«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Замандар тоғысып, ақпараттық алаң кеңейген тұста қоғамдық санада, өскелең ұрпақ бойында еңбек культін орнықтыру маңызды. Бүгінгі іс-шара осы мақсатта ұйымдастырылып отыр», деген әкім орынбасары жастарды жұмыспен қамту, қолдау үшін облыста қолға алынған іс-шаралар тізбегін атап өтті.
«Жастардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастыру, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда өңірдің 331 жас азаматы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие алды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 375-ке жетеді деп жоспарланған», деді әкімнің орынбасары.
Сондай-ақ ол салтанатты іс-шарада республикалық «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздарын марапаттады. «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша Қонаев қаласына қарасты Арна ауылындағы №11 орта мектептің мұғалімі Антонина Мықтыбаеваға облыс әкімінің марапаты мен сертификатын табыс етті.
«Филип Моррис Қазақстан» ЖШС-ның оқыту өндірісі және инженерлер тобының жетекшісі Айжан Жүнісова «Өндірістің үздік жас маманы» аталымын жеңіп алса, «Мойнақ ГЭС» АҚ-ның кезек бастығынан орталық басқару пунктінде станса бастығына дейін өскен Думан Салимахунов «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымының жеңімпазы атанды.
Жастық жігер, білім-білігімен дараланып, өз саласының үздіктері атанған бірқатар жас маман да бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл күні еселі еңбек иелеріне эстрада жұлдыздары ән-шашу тарту етіп, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Алматы облысы