыз етілуі 100%-ды құрайды.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, кейінгі он жылдың бедерінде компания қауіпсіздік, жайлылық және эколо­гиялық тазалығы бойынша заманауи халықаралық талаптарға жауап беретін 1200-ден астам вагон сатып алыпты.