Шаруашылық • 24 Қыркүйек, 2023

Есте қалар Егінжай

235 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Егін – елдің ырысы. Жетісу аграрлы өңір болған соң, әуелі осы салада сыналады. Мемлекет басшысы да облысқа сапарында жері құнарлы өлкенің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор екенін айтқан еді. Әсіресе қант қызылшасын молырақ өсіруді тапсырған болатын. Сол мақсатта Қаратал ауданында «Конвизо Смарт жүйесі бойынша қант қызылшасын өсірудің озық технологиялары» тақырыбында Егінжай күні аталып өтті.

Есте қалар Егінжай

Қаратал – тәтті түбір өсіруден облыстағы озық аудандардың бірі. Сондықтан айтулы шара Қанабек ауылындағы «Гладиус Қаратал» ЖШС қант қызылшасы егістігі ал­қабында ұйымдастырылды. Жи­ынға аудан, қала әкімінің орын­­басарлары, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары бөлімінің басшылары, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекеттік органдар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалы, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты, қаржы ұйымдарының филиалдары, «Агрохимия қызметі респуб­ликалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ-ның оңтүстік-шығыс өңірлік филиалы, қант қы­зылшасының тұқымын, мине­ралдық тыңайтқыштар мен пес­тицидтерді, ауыл шаруашылығы техникалары мен су үнемдеу тех­но­логияларын жеткізуші ком­па­ниялардың өкілдері қа­тысты. Сонымен бірге шаруа­шылық құрылымдарының жетекшілері шақырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, биыл Гер­мания, Франция және Америка елінің тұқым өндірушілерінен қант қызылшасының тұқымы әкелінген, соның басым бөлігі – «Конвизо Смарт» гибриді. Оны 15 шаруа қожалығы барлығы 820 гектар жерге сепкен. Жалпы, қызылша өсіруде озық тех­нологияны пайдаланбау, шағын шаруашылықтарда ауыс­палы егістікті сақтамау, қа­жет­ті мөлшерде минералды ты­ңайтқыштарды енгізбеу, терең сү­дігер көтермеу сияқты кемші­ліктер гектар өнімділігі мен тиім­ділігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Жиында осы мәселені шешу жолдары қарастырылды.

Жиналғандар алдымен қант қызылшасы алқабы мен ауыл ша­руашылығы техникалары көр­месін тамашалады. Онда қа­жетті тұқым мен минералды ты­ңайтқыш түрлері сөрелерге қойылып, жиналғандардың на­зарын аударды. Сонымен бір­ге шаруаларға заманауи үл­гідегі жаңа техникалардың әр түрі таныстырылып, оған қа­лай қол жеткізуге болатыны және ерекшеліктері жайында әңгі­­меленді. Мәселен, аталған ша­раға арнайы келген бірнеше ком­пания өкілдері өздерінің не­гізгі атқаратын қызметтері ту­ралы айтып, жаңа техникаларын көпшілік назарына ұсынды. Со­лардың қатарында «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясы да бар.

«Біздің компанияның Қа­зақстанда жұмыс істеп келе жат­қанына 25 жылдан асты. Ел бойынша 14-тен аса филиал қызмет көрсетеді, орталығы Ас­тана қаласында орналасқан. Тал­дықорған қаласындағы филиалда биыл сервис орталығы ашылды. Онда тек техникаларды ғана емес, сондай-ақ қосалқы бөлшектерді де сатып алуға және арнайы мамандардың көмегімен ақауы бар техникаларды жөндеуге жағдай қарастырылған. Осы уақыт аралығында еліміздегі бірталай шаруашылық иелері біздің техникалардың күшімен жұмыстарын жандандырып, өнімділіктерін арттырып жатыр. Бізде топырақ өңдеуден бастап егін оруға дейінгі аралықтағы ауыл шаруашылығы техникалары бар. Көрмеге суаратын, өнім тиейтін, дәнді-дақылдарды дәрілейтін техника түрлері мен тракторлар, сепкіштер және комбайндар қойылды. Бұларды қазір көптеген шаруа қожалықтары пайдаланып келеді. Ерекшелігі сол, жұмысты жеңілдетіп, уа­қытты үнемдейді, істі жылдамдатып, өнімділікті молайтуға мүм­кіндік жасайды. Жаңа тех­никаларға қол жеткізудің әр­түрлі жолы бар, соның бірі – ли­зинг. Яғни мұндай жолмен са­тып алу шаруашылық үшін әл­деқайда тиімді», дейді қосалқы бөлшектерді сату жөніндегі маман Ернат Дюсенбеков.

Сондай-ақ жиынға болашақ агрономдар да қатысты. Аталған маманның ауыл шаруашылығы саласында атқаратын рөлі ұшан-теңіз. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде агрономия мамандығы бойынша білім алып жүрген Аяулым Шаб­ден мұны жақсы біледі. Ол бүгінде 4-курс студенті, оқуын аяқтаған соң мамандығы бо­йынша жұмыс істеп, ауыл ша­руа­шылығы саласының дамуына үлес қоспақ ниетте. Осы білім ордасының оқытушы-дәріскері, биология ғылымдарының кандидаты Айжан Ақмолаеваның сөзінше, қазіргі таңда агроном тапшы. Сол себепті қазір осы маманға деген сұраныс жоғары. Осыған байланысты аталған университетте 2019 жылдан бас­тап агроөнеркәсіптік кешендерге, ауыл шаруашылығы кә­сіп­орындарына агроном ретінде жоғары білікті мамандар даярлану үстінде.

Ал іс-шара өткізіліп отырған Қаратал ауданындағы егін шаруа­шылығының жай-күйі туралы аудандық ауыл шаруашылығы бө­лімінің басшысы Данияр Кә­кімов қысқаша айтып берді.

«Өңірдегі шаруашылықтарда қызылша жинау жұмыстары қыза бастады. Солардың бірі – «Гладиус Қаратал» ЖШС. Бұл қожалықта қазір жалпы 300 гектардан аса суармалы жер бар. Биыл соның 150 гектарына сапасы жоғары, шөптеу жұмысын қажет етпейтін «Конвизо Смарт» гибриді себілді. Нәтижесі ойда­ғыдай. Оған атбасындай қызыл­шаның жер бетіне өсіп шыққаны дәлел. Әр гектарынан 100-130 тонна өнім алынады деп сенеміз. Шаруашылық ауыспалы егіс жүйе­­сін сақтауға ерекше көңіл бө­леді. Шаруашылық иесі баға­лы дақылға арналған алқап көле­мін келесі жылы одан сайын ұлғай­туды ниет етіп отыр», деді.

Көрмеден соң семинар өз жұмысын бастады.

Жиынды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев ашып, күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныс­тырды. Өз кезегінде ауыл ша­руа­­шылығы ғылымдарының кан­дидаты Әбіл­қайыр Бек­сұл­­танов, «Гладиус Қаратал» ЖШС жетекшісі Ра­хим Ка­ри­мов, «Флоримон Депре» ком­­паниясының өкілі Ана­то­лий Тен және Жамбыл облысы «Әулиеата» қант қызылшасы ассо­циациясының төрағасы Саха Манатов, басқа да азаматтар сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы да­қылдарынан жоғары өнім алуда топыраққа тыңайтқыштар беру, жерді сапалы түрде дайындау, тұқымды уақытылы себу, сапалы өнім алу жұмысын жүргізудің қыры мен сырын, әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Мамандар қант қызылшасы өндірісі мен мемлекеттік қол­даулар, оны өсіруде жаңа технология – «Конвизо Смарт» гибридінің тиімділігі, қол күшін­сіз жоғары өнім алу, су үнемдеу тех­нологияларын пайдалану, био­инженерия селекциясы туралы және егіс көлемінің артуына байланысты қант қызылшасы ба­ғытындағы ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеушілігі байқалып отырғанын айтты. Бұған қоса олар заманауи технологиялар мен сапасы жоғары тұқымдарды қолданудың нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарына 100 тоннаға дейін қант қызылшасы өнімін жинап алып жатқанын, яғни бұл шаруашылықтарды жыл сайын қажетті тұқымдар мен минералды тиыңайтқыштар және арзандатылған жанар-жағармай, қаржы ресурстарымен мемлекет пен қант зауыты тарапынан қолдаулардың жемісі екенін сөз етті.

Ең соңында Нұрдәулет Са­ғадиұлы ауыл шаруашылығы аймақ­тағы маңызды эконо­ми­калық салалардың бірі еке­нін айтып, әсіресе басым да­қыл­дардың көлемін арттыру, қайта өңдеу саласы әлеуетін ұл­ғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге көңіл бөліп, осы бағытта бірлесе жұмыс атқарудың ма­ңыздылығын түсіндіріп, ой қо­рытты.

 

Жетісу облысы