Еңбек • 27 Қыркүйек, 2023

Шипалы шөпті ұқсатқан

222 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кәсіп адам таңдамайды, еңбекке ынтаң болса, жетіп жатыр. Қарекет берекетке әкеледі. Ауылда жатып та әлемді аузына қаратқандар бар. Мәселен, Жетісуда дәрілік шөптерді өсіріп, сыртқа сатып отырған «Azia Gold» ЖШС кәсіпорнын бірі білсе, бірі білмейді. 30 жылдық тарихы бар өндіріс орнының иесі Алексей Коржиков шипалы шөптермен Еуропаға жол ашып отыр. Кәсіпкердің еңбегіне үңілсеңіз, ел іші ырысқа толы екеніне көз жеткізесіз.

Шипалы шөпті ұқсатқан

Осы ретте қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» еске оралады. Сонда ғажайып қаламгер Жетісу жеріндегі дәрілік шөптердің қа­сиетін жырға қосып, емдік сипатынан сыр тартқан еді. Сарқан ауданында сол жасампаз жырдың айғағындай орын тепкен «Azia Gold» ЖШС кәсіпорны бар. Қазақ­стандағы дәрілік шөптерді өсіріп, жинап, оны ішінара өңдеп отырған һәм экспортқа бағытталған жалғыз өндіріс орны көпке танымал. Мұнда табиғи-климаттық жағдайларға байланысты 400-ден 650 тоннаға дейін өсімдік жиналады. Бұл көлемнің барлығы дерлік Еуроодақ елдеріне, Ресейге, Түркияға, АҚШ-қа экспортталады, өнімдер сертификатталған.

Қараңызшы, аталған кәсіпорынның 30 жылға жуық тарихы бар. Бұл кәсіп алғашында жабайы шөптер теруден бас­талған. Кәсіпорын директоры А.Кор­жи­ковтің айтуынша, кейін түймедақты өздері өсіре бастады. «Бұған екі нәрсе әсер етті. Өзіміз өсірсек, біріншіден, ши­кізат қолжетімді болады, екіншіден, жеріміздің табиғи ресурстарын сақтауға оң әсерін тигізеді», дейді кәсіпкер. Бұл сөзінің жаны бар, себебі Сарқан ауданының таулы аймақтарында жабайы алмадан бастап өсімдіктің көптеген түрі өседі. Оны сақтап қалу – ортақ міндет.

«Алғашында тұқымды Ресейден, Еуропадан сатып алдық. Кейін оларды өз климатымызға бейімдедік. Өз тұқы­мымыз бен көшет материалын алып, егіс алқаптарын кеңейте бастадық. Қазір дәрілік шөптердің егіс алқабы 5 мың гектарға жетті. Түймедақ, жалбыз, сәлбен, валерьяна, қалақай, лаванда, сондай-ақ долана, қарабүлдірген, таң­қурай сияқты дәрілік шөптердің 10-нан аса түрін өсіреміз», деді А.Коржиков.

Бір ғана түймедақтың өзінің пайдалы қасиеттері шашетектен. Гүлдің өзегі бөлек, қалған бөлігі бөлек арнайы жабдықта ұсақталады. Соның нәти­же­сінде, одан екі түрлі өнім алынады. Оның өндірілетін жылдық көлемі 250-300 тоннаға жетеді. Қайта өңдеуден өткен гүлдер мен одан алынған фракциядан кейін шай және диеталық қоспалардың барлық түрі жасалады. Бірақ шетелдік тұ­ты­нушылар көбіне таңқурай мен қара­қаттың хош иісті жапырақтарын негізінен жеке сусын немесе шайға пайдалы және дәмді қоспа ретінде пайдаланады.

«Емдік шөп өңдеуді жолға қою үшін құны шамамен 46 мың еуро болатын еуропалық өндірістің 3 арнайы аппаратын сатып алдық. Бөлшектерді ауыс­тырудың нәтижесінде, әртүрлі бағ­дар­ламалардың көмегімен бұл құрылғылар көп функция атқара алады. Дегенмен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу кезінде мемлекеттен субсидия алдық, бұл бізге едәуір қолдау болды», дейді директор.

Атап өтсек, шөп өсірілетін алқаптар аудан орталығынан 20 км-ден аса жерде Қарғалы, Қарауылтөбе ауылдарының маңында орналасқан. Әсіресе өсімдік­тердің экологиялық жағынан таза бо­­луына ерекше назар аударылады, сон­­дықтан арамшөптерді жоюға тек Еуро­­палық стандартқа сай гербицидтер қол­данылады. Ал қоймалары, өң­деу және сақтау цехтары Сарқан қала­сын­да ор­наласқан. Кәсіпорында 55 адам жұмыс істейді. Табысқа ортақ ең­бектің арқасында жетіп отырмыз дейді кә­сіпорын директоры. «Жұмысшы қолы әлі де жеткіліксіз. Әсіресе жалақысы 200 мың теңгеге жететін көшет материалымен жұмыс істеу кезеңінде біз жұмысқа әйел азамат­тарды көбірек тартуға тырысамыз. Әрине, бұл жұмысқа көп уақыт кетеді. Жалпы, біздің шаруашылықта жалақы жұмыс пен өндіріс түріне байланысты. Мұнда дәрілік шөптерден басқа дәнді дақылдар, тары, күнбағыс өсіріледі. Жалақы айына 900 мың тең­геге жететін кездер де болады», деді А.Коржиков.

Николай Козловский кәсіпорында 5 жылдан бері жұмыс істейді. «Шөп себеміз, тазалаймыз. Қолыма 140 мың теңге аламын. Жағдайымыз жақсы, сондықтан осында бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келемін», дейді

Алдағы жоспарлары туралы айта келе, кәсіпорын директоры дәрілік шөптер шаруашылықтағы дақылдар алқабының небәрі 30 пайыз алып жатқанына қа­рамастан, дәрілік шөптерден түсетін табыстың жоғары екенін де атап өтті. Ал­дағы уақытта көшет өсіру үшін жы­лы­жайлар салуды жоспарлап отыр. Се­бебі кейбір өсімдіктерді ерте көк­тем­де отырғызу керек. Сонымен қатар кәсіп­орын басшылығының әмбебап дәмдеуіштер өсірсек деген де ойы бар.

Атап өтсек, қазір «Azia Gold» ЖШС кәсіпорнында түрлі дәрілік шөптер мен өсім­діктердің 10-нан аса түрі өсіріледі. Алқап маусым-шілде айларында гүлдеп тұ­рады. Жаз мезгілінде түрлі-түсті гүл­дерімен көмкерілген алқапты көруге қы­зығатындар қатары көбейіп жатса, таңғалмаймыз. Өйткені кәсіпорын осы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, іргесін кеңейте беретін болса, болашақта агротуризм бағытындағы танымал орынға айналуы мүмкін.

«Өнімдерімізге деген сұраныс біздің өндіру қуатымыздан да асып тұр, яғни фи­тоөнім шығару – болашағы бар сала, сондықтан біз кәсіпорынды кеңейтудің нақты жоспарларын жасап жатырмыз», дейді Алексей Викторович.

Естеріңізде болса, Президент былтыр Жетісуға сапарында «Облыста 100 мың гектардан аса пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек», деген еді. Соған орай ауыл ша­руашылығы дақылдарының жалпы алаңы 1,8 мың гектарға ұлғайтылып, 519 мың гектарды құрады. Осы ретте айта кетейік, жалпы биыл өңірде 875 мың тонна астық, яғни масақты дәнді дақылдар, дәндік жүгері, күріш жиналады деп көзделіп отыр. Ал облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде дәнді дақылдардың 233,3 мың гек­тары немесе 72 пайыз жиналды, гектар өнім­ділігі орта есеппен 17,6 центнерден ай­налуда. Жалпы, 411 мың тонна астық бастырылды.

«Себілген 80,6 мың гектар майлы да­қылдардың 2,2 мың гектары, соның ішінде 1,3 мың гектар мақсары, 0,5 мың гектар май­бұршақ, 0,1 мың гектар зығыр орылып, 2,4 мың тонна жиналды, орташа гектар өнімділігі – 10,9 центнер. Картоп ал­қабының 50,4 пайыз немесе 6 мың гектары қазылып, 122,6 мың тонна жиналды, әр гектардан 205,2 центнерден шықты. Көкөніс-бақша дақылдарын жинау жұ­мыстары аяқталуға жақын, 9,3 мың гектардың 7,8 мыңы алынып, 227,8 мың тонна жиналды, гектарына 291,4 центнерден шығым берді», дейді басқарма мамандары.

Ал қант қызылшасын жинау жұмыс­тары 10 қыркүйектен басталып, бүгінде 210 гектар алқаптан 8,2 мың тонна тәтті түбір жиналды, өнімділігі 399,2 цн/га құ­рап отыр. Егін орағына 993 комбайн жұ­мылдырылып, бір астық қабылдау пунк­ті, 380 астық қоймасы мен 81 ме­ханикаландырылған қырман дайындалды. Күзгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бүгінге ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілері 1,9 мың тоннасын алды.

Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 23,5 млрд теңге қарастырылса, соның 10,3 млрд теңгесі егін шаруашылығына бағытталды. Өңір­лік баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы дәнді дақылдар 847,3 мың тонна болса, биыл бұл көрсеткіш 875,3 мың тонна болып отыр.

 

Жетісу облысы