Ұлттық спорт • 24 Қыркүйек, 2023

Ат үстіндегі арулар

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыз қуу, садақ ату, теңге ілу сынды ұлттық ойындардың көрігін қыздырып, жалауын желбіретіп жүрген арулардың тұяғымен жер тарпыған тұлпардың үстінде емін-еркін өнер көрсетулері «Ғұндар» этно­ауылына келген туристердің көзін қызықтырып қана қоймай, ұлттық өнеріміздің қыр-сырына қанықтыра түсері ақиқат.

Ат үстіндегі арулар

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабеков

Асқақ Алатаудың көрікті табиға­тының төсінде ат тұяғын дүбірлетіп жүрген қыз-жігіттердің шеберлігі талайды тәнті етіп келеді. Ат жалында ойнайтын жастардың дені Талғар ауданының Рысқұлов, Береке ауылдарынан болса, арасында алматылық арулар да бар.

«Бүгінде көпке мәлім «Ғұндар» этноауылына келіп демалушыларға ұлттық салт-дәстүрлермен бірге, ұлттық ойындар, соның ішінде ат спортын тамашалауға мүмкіндік жасалған. Этноауыл басшысы Асылхан Мыр­забекқызының ұйытқы болуымен 2017 жылдан бастап «Сарбаз рухы» деген атауға ие команда жасақталып, ұлттық өнерімізді көрсетумен айналы­сып келеміз. Команда сапындағы ойыншылар саны 100-ге жетті. Олардың құрамында еліміздің әр түкпірінен келген атсүйер спортшы жастар бар. Мақсатымыз – жастарды ат спортына баулу, уақыттарын тиімді өткізуге атсалысу», дейді команда жат­тықтырушысы Қуан Сопыбеков.

Ат спортына әуес жастардың тақымы қатайып, тәжірибесі шыңдалған соң оларды еліміздің әр аймағындағы түрлі ұлттық ойын-сауықтарға қатыстыру, оған қоса шетелдерге шығару жүйелі түрде жолға қойылуы команда құрамын қанаттандыра түсті. Ат жалында ойнайтын 18 бен 25 жас аралығындағы қыз-жігіттер найза лақтыру, садақ ату, теңге ілу, қыз қуумен қатар, ат үс­тінде түрлі ойын өрне­гін құруға әбден ма­шық­талған.

«Командамыздағы алматылық Ай­сел Аманғалиева, Аружан Тоқтар­бек, Райымбек ауданынан келген Диана Жағалбаева секілді арулардың ат үс­тінде өнер көрсететін шеберліктерінде мін жоқ. Жүректі қыздарымыз ат құ­лағында ойнағанда талайдың таң­дайын қақтырып келеді. Біз олармен әр­дайым мақтанамыз», дейді талантты жас Біржан Сағымжан.

Ендеше «Ғұндар» этноауылындағы ұлттық спорттың мәйегіне айналған «Сар­баз рухы» командасына сәттілік тілейміз.

 

Алматы облысы