Қоғам • 24 Қыркүйек, 2023

Медиация – дауды шешуге дәнекер

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз – әу бастан сөзге тоқтаған халықпыз. О бастан аталы сөздің парқын біліп, нарқын айырған. Қара қылды қақ жарып, турасын айтар билердің бір ғана сөзімен талай дау келісіммен шешілген. Кешегі араағайындық бүгін медиация деген атаумен заңды жалғасын тауып отыр.

Медиация – дауды шешуге дәнекер

Сөзге тоқтау, ымыраға келу қазақта бұрыннан бар тәрбие. Медиация 1947 жылы АҚШ-та енді ғана пайда болып жатқанда, турасын айтар билер соты бізде орта ғасырлардың өзінде-ақ қолданыста болған. Ол туралы орыс ғалымдарының еңбектерінен оқуға болады. Л.Словохотов «Билер соты – асқан әділет соты» десе, А.Леонтьев «Бидің билігі – жұрттың бірлігі», «Билік айтқан би емес, бітім тапқан би болар», деп тамсана жазған екен. Осыдан-ақ ұлтымыз сөз құдіреті мен заң құдіретін сақтап қалғанын аңғаруға болады. Сол сияқты атадан қалған «Ұлық болсаң, кішік бол», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Даудың мұраты – бітім», «Кешіру – айыпты өшіру» деген сынды мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазір біз «медиация» деп атап жүрген мәміле жолы билер соты, ақсақалдар алқасы, қазылардың жалғасы іспетті. Билер мен ақсақалдар мәселенің ақ-қарасын ажыратып, шешімді өздері шығарған болса, бүгінде медиаторлар тек татулыққа бастайтын үшінші тарап болып отыр.

Қазір дауды оңтайлы шешуге тырысатын медиацияға жүгінетіндер қарасы көбейген. Мұны Астана қаласындағы Татуласу орталығының бас маман-статисі Диана Тұрсынқызы да растап отыр. Маман келтірген дерек бойынша 2023 жылдың 4 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемеге 5 мыңнан аса іс түскен. Соның 2574-і медиациялық жолмен, яғни келісімге келумен аяқталған. Мұнда көбінде отба­сылық мәселелер, қарыз беруші мен қ­арыз алушының арасындағы қарым-қаты­настар, банктер мен микроқаржы ұйымдар арасындағы даулар шешімін табады.

Медиаторлармен әңгімелесе келе, талап-арыздың басым көпшілігі ажырасу, татуласу мәселесіне қатысты еке­нін аң­ғардық. Ұлттық статистика бюро­сы­ның 2022 жылғы мәліметінше, 2021 жылмен салыстырғанда тіркелген ажырасулар саны 7,7 пайызға азайып, 44,5 мың ажырасуды құраған. Ажырасудың көпшілігі қалалық жерде тіркеледі екен. Былтыр қалаларда 33,2 ажырасу (74.6%) тіркелсе, ауылдық жерлерде бұл сан – 11,3 (25.4%). Ажырасудың ең жоғарғы көрсеткіші Астана қаласына «тиесілі», себебі елордада ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 3,24-ке тең. Ал ең төменгі ажырасу Түр­кістан облысында – 1000 тұрғынға шақ­қанда 0,98 оқиғаны құрады. Киелі өлкеде 1000 некеге 347 ажырасу келеді. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,27 пайызды құрайды. Елімізде ажырасу белең ала бастағанын байқаған сәттен Жоғарғы сот «Отбасылық сот» атты қанатқақты жобаны қолға алған еді. Бастаманың мақсаты – күйзеліске түсіп, тығырыққа тірелген жұптың жақсылап ойланып, отбасын ойран етпеуіне ықпал ету. Осы орайда, шаңырағы шайқалған жұптарға құқықтық және психологиялық қолдау көр­сетіледі.

«Өкпе-реніш, ашу-ыза бар жерде екі тарап бірін-бірі естігісі келмейді. Әркім өзінікін дұрысқа балайды. Жеңілгісі келмейді. Сонда махаббат, сенім, сезім жүрек түкпірінде бір ғана қадамнан үміт күтеді. Біз сондай жағдайда олардың жан дүниесін түсінуге тырысамыз. Өзара сөйлесе алмаған жұптардың әңгімесін тыңдап, жан дүниесіне үңілеміз. Отбасын сақтап қалуға бар ынтамызбен көмек беруге ұмтыламыз, бағдар береміз, кеңес айтамыз. Содан олар ойлана келе қайта табысып жатады», деді медиатор-метафизик Анар Кенжеханқызы.

Маманның айтуынша, ажыраспас бұрын отбасына татуласу үшін негі­зін­де бір ай уақыт беріледі. Алайда ол әр жағдайда түрлі мерзімде шешіледі. Қатені түсіну, қабылдау, кешіру үшін әркімге әртүрлі уақыт қажет. Ал кәсіби медиатор Берік Көпбайұлы былтырдан бері 6 мыңнан аса адаммен ажырасу мәселесі бойынша әңгімелескенін айтты. Соның ішінде ол 300-ден аса отбасыны татуластырған. «Елімізде әлеу­мет­тік мәселелер дұрыс шешілмеген. Ажырасудың басым бөлігі осы себепке байланысты. Жастардың тұрғын үй мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Еңбекақы көп жерде төмен. Ұрыс-ке­ріс­­тің көпшілігі осыдан басталады. Мұн­дайда жастарға түрлі жүрекке же­тетін сөздер айтып, иландырып, тату­лас­­тыруға тырысамын», деді ол.

Қарап отырсақ, сот жүйесінің жұмы­сын оңтайландыруға арналған жоба біршама отбасыны табыстырыпты. Тіпті болмағанда екі жаққа да тиімді ке­лі­сімдер жасалған. Дауды тоқтатқан бітім тек игілікке дәнекер болсын деп тілейміз.