Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 223 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оның ішінде 5-еуі республикалық. Атап айтқанда: Ұлттық архиві, Орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві және Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы.
«Жоғарыдағы жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты ата-бабаларының тарихы һәм салт-дәстүрімен таныстырып, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту және ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру, архивтік құжаттар мен архив саласының тарихи маңызын сезіндіру. Өйткені архив дерек сақтаушы мекеме ретінде елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өткен, қазіргі және болашақ көкжиектерін байланыстыратын платформа», дейді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев.
Іс-шара аясында тақырыптық фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелер, экскурсиялар, шығармашылық кездесулер және сирек кітаптарды реставрациялау жұмыстары, шеберлік сабақтары өткізіліп, архив жүйесі мамандарының қызмет көрсету және ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу ісі насихатталды. Сонымен қатар жас көрерменге архив ісін бірыңғай жетілдіру, қоғамдық ақпарат көздерінің ықпалын арттыру жолы әрі орталықтандырылған дереккөзін пайдалану әрекеті сияқты заманауи жұмыстар таныстырылды.
Ашық есік күнінің табысты өтуіне – белгілі ғалымдар мен архив саласының мамандары атсалысып, жасөспірімдерге архивтік құжаттарды сақтау, реставрация жасау, көне кітаптар мен қолжазбаларды аудару, құндылығын анықтау бойынша дәрістер өткізді.