Сенат • 23 Қыркүйек, 2023

Сенат Төрағасы Әкім Таразиды мерейтойымен құттықтады

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің 90 жасқа толуымен құттықтауын Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Сенат Төрағасы Әкім Таразиды мерейтойымен құттықтады

maulen_ashimbayev

Жоғарғы палата жетекшісі  ұлт руханиятының абыз ақсақалына амандық пен бақ-береке тілеп, мерейтой аясында ұйымдастырылған «Толғауы 90 Тарази» атты іс-шарада  Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақта әдебиетсүйер қауымның жүрек төрінен еркін орын алып, қалың оқырманның ықыласына бөленген қаламгерлер аз емес. Солардың бірі де бірегейі биыл торқалы тоқсан жасқа толып отырған көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази екені анық.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Әкім Тарази қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарының кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білген жазушы.

Шын мәнінде, Әкім ағаның әр туындысы – әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қымбат қазына. Бұл ретте «Жаза», «Шер», «Қиянат», «Тасжарған» сияқты романдарды ерекше атап өткен жөн. Мұстафа Шоқайдың өмір жолына арналған іргелі туынды да біртуар тұлғаның ұлт тарихындағы орнын жаңа қырынан тануға жол ашты. Сондай-ақ Әкім Таразидің бірегей пьесалары қазақ театрын жаңа белеске шығаруға үлкен үлес қосқанын айта кеткен абзал. 

Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та ұлттық рухқа табан тірейтінін аңғарамыз. Елдік мүддені көздейтін мұндай туындылар ешқашан ескірмейді және қай кезеңде де оқырманын жоғалтпайды», деп жазған  М.Әшімбаев қазақ әдебиетінің қара нарына зор денсаулық тілеп, халықтың ықыласына кенеле беруіне тілеулестігін білдірді.