Аталған форумда тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды. Мәселен, «Менің жетістігім – менің нәтижем» сессиясында «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегерлері Ұзақбай Қарабалин, Мұрат Қайыргелдин, Мұхтар Төлеутаев сынды тұлғалар студенттермен, еңбекшіл жастармен сұрақ-жауап форматында кездесу өткізіп, өздерінің кәсіби жетістіктерін баяндады. Ал «Еңбек нарығы. Болашақ мамандықтар» сессиясында жаһандық трендтер, қазіргі сын-қатерлер, экономика мен еңбек нарығындағы болып жатқан өзгерістер талқыланды.
Еңбек форумы «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Парламент депутаттарымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, еңбек ардагерлері, байқау жеңімпаздары қатысты.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова еңбек адамдарын құттықтап, мерекенің маңызына тоқталды. «Біз бұл жиынға байқау жеңімпаздарын құттықтау үшін ғана емес, құрылысшы мен энергетикке, диқаншы мен малшыға, ұшқыш пен теміржолшыға, аспаз бен бағбанға, мұғалім мен дәрігерге, тыныштығымыз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін азаматтарға, еліміздегі 9 миллион еңбек адамына алғыс айту және құрмет білдіру үшін жиналамыз. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ел экономикасы биыл 8 айда 4,9%-ға және өндіріс көлемі 3,1%-ға өсті. Атап айтсақ, 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 110 мектеп, мүгедектерге арналған 6 оңалту орталығы, 220 спорт ғимараты, 6,4 мың шақырым автожол салынып және қайта жаңартылды», деді Тамара Дүйсенова. Сонымен қатар ол еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жастарды даярлау үшін жағдай жасауға, еңбек ресурстарын сақтауға, қауіпсіз еңбек ортасын құруға бағытталған жұмыстар туралы да айтты.
Жиында Тамара Дүйсенова Ақмола облысы «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мекемесінің агрохимигі (68 жаста) Базарбай Қарағаевты, «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ отбасылық медицина кафедрасының профессоры (67 жаста) Гүлжан Мершенованы, Астана қаласы «Электр энергиясы және қуат нарығының отандық операторы» АҚ аналитика және жобаларды басқару департаментінің директоры (58 жаста) Абай Шаңғытбаевты, Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесінің бөлме-тазалықшысы (60 жаста) Лидия Роотты «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.
Ал «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын екі кезеңде, яғни өңірлік және республикалық деңгейлерде үш аталым бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, жетістіктері ең көп әулет; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, өте тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; «Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор жұмыскері таңдалады. Осы бойынша биыл жергілікті атқарушы органдар байқауға қатысу үшін 591 өтінім қабылдаған.
Сонымен «Еңбек жолы-2023» байқауының жеңімпаздары: «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша 1-орын – астаналық Амангелді әулеті – «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Көпфункционалды даму орталығы», 2-орын – Шығыс Қазақстан облысынан Аушинов әулеті – «Казцинк» ЖШС Риддер тау-кен металлургия кешені, 3-орын – Павлодар облысынан Сейітжан әулеті – «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ болды.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша 1-орын – «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ клиникасының бас хирургі, медицина ғылымының докторы, профессор Нұрқаси Абатов (61 жаста), 2-орын – Ақмола облысы «RG GOLD» ЖШС сілтісіздендіру учаскесінің шебері Құндызбек Нұқышев (59 жаста), 3-орын – Маңғыстау облысы «ҚазАзот» ЖШС Сынақ орталығының басшысы Людмила Муровцева (58 жаста) жеңімпаз атанды.
«Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша 1-орын – Абай облысы «Восток Бройлер» ЖШС бас ветеринар дәрігері (26 жаста) Әйгерім Ағатанова, 2-орын – Қостанай облысы Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері штабының өрт сөндірушісі (21 жаста) Анатолий Исмагулов, 3-орын – Солтүстік Қазақстан облысы «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ құрастыру-механикалық цехының шебері (26 жаста) Әлібек Уатаев марапатталды.
Әр аталым бойынша байқау жеңімпаздарына ақшалай және бағалы сыйлықтар берілді. 1-орынға 1 млн теңгенің сертификаты мен ноутбук, 2-орын иегерлеріне – 700 мың теңге және iPhone, 3-орын жеңімпаздарына – 500 мың теңге және iPad табысталды. Еңбек ардагерлеріне медальдармен қоса 500 мың теңгенің сертификаттары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.