Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі операцияның мақсаты әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және республиканың конституциялық құрылымын қалпына келтіру екенін мәлімдеді. Ал Таулы Қарабақтағы сепаратистерге қарусыздану және Арменияға әскери техникасын аймақтан толық шығару талабы қойылды.
Баку билігі осы шарттар орындалғанша әскери операцияны жалғастыруға бел буған. Бірақ бір күннен кейін, 20 қыркүйек күні таңертең өңірде билікті қолына ұстап отырған тарап тоқтату және толық қарусыздандыру туралы шешім қабылдады. Көп ұзамай Әзербайжан Қорғаныс министрлігі «антитеррорлық шараларды» тоқтату туралы келісімге сағат 13.00-де қол жеткізілгенін растады.
«Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Ресей бітімгершілік контингенті жеткізген Қарабахтағы армян тұрғындары өкілдерінің өтінішін ескеріп, 2023 жылғы 20 қыркүйекте сағат 13.00-де лаңкестікке қарсы жергілікті шараларды тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін хабарлайды», делінген хабарламада.
Саланың мәліметіне сай, антитеррорлық шаралар бірқатар талапты орындауға берілген уәдені ескере отырып тоқтатылған. Қарабақтағы армян қарулы күштерінің құрамалары елден шығарылуға, ондағы заңсыз қарулы құрылымдары таратылуға тиіс. Сарбаздар позициялар мен әскери бекеттерді тастап, толығымен қарусыздануы керек. Сонымен қатар бүкіл қару-жарақ пен ауыр техника тапсырылады. Мұны жүзеге асыру Ресей бітімгершілік контингентімен келісе отырып қамтамасыз етілмек.
Қарабақтағы атысты тоқтату келісімін Ресей Қорғаныс министрлігі де растады. Ведомствоның хабарлауынша, Ресей бітімгершілік күштері арағайындығымен Әзербайжан мен Таулы Қарабақ өкілдері атысты толық тоқтатуға уағдаласты.
«Ресей бітімгершілік контингентінің басшылығының көмегімен Әзербайжан жағы мен Таулы Қарабақ өкілдері арасында соғыс қимылдарын толық тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл келісімдерді жүзеге асыру ресейлік бітімгершілік контингентінің атсалысуымен жүзеге асады», делінген Ресей Қорғаныс министрлігі таратқан құжатта.
Армения тарапы да Таулы Қарабақ пен Әзербайжан арасындағы келісіммен танысқанын хабарлады. Дегенмен уағдаластыққа келіспейтін тұсы бар екенін жеткізді. Премьер-министрі Никол Пашинянның айтуынша, Армения қарулы күштері 2021 жылғы тамыздан бері Әзербайжан аумағынан шығып кеткен. Дегенмен Таулы Қарабақ билігінің келісімін қабылдайтынын атап өтті.
Ал бейсенбі күні Евлах қаласында Әзербайжан билігі өкілдері мен Таулы Қарабақтан келген армяндар делегациясы арасында келіссөздер өтті. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Баку билігі Қарабақты мекендеген армяндарға қауіпсіздік кепілдігі мен тең құқықтар беруге тиіс. Бірақ кездесудің нәтижесі әзірге белгісіз.
Келіссөздерге Әзербайжан тарапынан биыл наурыз айында Қарабақ аймағының армян тұрғындарымен байланысқа жауапты болып тағайындалған парламент депутаты Рамин Мамедов келді. Армения тарапынан келіссөздерге мойындалмаған Таулы Қарабақ парламентінің депутаттары Давид Мелькумян мен Арег Авагян қатысты.
Келіссөздердің негізгі мақсаты – Қарабақтағы армяндардың бейімделуіне жағдай жасау. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, жергілікті тұрғындар Таулы Қарабақ Әзербайжанның бақылауына өткеннен кейін аймақта этникалық тазарту басталуы мүмкін деп қауіптенеді. Алайда мұны Баку билігі жоққа шығарып, керісінше оларды құшақ жая қарсы алуға әзір екенін алға тартады. Әзербайжан президентінің әкімшілігі Қарабахтағы армян тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық интеграциясының жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл интеграцияның Әзербайжанның ішкі ісі екенін атап өтті.
Таулы Қарабақтағы ахуал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысында талқыланды. Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян ұйымды Таулы Қарабақтағы армян халқының қауіпсіздігін дереу қамтамасыз етуге шақырды. Оның пайымдауынша, Қауіпсіздік Кеңесі Қарабақта БҰҰ-ның бақылау миссиясын орналастырып, басқа халықаралық ұйымдардың оған кіруін қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ Әзербайжаннан Лачин дәлізі бойымен еркін қозғалысын қамтамасыз етуді, келіссөздер аяқталғанға дейін Таулы Қарабақтың қарулы күштерін шығаруға мүмкіндік беруін талап ету керек.
Іле-шала сөз сөйлеген Әзербайжан өкілі Қарабақтың бейбіт тұрғындарына еш қауіп төнбейтінін алға тартты. Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Әзербайжан жүргізген әскери операцияның мақсатын түсіндіріп, Арменияның 2020 жылғы 10 қарашасында қол жеткізілген бейбітшілік келісімі бойынша міндеттемелерін орындамағанын және Таулы Қарабақтан әскерін шығармағанын наразылық білдірді. Дипломаттың айтуынша, Қарабақта қазіргі таңда ауыр техника және басқа да қару түрлерімен жарақтанған он мыңға жуық Армения сарбазы бар.
Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әлім Байел еліміздің бауырлас Әзербайжанның аумақтық тұтастығын толық қолдайтынын мәлімдеді.
«Әзербайжан тарапының Қарабақтағы армян халқының өкілдерімен кездесу өткізуге бағытталған бастамасын құптаймыз. Қалыптасқан жағдай Әзербайжан Республикасының халықаралық деңгейде мойындалған шекаралары шеңберінде бейбіт диалог арқылы жуық арада реттеледі деп үміт білдіреміз. Оңтүстік Кавказда бейбітшілік және өзара тиімді ынтымақтастық атмосферасының орнауы, барлық коммуникациялардың ашылуы өңірдегі барлық елдердің мүддесіне сай келеді деген пікірдеміз», деді Ә.Байел.
Таулы Қарабақта антитеррорлық шара жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат шыққаннан соң, Армения астанасы Ереванда мыңдаған адам көшеге шығып, ел үкіметінен аймақтағы армяндарды қорғауға шақырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, наразылық әлі басылмай тұр. Үкімет ғимаратының жанында полициямен қақтығыс болып, зардап шеккендер бар. Шерушілер Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды сатқын деп атап, отставкаға кетуін талап етеді.
Өздеріңізге мәлім, 2020 жылы Әзербайжан тарапы Таулы Қарабақты қайтару үшін әскери іс-қимыл жүргізген болатын. Тарихта «Екінші Қарабақ соғысы» атымен қалған оқиға 44 күнге созылды. Ақыры тараптар келісімге келіп, бейбітшілік туралы уағдаластық жасасты. Құжатта Арменияның басып алған аумағын Әзербайжанға қайтаратынын көрсетілді. Осылайша, Ағдам, Кельбаджар және Лачин аудандары Бакудің меншігіне қайтарылды.
Бұдан бөлек, Лачин дәлізін бақылауға Ресейдің бітімгерлік күштері жауапты болды. Бүкіл Армения әскері Әзербайжан жерінен шығарылады. Бітімгерлік күштер өңірде 5 жылға дейін тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс еді. Тағы бір айта кетерлігі, келісімге сәйкес Әзербайжанды Нахчиван ауданымен байланыстыратын жол ашылды. Арменияның оңтүстігі арқылы өтетін бағытты бақылау да Ресей шекара қызметінің құзыретіне берілді.
Соғыс аяқталғаннан кейін Әзербайжан азат етілген аймақтарды дамытуға кірісті. Бұл тұрғыдан алғанда Түркітілдес мемлекеттер ұйымының мүшелері де үлкен үлес қосты. Атап айтқанда, Қазақстан Физули ауданында Жастар шығармашылық орталығының іргетасын қалады. Бұл сыйлық қос ел арасындағы достықтың, бауырластықтың және өзара қолдаудың тағы бір нышаны екені сөзсіз. Сондай-ақ халықаралық аренада бауырлас елді әрдайым қолдап келеді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Шушада өткен жаһандық медиа форумында Қазақстанның қолдауына үлкен алғысын білдірді. «Қазақстан Физули ауданында Жастар шығармашылық орталығын, Өзбекстан мектеп салып жатыр. Мектеп тамызда, ал орталық жыл соңына дейін дайын болады. Бұл – қолдаудың символы. Соғыстан кейін шет елдер қаншама қолдау білдірді. Атап айтайын, бұл өте маңызды қимыл әрі ынтымақтастықтың үлгісі», деді Әзербайжан президенті.
Жалпы, мұндай шиеленісті жағдайда Қазақстан үнемі тарихи әділет пен халықаралық талаптардың сақталуын басшылыққа алады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебаттағы сөйлеген сөзінде еліміздің осы ұстанымын тағы бір мәрте нықтады. Халықаралық мінберде сөз алған Президент адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.
– Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан – өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен сабақтасақ, «Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз».