Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жол жүйесіне FIDIC қағидасы толық кіреді
– Жоғарыда айтылған мемлекеттік мақсатқа жету үшін Көлік министрлігі қайтадан құрылды. Себебі жол мәселесі ешқашан өзектілігін жойған емес. Ең алдымен, қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек, – деді ЖАСҰО бас директоры З.Сағынов.
Жол құрылысы саласында 30 жылдан аса тәжірибесі бар маман бұған дейін де стратегиялық салаға профильдік министрлік керек дегенді үнемі айтып жүретін. Әуелі тарихқа көз жүгіртейік. Қазақ КСР Автомобиль жолдары министрлігі 1987 жылы құрылып 1994 жылға дейін жұмыс істеді. Ол кезде Қазақ жолдары Одақтағы ең жақсылардың бірі саналды. Жыл сайын 17 мың шақырым жолды жөндеуге 1 миллиард долларға жуық қаржы бөлініп келді. Содан кейін қайта құрулар кезеңі басталды.
Бірнеше сала бір құрылымға бірігіп қаржыландыру азайды. Бұл жол құрылысы саласының құлдырауына әкеліп соқты. Жыл өткен сайын бөлінетін қаражат көлемі азая берді, ал жөнделуге тиіс жолдардың шақырымдары ұзара берді, ұзара берді.
«Бүгінде мемлекеттік сатып алу жүйесі жүйкені тоздырып тұр. Тым ұзақ уақытты шығындайтын, шағымдардан көз аштырмайтын жүйеде ашықтық мүлде жоқ. Сондықтан Жолдауда Президент мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Осы мақсаттар үшін мемлекеттік сатып алуларға жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және барлық деңгейде сыбайлас жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік беретін FIDIC қағидалары енгізілетін болады», деді сала басшысы.
FIDIC консалтингтік инженерлердің халықаралық федерациясы 1913 жылы құрылған. Бүгінгі таңда жаһандық орталықтың миллионнан аса инженерлік мамандары мен 100-ден аса елде 40 мыңға жуық ұйымы бар екен.
Біздің елімізде FIDIC келісімшарттары тек халықаралық қаржы институттары (Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚДБ) қаржыландыратын жобаларда қолданылады. Оның ішінде «Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай», «Қандыағаш – Мақат», «Атырау – Астрахань – Ресей шекарасы». Енді келісімшарттың бұл нысанын ЖАСҰО бас директоры түсіндіргендей, бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын барлық жол жобасында, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдарда да қолдану жоспарланыпты.
«Саланың мемлекеттік сатып алулармен байланысты тағы бір мәселесі – мердігерлер. Бүгінгі таңда ірі компаниялар тендерлерді жиі жеңіп алады. Бірақ жолды өзі салуға онша құлық танытпайды. Яғни жұмысты жеткілікті еңбек және материалдық ресурстары (жұмыс күші, техника, аккредиттелген зертхана) жоқ қосалқы мердігерлерге береді. Конкурсқа қатысушылар техниканы жалға алу шартын көрсетеді, шынтуайтына келгенде, ондай техникасы жоқ болып шығады. Жұмыс күші жеткіліксіз, дұрыс техникасы жоқ мердігер құрылыс маусымының ортасында жұмысты тоқтатып қою фактілері жиі кездеседі», деді З.Сағынов
Сатып алу порталында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу болып табылатын конкурста, заң мемлекеттік сараптама қорытындысымен ұқсас жұмыстарды орындауда 10 жылдық үздіксіз тәжірибенің болуын талап етеді. Алайда жобалау ұйымдары әртүрлі себеппен сараптама қорытындыларын ала алмайтын жағдайлар жиі кездеседі.
Ал тендерді ұтып алған шетелдік компаниялар біздің елде жұмысты жабдықсыз қосалқы мердігерлікпен жүргізеді (кедендік төлемдерді төлеу қажеттілігіне байланысты). Көбінесе мердігерлердің жеке сынақ зертханасы жоқ. Тек жалға алынған немесе нашар жабдықталған зертханалар болып келеді. Бұл сайып келгенде сапасыз жолдардың салынуына жол ашады.
Қолда бар барлық еңбек ресурсын ірі жобаны жүзеге асыруға бағыттай отырып, олар үздіксіз тәжірибені растау мүмкіндігін жоғалтады. Осылайша, формальды түрде дәлелденген 10 жылдық тәжірибесі бар әлеуетті жеткізушілер бір-бірімен бәсекеге түсіп, одан кейінгі барлық жылы автомобиль жолдарын жобалау саласында тұрақты жеңімпаздар болуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл саладағы бәсекелестіктің жолын кеседі.
«Қолданыстағы Ереженің нормаларында бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар қарастырылмаған. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің талаптарын қайта қарау қажет. Оның ішінде конкурстық құжаттамада талап етілетін штат санының 70%-дан кем емес бөлігі білікті мамандар болуы шарт. Оған қоса кемінде 50%-ын құрайтын жеке жабдығының болуы және компанияның аккредиттелген сынақ зертханасы және т.б. болуы керек деген талапты қосқан дұрыс», дейді ЖАСҰО басшысы.
Сапасыз жол сапалы білімнің жоқтығынан
Жол құрылысындағы тағы бір өзекті мәселе – техникалық қадағалау қызметінің сапасыз жұмысы. Заң бойынша техникалық қадағалау құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын, пайдаланылатын материалдардың, конструкциялар мен жабдықтардың, олардың жобалық құжаттамаға, техникалық регламенттердің талаптарына, инженерлік іздестірулердің нәтижесі болуы мен дұрыстығын тексеруге міндетті. Негізгі міндет – ақаулар мен бұзушылықтарды жедел анықтау және олар туралы тапсырыс берушілер мен мердігерлерді хабардар ету.
«Тәжірибеде техникалық қадағалау инженерлерінің жұмысы нашар жүргізіледі. Әдетте олар нысандарда жиі болмайды, яғни техникалық қадағалауды формальды түрде жүзеге асырады. Көпшілігінің жол саласында арнайы білімі жоқ. Бір инженер бірнеше ұйымда жұмыс істейді және бірнеше жол, құрылыс жобаларына қатысады. Мұндай жағдайлар азаймай отыр. Биылдың өзінде әртүрлі компанияның атынан бірнеше учаскеде бір уақытта техникалық қадағалау жүргізгені туралы 50 факті анықталды», дейді З.Сағынов.
Өткен жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жұмыс орындарында инженер-техникалық қадағалаудың жоқтығы бойынша 185 фактіні анықтаса, биылғы жылдың басынан бері 141 ұқсас факті тіркелген. Бұл орталық мамандары айына 4 рет таңдамалы тексеруге шыққан кездегі анықталған жайттар.
Негізінде, мұндай фактілер жергілікті желі нысандарында жиі кездеседі. Мәселен, өткен жылы кәсіпорын анықтаған деректерге сәйкес келмейтін 8,4 мың жол-құрылыс материалдарының 7 мыңнан аса сынамасы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардан, қалалар мен елді мекендердің көшелерінен алынған.
Жолдардың сапасына тікелей әсер ететін бұзушылықтарды анықтағаннан кейін, ЖАСҰО заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдарды Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының облыстық басқармаларына жолдайды. 2020 жылдан бері осындай 500-ге жуық өтініш жіберілген. Алайда олардың 35%-ы бойынша ғана оң шешім қабылдап, қалған 65%-ы бойынша теріс жауап алынған немесе шешім қабылданбай жауапсыз қалыпты.
«Соңғы жылдары жолдарды орташа жөндеуге баса назар аударылған. Жыл сайын 200 миллиард теңгеден аса қаражат, оның ішінде техникалық қадағалау қызметіне 10 миллиардқа жуық теңге бөлінеді. Бұл ретте Мемлекеттік сәулет құрылыс басқармалары берген теріс жауаптардың негізгі саны дәл осы орташа жөндеу нысандары бойынша алынған. МСҚБ өз шешімдерін «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына сәйкес автомобиль жолдарын орташа жөндеу кезінде жіберілген бұзушылықтар үшін адамдарды жауапкершілікке тарту өкілеттігінің жоқтығымен негіздеп отыр. Көбінесе ол жерде техникалық қадағалауды жүзеге асыратын адамдарға ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ», дейді сарапшымыз.
Бірақ аталған мекеме анықтаған бұзушылықтар – керн қалыңдығының сәйкес келмеуі, жабын төсеу технологиясының бұзылуы – жолдардың сапасына айтарлықтай әсер етеді екен.
Автожол комитетінің құзыры артса игі
Сондықтан бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатындықтан жолдарды орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде салғырттыққа жол бермеу керек. ЖАСҰО техникалық қадағалауды екі салаға – қала құрылысы және жол саласына бөлуді ұсынады. Жол шаруашылығындағы бақылау-қадағалау функцияларын жаңадан құрылған Көлік министрлігінің Жол комитетіне берілгенін жөн санайды. Ал комитетке өз кезегінде техникалық қадағалау ұйымдарын аккредиттеу және техникалық қадағалау сарапшыларын аттестаттау, сондай-ақ жол құрылысын жүргізу кезінде техникалық қадағалау қызметіне қатысты әкімшілік шаралар қолдану құқығы берілуі керек дейді.