Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Алда үлкен мейрам – Республика күні келе жатыр. Айтулы мерекеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп, оны мемлекеттік, ұлттық деңгейге көтеріп отыр. Осынау тарихи күннің баспалдақтарын жасаған, мерейімізді асқақтатқан атаулы оқиғалар бар. Соның бірі – қазақ баласының ғарышқа көтерілген күні. Бүгін ортамызда осы оқиғаның басты қаһарманы – Тоқтар Әубәкіров отыр. Шын мәнінде ғарышкер ағамызды елдігіміздің бір рәмізі десек те болады. Сондықтан да бүгінгі кездесуіміздің тағылымы мол, – деп мазмұнды жиынды ашып берген «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы тұлғамен жүздестірген кездесуді жүргізіп отырды. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, білікті дәрігер Серік Тоқпанов, Тоқтар Әубәкіров туралы жазылған «Тұңғыш» кітабының авторы, журналист Талғат Сүйінбай және «Egemen Qazaqstan» газеті мен өзге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Әуелгі әңгіме тиегін ғарышкердің өзі ағытты:
– Менің ғарышқа ұшуымды намыстан туған қадам десе де болады. Әлі есімде, «Маяк» радиосынан Бибігүл Төлегенованың әнін естідім. Әуелеген әсем үн мені шексіз қиял, үлкен армандарға қарай жетеледі. «Қазақтың бұлбұл қызы дара даусымен ұлттық ән өнерімізді әлемге мойындатты. Алаш азаматтарының арасында неге осындай мықтылар аз?» деп намыстандым. Сол намыс мені қамшылады. Өз саламның шыңын бағындыру үшін тынбай тер төктім, жан-жақты білім жинадым, іздендім. Қазақты мойындату үшін ең әуелі өзім мықты болуым керек деп түйдім.Ұшқыш болып жүрген кезде мені ғарышқа да шақырды. Екі рет ұсыныс түсті, екі ретінде де бас тарттым. Нақты не үшін бармағанымды өзім де түсінбеймін. Бірақ меніңше, сол кезде мені біреу тәуелсіздігіміз үшін сақтап жүргендей көрінеді. Үшінші жолы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі ешкіммен ақылдаспай-ақ, мені ғарышқа баратындардың тізіміне қосып жіберіпті. Туабітті мінезімде қаталдық пен қайсарлық бар. Өз қарсылығымды білдіргенде, ол кісі маған айтты: «Мұның саған да, маған да керегі жоқ. Мен президент болдым, сен онсыз да Кеңес Одағының батырысың. Бірақ міне, 30 жыл халық күтіп отыр. Сол елің үшін баруың керек» деді. «Халқың үшін» дегенде, бәрі орнына түскен еді. Сол сәтте-ақ мен ұшуға дайын болдым. Тіпті ғарышқа ұшарымның алдында Гагариннің жолымен ғарышкерлердің әдеттегі айтатын дәстүрі бойынша «Поехали!» демей, өзімнің туған тілімде: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» дедім. Сол халқымның тілегі мен батасы мені ғарышқа жеткізді. Ешқандай қиындық туған жоқ, барлығы жоспар бойынша жүзеге асты. Мұның бәрі – халықтың батасының арқасы, көптің тілегі. Халық ғарыштан өз өкілін, өз баласын көргісі келді және сол міндетті атқаруға Алла Тағала мені таңдаған шығар. Мәскеу ғарыш мамандарының айтуынша, көп ұшқыштың ішінен, нақтырақ айтсақ, қазақтың емес, күллі Одақтың арасынан сол кезде жалғыз мен ғана дайын болған екенмін, деп ағынан ақтарылған батыр бір сәт өткен күндерге шегініс жасап, ғарыштан Жер-Анаға көз салған кездегі ішкі сезімдерін де ақтарыла айтып берді: – Қазақтың атынан ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ екенімді ойлағаннан-ақ, ұлт алдындағы парызымды мүлтіксіз атқаруға тырыстым. Өйткені менің сапарыма бүкіл әлем көз тігіп отырды. Ал халқым үшін мұның маңызы тіпті теңдессіз еді. Қазақтың әлем алдындағы мерейін асыру үшін де бұл тарихи сәт қазаққа керек-тұғын. Елімнің ғасырлар бойы езілген еңсесін тіктеуіне сәл де болсын себепкер болу менің маңдайыма бұйырыпты, – деді ғарышкер.
Шынымен де 1991 жылдың 2 қазаны – қазақ үшін тарихи күн! Тұңғыш ғарышкер Тоқтармен бірге ұзақ жылғы отарлаудан кейін еңсесі езілген қазақтың рухы қайта көтеріліп, бір сілкініп алған еді. Ал сол тарихи оқиғаға себепкер болған батыр Тоқтар есімі мәңгілікке ұлт жадында жатталды. Тарихи қадамды жасау бар десек, оны мәңгілікке тасқа қашап қалдыру да үлкен еңбек. Осы тұрғыдан келгенде тұңғыш ғарышкердің әрбір тарихи сәтін кітапқа тізген журналист Талғат Сүйінбайдың «Тұңғыш» кітабын тұлғатануға қосылған сүбелі еңбек деуге әбден лайық. «Тұңғышпен» тиылмай, жақында аспан баласы туралы туындының екінші басылымын жарыққа шығарғалы отырған автор ғарышкерге арнап кітап жазудың қыр-сырын әңгімелеп берді:
– Тоқтар Оңғарбайұлы ғарышқа ұшқан күннен бастап баспасөз бетінде түрлі мақалалар жарияланды. Менің де көп жазбам сол кезде жазылып, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Кейін ғарышкердің өзімен сөйлесіп, мақалада қамтылған деректердің барлығын топтастырып, кітап етіп шығарсақ деген ұсыныс айтып, нәтижесінде, «Тұңғыш» кітабы туды. Қазір сол еңбек толықтырылып, жақында қайта жарық көргелі отыр. Екінші кітапта нақты деректер мен дәйектерден бөлек, ғарышкердің азаматтық, саяси көзқарастары, тұлғалық толғамдары да кеңінен қамтылды, деген автордың сөзін мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы кейіпкердің азаматтық қасиеттеріне бұрды:
– Тоқтардың болмысы нағыз батырларға тән бірбеткей. Қандай жағдайда да өзінің азаматтық көзқарастары мен ойынан айныған емес. Қай кезде де жүрегінде ұлтына – қазағына деген шексіз махаббаты тасып жатады. Осы жолда басынан түрлі қиындықты да өткерді. Бірақ ол сынған жоқ. Әрбір жетістігі мен әрбір әрекеті арқылы қазақты қалай сүю керек екенін тамаша дәлелдеп келеді, деді қайраткер.
Рас, атақ-даңқ әркімге қонады дейміз. Бірақ сол беделін, болмысын бұзбай, қарапайым қалпын сақтап, абыройын адамдық биігінде асқақтата алатындары сирек. Тегінде адам баласын бір-бірінен даралайтын басты қасиеті де осы – мінезі болса керек. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен жүздесу бізге тағы бір мәрте мінездің қасиет екенін ұғындыра түскендей. Батырлықтың шыңы да қалпынан айнымай адам болып қалу болса керек. Осы үлкен ерліктің азамат бойында сақталғанын көріп сүйсіндік. Қаталдығы мен қарапайымдылығы бір бойында тамаша тоғысқан Тоқтардың танымында да, болмысында да, тіпті өмір сүру салтында да шегі мен шеті жоқ еркіндік сақталғандай.
– Қазақтың мінезі – намыс. Бүгінде сол мінездің өзгергені рас. Оған түрлі себептер әсер етті. Кеңес одағының құрамында болдық, түрлі қиындықтар мен нәубет жылдарды бастан өткердік. Жанымызды аман алып қалу үшін де мінезімізді өзгертуге, түрлі жолдарды таңдауға тура келді. Кезінде қазақты неге құртуға асықты? Өйткені қазақта намыстан нәр алған мінезі болды. Сол қасиеті басқаларды қаймықтыратын. Жылдар бойы халқымызды сақтап келе жатқан да сол қасиетіміз еді. Менің үстелімнің үстінде үнемі Бауыржан Момышұлының мүсіні тұрады. Батыр бейнесіне қарап, бір сілкініп аламын. Қазақ қандай болуы керек? Оны тануға, қазақтың мүлгіген санасын, іштегі сезімімізді оятуға Үкімет үлкен себеп болуы керек еді. Бірақ 30 жылдың ішінде ондай бастама болған жоқ. Бір қуанатыным – қазір қазақ оянып келеді. Іштегі сезімді, мінезді қанша жасырсаң да, ол уақыты келгенде міндетті түрде сыртқа шығады екен. Әрине, бар болса. Ал қазақта ол бар. Қазақты сақтап келген де, сақтайтын да – сол мінезі. Өйткені мінез – қасиет, мінез – кие, – деп тағылымды кездесуді ғарышкердің өзі түйіндеді.
Ғарыш әлемі мен ұлтты сүюге қатысты ұлағатты ойлар ағыл-тегіл ақтарылған кездесуден көпшілік қауым, әсіресе жастар жағы айрықша рухтанып шыққаны анық. Батырдың әр сөзі санаға сәуле құйып, келешекке нық сенім сыйлады.