Қоғам • 26 Қыркүйек, 2023

Болашақты ойлаған бизнес мектепті қолдасын

290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы қоғамда түрлі пікір бар. Біреулер мұны қайырымдылыққа, меценаттыққа, демеушілікке жатқызады. Ал енді біреулер мұны халықтың үлкен тобы үшін әлеуметтік өзгерістер жасауға бағытталған компаниялардың стратегиясы деп біледі. Кейінгі уақытта «бизнес әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алуға міндетті емес» деп пікір айтатындар да бой көрсете бастады. Қалай десек те, әлемнің дамыған елдеріндегідей біздің мемлекеттің де әлеуметтік саладағы біраз шаруасы дәл осы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы реттеліп отырғанына куәміз.

Әңгімемізді бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоққа шығаратындардан бастасақ. Мұндай пікірдің біздің қоғамда айтыла бастағанына таңғалмасқа шара жоқ. Өйткені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – әлемде бар тәжірибе. Әрі өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп қойған оң тәжірибе. Ендеше мұндай тәжірибеден біздің ел неге теріс айналуы керек?!

Бір қызығы мұндай пікірлер бизнесті екі өкпеден қысқан пандемия кезінде жиі айтылған екен. Демек бұл пікірлерді маусымдық сипатқа ие десек дұрыс болар.

Шын мәнінде, жоғарыда айтқанымыздай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы еліміздің әлеуметтік саласында қыруар шаруа тындырылып жатыр. Бір өзі бір ауылды, бір ауданды гүлдендіріп отырған ірі компанияларды білеміз. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау, спорт секілді салалардың жыртығы дәл осы тәжірибе арқылы бүтінделіп отырғаны да көпке аян. Айталық, ірі компаниялардың қалаларда балаларға арналған ойын алаңдарын, спорттық нысандарды, мәдени кешендерді салып жатқанын немесе қамқорлыққа алғанын жиі естиміз. Осылайша, елімізде шаруасын дөңгелетіп отырған ірі компаниялар әлеуметтік саланың дамуына соны серпін беріп келеді.

Осы орайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы білім саласындағы жобаларға ерекше назар аударған жөн деп білеміз. Өйткені, білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Түптің түбінде бұған жұмсалған қаражат пен күш-қайрат еселеп қайтады, өзін-өзі ақтайды. Шыны керек, осы күнге дейін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында білім саласында жаңа ғимараттар салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді жобалар көптеп жүзеге асырылды. Ендігі кезекте ұстанған бағытты сәл-пәл өзгерту керек секілді. Айталық, бұдан былай білім саласындағы материалдық игіліктерден бөлек, рухани дүниеге де назар аударатын уақыт келген секілді. Айтпағымыз – ғимарат салу бір басқа да, сол ғимаратта оқитын ұл-қыздарды рухани дүниемен сусындату бір бөлек. Әлбетте, екеуі де тиімді. Бірақ дәл қазіргідей алмағайып кезеңде екіншісінің пайдасы зор болмақ және ол болашақ үшін де тиімді.

Мысал келтірелік. Жасыратыны жоқ, қазіргі мектеп оқушылары газет-журналдарға, кітаптарға аса қызыға қоймайды. Солай екен деп заманның ырқына жығылып, қолды сілтей салуға тағы болмайды. Оқушыларды газет-журналмен, кітаппен достастырудың амалын іздеу керек, сол үшін күресу маңызды. Рас, біздегі қазақ тілінде шығып жатқан жаңа кітаптар, жақсы журналдар мен газеттер мектептің бәріне бірдей жетпейді. Өйткені нарықтық қатынастардың жүргізіп отырғаны ойын ережесі осындай. Ешбір редакция, ешбір баспа үйі шығарған өнімін мектептерге тегін таратып бермейді. Есесіне осыны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы реттеуге болатын секілді. Әрі мұндай жарқын мысалдар қазір жетерлік. Бұл ретте еліміздегі «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының тәжірибесі ел ішінде кеңінен таратуға тұрарлық деп білеміз. Әлеуметтік жобаларға бас мән беретін осы компания кейінгі уақытта мектеп кітапханаларын мемлекеттік тілдегі әдебиеттермен толықтыру ісіне де қолдау көрсетіп жүр. Мысалы, «ТШО» жобасы аясында Атырау облысының мектеп кітапханалары «National Geographic Qazaqstan» журналына жазылған. Бұл ресурс тек мектеп оқушылары үшін ғана емес, сонымен қатар оны оқулыққа қосымша материал ретінде қолдана алатын мұғалімдер үшін де пайдалы. Өйткені, әзірге дәл осы журнал қазақ тілінде ғылымның түрлі салаларынан хабардар ететін әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы ғылыми-танымдық контент ұсынатын көрнекі басылым болып отыр. Төрткүл дүниенің тұрғындары секілді, Қазақстан оқырмандары да 135 жылдық тарихы бар осы журналдың арқалаған жүгін, яғни беретін білімін бағалайтыны анық.

Сонымен қатар, биыл Жылыой ауданында Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы жұмысын бастады. Соның аясында 8 мектепте ауданның барлық оқушысына оқып-үйрену мүмкіндігін беретін STEAM зертхана ашылғанын да айта кеткен жөн.

Рас, қазақ тіліндегі білім беру контентінің қолжетімділігіне, әсіресе ғылыми контентке қолжетімділікке қатысты белгілі бір деңгейде кемшіліктер бар екені белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Оқуға құштар мектеп» мемлекеттік жобасы да осындай қажеттіліктен туындағаны анық. Сондықтан аталған журнал оқу-ағарту бағытында да мұғалімдер мен оқушылар үшін пайдалы семинар-тренингтер өткізіп келеді. Осы орайдағы балалардың ғылымға қызығушылығын оятуды мақсат еткен тақырыптық дәрістерінің маңызы да аса зор деп білеміз.  «ТШО» секілді бұл бастаманы өзге де ірі компаниялар қолдауға тиіс. Мұндай қадамдар бір жағынан мемлекет үшін басымдығы жоғары мәселені іске асыруға ықпал етсе, екінші жағынан балалардың функционалдық сауатын бағалайтын халықаралық тест нәтижелерін жақсартуға да өз үлесін қосатыны анық. Өйткені қарапайым оқырманға арналған ғылыми мақалалар мектеп қабырғасындағы білімнің ғылымда қалай қолданыс табатынының анық көрінісі.

Біздіңше, мұндай тиімді тәжірибені ел ішінде кеңінен насихаттау керек. Бұған редакциялар мен баспа үйлері де қырын қарамасы анық. Әрі-беріден кейін бұған олардың өздері де мүдделі. Дегенмен, бұл іске мемлекеттің мүдделі болғаны әлдеқайда абзалырақ. Өйткені жас ұрпақты рухани дүниемен байыту, аумалы-төкпелі заманда олардың жоғалып кетпеуіне күш салу, оларды дұрыс жолға бағыттау – мемлекеттік маңызы бар мәселе.