Қоғам • 25 Қыркүйек, 2023

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1100 жас баспаналы болады

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отбасы банк байқаудан өткен азаматтардың бір тобын қала әкімдігімен бірге құттықтап, салтанатты түрде гүл шоқтарын табыс етті. Жас мамандар Отбасы банкінен 5 пайыздық (ЖТСМ 5,2% бастап) мөлшерлемемен заем алу арқылы баспаналы болды.  

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1100 жас баспаналы болады

Бұл дәрігерлер, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, суретшілер, спортшылар, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, журналистер және әлеуметтік сала қызметкерлері. Жастар бағдарламасы бойынша қатысушылар үшін бастапқы жарнасы небәрі 10 пайыз.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Алматыдағы «Отбасы банк» филиалының директоры Данагүл Түсіпова пәтерлі болған жастарды құттықтап, биыл Отбасы банкінің құрылғанына 20 жыл толғанын атап өтті.

«2003 жылы германиялық жинақтау үлгісіне сүйене отырып «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (бүгінде Отбасы банк) құрылған болатын. Осы жылдар аясында қаржы құрылымы бірнеше рет өзгерістерді басынан өткерді, сонымен қатар жаңа бағдарламалары да пайда болды. Бүгінде банк салымшыларының саны 2,6 млн адамнан асты. Еліміздегі ипотеканың 70 пайызы Отбасы банк арқылы жүзеге асырылуда. Бізбен бірлесіп жұмыс істеуге атсалысқан Алматы  қаласының әкімдігін ерекше атап өткім келеді. Әкімдік 2017 жылдан бері Алматы жастары бағдарламасы арқылы баспаналы болғысы келетін жас мамандарға үлкен қолдау көрсетуде. Биыл бөлінген қаражатқа алматылық 1100 жас баспаналы болады», деді Данагүл Түсіпова.

Аталмыш бағдарлама арқылы өз баспанасына қол жеткізгендердің арасында медицина саласының қызметкері көп. Солардың бірі - Сырғабаева Ақсұлтан.

«Бұған дейін Отбасы банкінің тұрақты салымшысы едім. Бағдарламаға қатысып, мақұлдау алғаннан кейін үй таңдауға бір айдай уақытым болды. Міне бүгін 5 пайыздық (ЖТСМ 5,2% бастап) мөлшерлемемен 8 жылға жеңілдетілген заем алдым. Ай сайынғы төлемі қалтама салмақ түсірмейтіні қуантады. Бұл біз сияқты қарапайым еңбек адамдары үшін үлкен мүмкіндік», деді ол.

Жалпы 2017 жылдан бері «Алматы жастары» бағдарламасының қаржыландыру көлемі 72,5 млрд теңгені құрап, оның көмегімен 4 мыңнан астам алматылық қоныс тойын тойлады.