Әдебиет • 26 Қыркүйек, 2023

Дәстүрлі әдебиет: Шындықпен бетпе-бет

803 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сонымен, Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» романындағы Едігенің: «Он тоғызыншы ғасырда орыс романдарының Еуропаны басып кеткені тәрізді, жиырмасыншы ғасырдың аяқ шенінде қазақ романдары бүкіл жер жүзін жаулап алады» деген болжамы жүзеге аспады. Бас кейіпкер Едіге Мұхтар Мағауиннің өзі десек, бұл жай болжам болып қана қалмауға тиіс еді. Енді келіп жазушының аяғы жеткен жерге, романдары жетпегені өкінішті сияқты көрінеді. Бірақ ол жазушының өзіне ғана қатысты шаруа емес.

Дәстүрлі әдебиет: Шындықпен бетпе-бет

Оның бірнеше үлкен себебі бар. Біз ұлы теңіздермен шектеспейтін тұйық елміз. Сондықтан әдебиетіміздің әлемге шығар жолдары да тұйық. Дала қанша ұлы болса да, өркениет жолы теңіздер арқылы өтеді. Теңізбен шектеспейтін бізді шетел шикізат шығаратын ел деп қана таниды. Яғни өздерін қызық­ты­ратын жаңалығы бар ел деп санамайды. Демек әдебиетімізді де сол деңгейде деп есеп­­тейді. Қысқасы, олар үшін эконо­ми­каң озық болмаса, әдебиетің де қызық болмайды.

Сондықтан әдебиетімізді шетел үшін емес, алдымен өзіміз үшін жазуы­мыз керек екені басы ашық нәрсе. Мәселен, біз Мұхтар Мағауинді оқып, рухани тұр­ғы­дан күш алуымыз мүмкін. Ал шет­елдік оқырман Мағауинді оқып, рух­танып отыр­майды ғой. Олар біздің әде­биетімізге осылардың экзотикасы, мис­тикасы, мифологиясы қалай екен деп біраз елеңдеген де шығар. Бірақ бұлар да біз таңғалатын дүние жазады-ау деп қызығушылық танытпағаны анық.

Сонда Мұхтар Мағауин «Көк мұнар» романының бас кейіпкері Едігенің аузымен нені айтып отыр? Роман 1972 жылы жарық көрген және алпысыншы жылдар оқиғасы қамтылған. Яғни жарты әлемді билеген кеңес өкіметі құлайды деген ой үш ұйықтасақ, түске кірмеген кез. Сөз жоқ, қазақ әдебиеті әлемге көп ұлтты кеңес әдебиетінің құрамында ғана таныла алатын заман еді ол. Басқалардан бөлініп, жеке-дара кету деген жоқ. Ен­деше, Едіге-Кейіпкер КСРО тарап, еліміз тәуелсіздік алатынын жиырма жыл бұрын болжап білген бе?

Жалпы, Мұхтар Мағауин – жазушылық инстинкті өте күшті дамыған қаламгер. Оның бүкіл шығармашылық жолын са­ралап қарасақ, кейіпкерінің аузына әл­гіндей сөзді салуы заңды да сияқты. Осы ойымызды шыңдай түссек, әлемде болашақты болжаған жүздеген жазушы бар екенін білеміз. Біз сол қатарға кейіпкерінің аузынан шыққан бір ғана сөз-сөйлемімен Мұхтар Мағауинді де қосқымыз келіп отыр.

Шынында да КСРО құламаса, қазақ қалай әлемге танылады? Соцреализм құр­сауынан құтылмаса, қазақ романы қалай топ жарып шығады? Орыс тілінен аудармаса, қазақ тілінен шетелге кім ауда­рады?

Ендеше, жазушы осыны тәуелсіздіктен жиырма жыл бұрын болжады дегеніміз жаны бар сөз.

Мағауиннің «Жармақ» деген қостұлға кейіпкер туралы роман жазуы сол күткен заманының әдебиеттегі көрінісі. Бірақ бұл романның формасы жаңашыл болғанмен, идеясында дәстүршілдік бар. Кейіпкері өз бойындағы қайшылықпен күрес­кен­дей көрінгенімен, негізінен біз өмір сүріп отырған ортадағы белгілі идея­лар үшін күресіп жүргені білініп тұрады. Мұны кемшілік деп емес, жаңа фор­ма­дағы дәстүршілдік деп қабылдауға мәж­бүрміз. Яғни Мұхтар Мағауин дәс­түрлі әдебиеттегі көркемдік идеяларды жаңа биікке шығарды. Ол идеялардың адам­заттық емес, ұлт басындағы осы бүгін­шілдік идея екенін анық аңғаруға бола­ды. Ендеше, «Жармақ» романын дәс­түрлі әдебиеттен кетіп, адамзаттық идея­ларды қабылдаған постмодернистік шығарма деп айта қою қиын. Демек мұн­дай романмен әлемді жаулап алу еш мүм­кін емес. Өз ішімізде де жазушының жаңашыл туындысын дәстүрлі әдебиеттің десі басып кетіп отыр.

Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» ро­­маны десең, Дулат Исабековтің «Қар­ғын» романы қоса еске түседі. Екеуі де қазақтың оқыған азаматтары туралы жа­зылған интеллектілік шығармалар. Ал енді «Қарғын» десең, «Жармақ» еске түсе ме? Жоқ, себебі сыншылар бұл екі шы­ғарманы қосақтап айтпайды. Бе­кер! Себебі «Қарғын» да, «Жармақ» та дәс­түрлі әдебиеттің шебін бұзу үшін жа­зыл­ған романдар. Бірақ оқырман олай деп мойындаған жоқ. Өйткені екі жазушы да негізгі шығармаларын дәстүрлі әдебиетте беріп қойды.

Ал біздің дәстүрлі әдебиет шетелде мойын­далмады. Мұхтар Мағауин ол жақ­­қа өзі барып тұрса да, жазуын елде жүргендей жазды.

Дулат Исабеков те сол жаққа барып-келіп жүр, бірақ өзі постмодернизмді онша-мұнша мойындамайды. Еуропаға жол салу үшін, алдымен өз ішімізде кө­ріне бастаған постмодернистерді мойындау керек емес пе?

Қош, сонымен Мұхтар Мағауин де, Дулат Исабеков те дәстүрлі әдебиетімізге қайта оралды. Мұхтар Мағауин үйрен­шікті тарихи тақырыпта үлкен роман жазды. Мұқабасы мен алғашқы бетінің суретін ұрлап-жырлап көрдік, енді тезірек қолға алып оқуға асығулымыз. Дулат Исабеков болса, сексеннің сеңгірінде «Бөр­те» лиротрагедиясын жазып, бә­ріміз­ді таңғалдырды. Өкінішке қарай, біз үшін қымбат болғанмен, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның қаһарынан да, ұлы русь княздіктерін уысында ұстаған Алтын Орданың айбарынан да қазір ешкім қорықпайды. Бұл дегеніңіз біздің тарихи һәм қоғами дәстүрлі әдебиетіміз олар үшін ертегіге айналып бара жатыр деген сөз.

Дәстүрлі әдебиетіміздің үшінші бір үлкен тұлғасы Тынымбай Нұрмағамбетов те жазушы ретінде жаңа стильге көшіп көрді. «Кене» әңгімесімен басталған ол қадам табыссыз да болған жоқ. Жазу­шының осы «Кене» әңгімесін өздерін пост­модернист санайтын қаламгерлер жер-көкке сыйғызбай мақтады. Алайда «Кененің» авторы адамның ішін қазатын сана ағымындағы дүниелерге содан қай­тып баспай қойды. Бар болғаны бұ­рынғы юмор мен сарказмге толы шы­ғар­маларындағы дәстүрлі бейкүнә кейіп­кер­лері жаңа ауылға көшкендей әсер қал­дырды. Әңгіме «Періштелердің өлімі» хикаяты туралы болып отырғанын ішіңіз сезген шығар. Бұл хикаятта оқиға жылдам баяндалады, адамдардың басынан өтіп жатқан жайттар жүрдек суреттеледі, кейіпкерлердің күрделі жан-дүние арпалыстары көріне қоймайды. Бас-аяғы шебер қиюластырылған қызықты оқиға деңгейіндегі туындыға басқалар түгілі, классик жазушының өз жанкүйерлерінің де көңілі толыңқырамай жүргені содан болса керек. Аталған хикаят туралы мұның алдындағы бір мақаламызда «әдебиетімізге бетбұрыс әкелер ме екен?» деген үміттің шетін қылтитсақ та, қазақ оқырманына қандай Тынымбай керек екеніне осы шығармадан кейін көзіміз жете түсті. Ал ондай Тынымбай әлем әдебиеті үшін жаңалық болады дегенге аса сеніміміз жоқ екенін несіне жасырамыз? Шындығында мұндай деңгейдегі жазушыларымыз қазір Шыңғыс Айт­матовтың «Теңіз жағалай жүгірген тар­ғыл төбеті» сияқты масштабы үлкен шы­ғармалар жазуға тиіс емес пе еді?! Бір­ақ қай мықты жазушымызды алсақ та, бәрі де дәстүрлі әдебиеттегі дәстүрлі тақы­рыптарды қазаумен келеді.

«Енді кім қалды?» деген орынды сұрақ туады. Әрине, ол – Төлен Әбдіков! Но­бель сыйлығын алуға нобайы келеді деп, осы жазушыны атап та жүрміз. Ол модернистік бағытта бұрыннан жазады. Дәстүрлі әдебиеттің үйреншікті тақы­рыптарына байланып қалмаған жазушы. Бір ғана өкініш, «Оң қол» өркениет әлемінде уақтылы айналысқа түскен жоқ. Әйтпесе соцреализм фонында жанартау атылғандай әсер етуі бек мүмкін еді. Ал қазір «Оң қолға» да, «Парасат майданына» да ешкім таңқалмайды. Себебі ондағы жасырын идеялар судың бетіне шықты.

Міне, осындай деңгеймен біз де енді Нобель сыйлығын алғымыз келіп отыр. Бұл біздің дәстүрлі әдебиет түкке жарам­сыз деген сөз емес. Ұлт қазынасына ай­нал­ған керемет классикалық дүниеле­ріміз бар. Бірақ дәстүрлі әдебиет деп кел­­геніміз, соцреализм әдебиеті екені көп нәрсені жоққа шығарса керек. Бізде дәстүрлі әдебиет пен соцреализм біте қай­насып кеткен. Оған көпе-көрнеу уа­ғыз айтушылық, адами мәселеден гөрі, қо­ғами мәселені алға шығару, келсін-кел­месін идея тықпалау тән дер едік.

Қысқасы біздің дәстүрлі әдебиет басқа да, модерндік әлем басқа.

Сондықтан кейінгі жастардың еш­қайсы да дәстүрлі бағытта жазғысы кел­мейді. Соның айқын бір көрінісі – жас жазушылардың «Дауыс» атты прозалық жинағы. «Дауысқа» тоқсаныншы жылдардан бері туған он жас жазушының әңгімелері енген. Сол он жас жазушының тоғызында дәстүрлі әдебиеттің тілден басқа тырнақтай да белгісі жоқ. Демек тағы бір он-жиырма жылдан кейін дәстүрлі бағытта жазатын адам қалмайды деген сөз. Ақиқатында одан басқа жол­ды да көріп тұрғамыз жоқ. Осы тұрғы­дан да «Дауыс» жинағына кірген он жас жа­зушыға табыс тілейміз. Олар: Ба­қытбек Қадыр, Досхан Жылқыбай, Арман Әділбек, Есбол Нұрахмет, Әлішер Рахат, Темір­лан Қылышбек, Сафина Ақтай, Жәудір Нартай, Санжар Бекжанов, Бе­рікбол Батан!

Бір қызығы, тап осы жинаққа мұхит­тың арғы жағынан Мұхтар Мағауин алғы­сөз жазыпты. Сонда: «Қазақ қаламгерлері үшін ең бастысы – анда-мында танылу, баға­лану емес, осы қазақ ортасының қажетін өтеу» депті. Меніңше, Мұхтар Ма­ғауин жастарды, жастар Мұхтар Мағауинді түсінбеген тәрізді. Айтпақшы, дәс­түрлі әдебиеттің ең басты кемшілігі ретінде өзін-өзі қайталап, тіпті кейбірі плагиаттық деңгейге дейін түсіп кеткенін де еске сала кетсем, ешкім сөкет көре қоймас. Дәстүрлі әдебиет кейде ғылым мен техника дамыған заманда диірменмен ұн тартқандай әсер береді. Оны ендігі жас оқи ма, мәселе сонда!