«Бұлақ басынан тұнады» демекші, ансамбль жетекшісі, отағасы Талғат Сембаевтың ерен еңбегінің, тынымсыз ізденісінің арқасында отбасылық ансамбльдің ән қоржыны жылдан-жылға түрленіп, шырқата салған әсем әндері жүректерден жылы орын алуда. Осы уақыт аралығында түрлі деңгейдегі байқауларда бағын сынап, жүлделі орындардан көрінген жетістіктерін саусақпен санамалап тауыса алмасымыз анық. Еңбек еленіп, мерей тасытқан түрлі дәрежедегі дипломдар мен Алғысхаттар, Құрмет грамоталары елеулі жылдардың жемісі дер едік.
Мысалға айтсақ, 2010 жылы Алматы облыстық «Отбасы – алтын діңгек» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, республика бойынша өткен байқауда 16 отбасының ішінен 2-орынды иеленген еді. Содан бері өңірдің барлық ауданына сапарлап, концерттік бағдарламаларын ұсынған Сембаевтар ансамблі әнсүйер қауымның алғысына бөленді. Өнердегі өрістері кеңіп, репертуарлары халықтық мол мұралармен толықты. Нәтижесінде «халықтық» ансамбль атанды.
Ансамбль жетекшісі әрі композитор Т.Сембаевтың өнерге қосқан өлшеусіз еңбегі ескеріліп, өткен жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Отбасылық өнер ұжымының орындауындағы отыздан аса ән – Т.Сембаевтың төл туындысы. Музыкалық аспаптарда өңделмеген өзге де әндерін қосқанда, осы күнге дейінгі шығармасының жалпы саны алпыстан асады. Оның ішінде патриоттық тақырыпқа арналған туындылары бір төбе. Әндерінің дені туған жер, салт-дәстүр, ана мен әке, бала, сүйген жар, ұстаз, көктем сынды лирикалық шығармаларға негізделіп, әр кез тыңдаушыларын баурап алады. Ауданда өтетін дәстүрлі мерекелік шараларда сазгердің «Кел, Наурыз», «Астана», «Алматым», «Жаңа жыл» сияқты әндері шырқалып, ұлтымыздың рухын аспандатады. Сондай-ақ ақын Есенқұл Жақыпбектің «Күз қала Талдықорған», Нүсіпбай Әбдірахымның «Қимас мекен Жетісу», «Үмбетәлі – жырдың қара жорғасы», Әміре Әріннің «Қараталым, сағынышым, ауылым», Қуат Қайранбайдың «Жетісу», Байқалы Нүкетаевтың «Тәуелсіздік бастауы», Самат Нәбиевтің «Талдықорған» сияқты өлеңдеріне жазған әндері мәдени шараларда үнемі орындалып, тақырыптың мән-мазмұнын арттыруда. Композитордың әндерін танымал эстрада жұлдыздары да орындайды.
Өнерпаз әулеттің тірегіне айналған Талғат Шәріпұлы «Жетісу» мемлекеттік университетін тәмамдап, Сарқан мәдени-ағарту училищесінде музыка бөлімінің ұстазы, үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері, Алматы қаласындағы республикалық білім жетілдіру институтында эстетикалық бөлімнің әдіскері қызметтерін атқарған. Қасиетті Жамбыл ауданына қоныс аударған алғашқы жылдардан бастап, әуезді ән жазу дарыны ашыла бастаған. Қарғалы ауылындағы мектепте музыка пәнінен сабақ беріп, жас жеткіншектерді өнерге баулып жүргенде тырнақалды «Қарғалы» әні туады. Содан бастап ән тиегі ағытылып, жергілікті қаламгерлер Рәтбек Терлікбаев, Гүлнәр Өмірзақова, Виктор Никитиндердің сөздеріне жазылған әндері Алатау аспанында қалықтап, концерттерде үздіксіз орындалып келеді.
Отағасының өмірлік қосағы, аяулы жары Күлімхан Қалалиева да – әнші әрі бірнеше әннің сөзін жазған дарын иесі. Өнерлі отбасы қоржынындағы жетпіске жуық әннің жиырмадан астамының өлеңін жазған осы Күлімхан Қалалиева. Композитордың жоғарыда айтқан «Қарғалы» әнінің сөзін жазған да – жары. Т.Сембаев бұл әні үшін Мұқан Төлебаев атындағы дәстүрлі облыстық композиторлар байқауында 36 сазгердің ішінде «Жетісуым – жерұйығым» аталымы бойынша 3-орын алған.
Кербұлақ ауданында дүниеге келген Күлімхан Тұрсынқызының «Туған жерім – Басшиім», «Ұстазым», «Сен», «Алтын ұя мектебім», басқа да әндері кең таралған. Жастайынан өнерді өміріне серік еткен ұлағатты ұстаздың мамандығы – қобызшы, домбырашы. Осы күні ол – Ұзынағаш ауылындағы «Айгөлек» бөбекжайының музыка жетекшісі. Бұған қоса Сарыбастау орта мектебінде музыка пәнінен сабақ береді.
«Мен бала күнімнен өте белсенді болдым, қолыма домбыра алып айтысқа да қатыстым, небір жүйріктермен қыз қууға да шабатынмын. Даланың еркесі болып өсе келе, ән мен жырға әуестендім. Басши ауылында кітапханашы, клубта әдіскер ретінде мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүрдім. Өнерді құлай сүйдім, ән-күй десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Соның арқасында жиырма жылға жуықтапты, отбасымызбен ел алдында өнерімізді көрсетіп келеміз», дейді.
Өмірде де, өнер айдынында да қос аққудай қатар жүзген жарасымды жұптың балалары да шетінен өздеріне тартқан өнерлі. Тұла бойы тұңғышы Жанель аудандық «Өнер» мектебінде ұстаздық етсе, ұлы Әнуар – аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің белді әншісі. Өнерлі отбасының күйеу баласы, яғни Жанельдің серігі Ерсейіт Боранбаев та – осы ансамбльдің концерт жүргізушісі әрі әншісі. Сембаевтар отбасының келіні Жадыра Аманқосқызы болса, мың бұралған биші. Ал кенжесі Таулан Талғатұлы да – отбасылық ансамбльдің мүшесі. Бүгінде өз алдына өнер мектебін ашып, жас буынды баулуда.
Әулетін әнмен тербеген Т.Сембаев өткен жылы 60 жасқа толуына орай Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанды. Осылайша, өнердің жарық жұлдызына айналған Сембаевтар отбасылық халықтық ансамблінің келешегі кемелденіп келеді.
Алматы облысы