Қос тарап Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына жөнелтілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді экспорттау аясында банк клиенттерін сақтандыратын болады, сондай-ақ саудалық қаржыландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы ортақ шешімге келді.
Келісім стратегиялық әріптестікті дамытуды, бірлескен бағдарламалар мен жобалардан хабар беретін семинарларды, дөңгелек үстелдерді, таныстырылымдарды ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын компанияларды қаржыландыру, сақтандыру және өзге де қолдау көрсету мәселесі қарастырылған.
«Бұл келісім Қырғызстандағы қазақстандық өнімді сатып алушыларға жеңілдетілген саудалық қаржыландыруға ие болуға мүмкіндік береді. Біз екіжақты ынтымақтастық аясында жиһаз жеткізу бойынша алғашқы жобаны талқыға салдық. Алдағы уақытта Қырғызстанның басқа банктері де «KazakhExport» бағдарламасына қызығушылық танытады деп үміттенеміз», деді «KazakhExport» басқармасы төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов.
«РСК Банк» ААҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақылбек Тұрдалиев ынтымақтастықтың мүмкіндігі кең екенін мәлім етті: «РСК Банкі – «KazakhExport» компаниясымен байланыс орнатқан Қырғызстанның алғашқы банкі. Бұл ынтымақтастық қазақстандық өнімді Қырғызстанға саудалық қаржыландыру арқылы жеткізуді жоспарлап отырған кәсіпкерлерге, яғни экспорттаушылар мен импорттаушыларға тамаша мүмкіндік екені сөзсіз».
«KazakhExport» ЭСК» АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы. Компанияның негізгі міндеті – түрлі қаржы құралдары арқылы отандық шикізаттық емес экспорттаушыларға қолдау көрсету. 2016 жылдан бастап «KazakhExport» 200-ден аса экспорттаушыға 870 миллиард теңгеден аса сомаға қолдау көрсетті. Қолдау көрсетілетін кәсіпорындар экономиканың тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да маңызды салаларында жұмыс істейді. Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзербайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия, Түркия және т.б. елдер бар. Компанияның «Экспорттық саудалық қаржыландыру» және «Аккредитивтерді сақтандыру» қолдау көрсету құралдары шетелдік сатып алушылар тарапынан қазақстандық өнімге сұранысты арттыру үшін енгізілген. Қаржыландыру төлем шарттары бойынша есеп айырысудың аккредитивтік нысаны қолданыла отырып, Қазақстанның екінші деңгейдегі банктері арқылы жанама түрде ұсынылады.
Айта кеткен жөн, «KazakhExport» компаниясы 2019 жылы желтоқсанда Бішкек қаласында шетелдік өкілдің кеңсесін ашқан болатын. Өкілдік өз қызметі аясында кәсіпкерлердің тікелей байланыстарын жолға қоюға, қазақстандық кәсіпорындар мен Қырғыз Республикасындағы әлеуетті сатып алушылар арасындағы сауда қатынастарын дамытуға, сондай-ақ екіжақты мәмілелер тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етеді.