Отбасы • 27 Қыркүйек, 2023

Айналайын, алимент төле...

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде әр нәрсені сылтау етіп алимент борышын төлеуден жалтарып жүргендердің қатары азаймай тұр. Олардың мойнындағы қарыз көлемі 500 млн теңгеден асып кеткен.

Айналайын, алимент төле...

Әдетте құзырлы орындар мұн­дай борышкерлердің қарызын оның мүлкін тәркілеу, елден тыс жер­лерге шығуына уақытша ты­йым салу, белгілі бір іс-әрекет­тер­ді жасауға шектеу қою сияқты заң күшін қолдану арқылы мәжбүрлі түрде өндіріп алып жатады. Алай­да онсыз да әке жылуынан қа­ғылып, жанары жаутаңдап қал­ған бейкүнә сәбиіне қараспақ түгілі, өз басын әрең алып жүрген­дер­дің бар екені де белгілі. Құзырлы орындар осы жағын да ескерсе керек, Тобыл қала­сын­да алимент берешегі бар және пробация қызметінде есепте тұр­ған аза­маттарға арналған бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қос­танай ауданының прокуратурасы мен өзге де жауапты орындар бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға ауданның 18 кәсіпорны, жиырма шақты борышкер және пробацияда есепте тұрған 34 адам қатысты.

Жәрмеңке барысында ұсы­ныл­ған жұмыс түрлері де әр алуан. Кәсіп­керлердің айтуынша, қазір ауданда ағаш ұстасы, сылақшы, пластикалық терезе құ­растырушы, дәнекерлеуші, электр маманы, кірпіш қалаушы, от жағушы, жүк түсіруші, қатты тұр­мыстық қалдықтарды сұрып­тау­шы, жүргізуші, механизатор, слесарь, темір ұстасы сияқты мамандар жоғары сұранысқа ие.

– Ұйымдастырушылар ұсы­нып жатқан жұмыстардың біра­зын бұрын істеп көргенмін. Қо­лайы­ма келетінін таңдап алдым. Біз жұбайымыз екеуміз қос­тарап­ты келісім бойынша бейбіт ажырасқанбыз. Бастапқыда алимент мерзімін кешіктірмей жұмыс орнымның есеп бөлімі арқылы төлеп тұрдым. Кейін мен жұмыс істеп жатқан серіктестік жабылып қалды да, бірталай адам жұмыссыз қалдық. Одан кейін бір-екі мекемеде жұмыс істеп көрдім, бірақ жалақысы мардымсыз болған соң, жұмыстан шығуыма тура келді. Осылайша, біраз уақыт жұмыс таба алмай жүріп қалып, құ­қық қорғау органдарының қара тізіміне іліктім. Енді осы іс-шара­дан кейін жағдай түзеледі деген ой­дамын, – дейді Александр есімді азамат.

Іс-шара барысында 13 адам жұмысқа орналасты. Оның алтауы алиментін төлей алмай жүр­гендер, жетеуі пробация қыз­ме­тінің тіркеуіндегі сотталған адам­.

– Бос жұмыс орындары жәрмең­кесі сияқты іс-шаралар қатысушылардың білімі мен кәсібі ескеріле отырып ұйымдас­ты­рылады. Олар осы жерде еңбек жағдайына қанығып, жұ­мыс берушімен алдын ала еңбек шартын жасайды. Бұл борышкерлердің қордаланып қалған алимент қарызын бірте-бірте өтеуіне мүмкіндік береді. Ал жұмыс істегісі келмейтін борыш­кер­лер заң белгілеген жауап­кершілікке тартылады, – дейді Қостанай аудандық прокура­ту­ра­сының прокуроры Ақмейір Темірқызы.

Прокуратура мамандарының мәліметінше, бүгінде алимент төлем­дерін төлемеген 10 борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жа­уапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 7 борышкерге Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабына сәйкес әкімшілік жаза тағайындалған.

 

Қостанай облысы