Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Көп жағдайда еңбек қауіпсіздігіне селқос қараған мекемелер зиян шеккен жұмысшының жақындарына материалдық көмек көрсетумен шектеледі. Әр оқиғаның өзегінде адам тағдыры тұрғанын ескерсек, азаматтардың еңбек құқына енжар қарауға итермелейтін фактілердің алдын алу қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз. Биылдың өзінде Алматының еңбек инспекторлары 321 заңды тұлғаны жауапкершілікке тартқан. Еңбек дауына іліккендер 45,3 млн теңге көлемінде айыппұл арқалапты. Қауіпсіздік мәселесінен бөлек жалақы беруден жалтарған кәсіпорындардың да ісі мамандар назарына іліккен. Айталық алматылық жұмыс берушілердің өз қызметкерлері алдында 34 милион теңге берешегі бары анықталған.
– Жыл басынан бері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жоспардан тыс 522 тексеру жүргізілді. Осы тексерулер барысында еңбек заңнамасы нормаларының 783 бұзылғаны анықталып, заң бұзушылықтарды жою туралы 387 ұйғарым берілді. Жеке және заңды тұлғалардың 3 903 өтініші қаралды, бұл азаматтар мен ұйымдардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша белсенділігінің жоғары екендігін көрсетеді. 285 кәсіпорында 708,7 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді, бұл 1 231 қызметкердің еңбек құқығын қорғауға мүмкіндік берді. Алайда екі бірдей ірі кәсіпорын өзінің 182 қызметкеріне 97,5 миллион теңге сомасында қарыз. Қала кәсіпорындарында жасалған 27 698 ұжымдық шарттың мониторингі мен тіркелуі жүзеге асырылды. Жыл басынан бері 155 ұжымдық шарт жасалды, – дейді Алматы қаласы Еңбек инспекциясының басшысы Еркінбек Әмірғалиев.
Мемлекеттік органның мәліметінше, Алматыда қазір 110 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, онда 900 мыңға жуық жалдамалы жұмысшы еңбек етіп келеді. Еңбек инспекторлары кәсіпорын жұмысшыларымен 132 кездесу өткізіп, оған 2 мыңнан астам адам қатысқан. Іс-шара барысында 673 азаматқа еңбек құқықтарына қатысты мәселелер бойынша түсініктеме беріліпті. Мамандар кәсіпорындар мен қызметкерлер саны көп болғандықтан еңбек құқына қатысты даулы мәселелер жиі тіркелетінін, дегенмен, құқықтық түсіндіру жұмыстары есебінен мұндай келеңсіздіктерді болдырмауға күш салатындықтарын айтады.
Жалпы, ел аумағында құрылыста қаза табатындардың саны азаймай тұр. Мәселен, 2021 жылдың төрт айында жазатайым оқиғалардың салдарынан 59 жұмысшы өмірмен қоштасқан. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – құрылыс алаңындағы ауыр жүктер мен құрылғылардың құлауы, ауыр жүк көліктері доңғалақтарының астына түсу, сондай-ақ жабдықтың сынуы салдарынан пайда болған жарақаттар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері келеңсіз оқиғалардың негізгі себебі ретінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуын, жабдықтардың тозуын, өндірістік және еңбек тәртібінің сақталмауын атап отыр.
«Құрылыс саласында қаза тапқандар санының артуы барлық құрылыстарда қатаң бақылау жүргізілмейтінін білдіреді. Біліктілігі төмен менеджерлерді жалдайтын компаниялар көп. Қауіпсіздік техникасына мән берілмейді. Көбіне мұндай нысандар орталықта емес, шеткері жерлерде, қалалардан алыс аумақтарда орналасқан. Бүгінде отандық нарықта негізінен ірі құрылыс компаниялары қалып отыр. Шағын компаниялар бәсекелестікке төтеп бере алмағандықтан біртіндеп азайып келеді. Оларды тендерлерге қатыстыру төмендеп барады, олар «жақсы үлес» ала алмайды, оларды біздің «ірілер» алып кетеді. Нәтижесінде, құрылыс саласында бірнеше монополистердің қалатындығы айқын болып келеді. Олардың артықшылықтары көп. Жақында пәтерімнің терезесінен екі нысанның құрылысын бақыладым. Біреуі ірі құрылыс компаниясына, екіншісі кішігірім және қарапайым компанияға тиесілі. Шағын ұжымның құрылыс алаңында бірнеше ескі трактор, жұмысшылардың түрлі-түсті тозған киімі, тіпті құрылысшылар қорғаныш бас киімінсіз жүргенін байқадым. Онда еңбек ұйымдастырылуы адам шошырлық. Ал ірі компанияның құрылыс алаңында бәрі мұқият жоспарланған, ненің қайда тұратыны, жүретін жолдары, доңғалақтарды тазалау орындары, бәрі айқын көрініп тұр. Техника мен жұмысшы киімдері жаңа. Жұмыс осылай ұйымдастырылса жазатайым оқиғалардың қаупі де азаяды. Құрылыс нарығында ебедейсіз жұмыс істейтіндерге тоқтам жасау қажет», дейді экономист Рүстем Жансейітов.
Қазіргі таңда еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау өзекті мәселе болып отыр. Қоғамдағы еңбек қатынастарына қатысты ойлар да азаматтарды толғандырар тақырып. Елімізде өндірістік жарақат салдарынан болған өлім үшін жұмыс беруші жауапқа тартылады. Арнайы комиссия құрылып, іс жан-жақты тергелуі шарт. Ол кемінде 3 адамнан тұруы керек. Яғни комиссия құрамында кәсіпорын басшылығы, еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция, еңбекті қорғау, дәрігер, құқық қорғау органдары прокуратура қызметкері болуы міндетті. Комиссия куәгерлердің айғақтары бойынша қорытынды шығаруға тиіс. Егер қауіпсіздік техникасы бұзылса, онда марқұмның туған-туыстары үшін өтемақы алу мүмкіндігі азаяды.
АЛМАТЫ