Медицина • 27 Қыркүйек, 2023

Халықтың саулығы, табиғаттың тазалығы маңызды

181 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төра­ғалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы ме­дициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері қара­лып, сондай-ақ елдегі сти­хия­лы қоқыс­­тарды жою шара­лары талқыланды.

Халықтың саулығы, табиғаттың тазалығы маңызды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Медицинадағы маңызды шаралар

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндамасында республика бойынша МСАК аясында 5 617 нысан медициналық көмек көрсететінін айтты. Оларға медициналық пункттегілер, дәрі­герлік амбулаториялар, емханалар, фельдшерлік-аку­шер­лік пункттегілер т. б. жатады. Денсаулық сақтау саласындағы осы буынның жұмысы аумақ бо­йынша қолжетімділікті қам­тамасыз ете отырып, отбасылық қызмет көр­сету қағидатына құ­рыл­ған. Ол үшін учаскелік муль­ти­дисциплинарлық командалар құрылып, оған учаскелік дәрігер, үш орта медицина қыз­меткері, әлеуметтік қызметкер және психолог кіреді.

Кейінгі үш жылда мемлекет МСАК-ты нығайту бойынша бірқатар шараны іске асырды. Мәселен, амбулаториялық дең­гейде қаржыландыру өсті, кон­суль­тациялық-диагности­калық көмекпен қамту 7 есеге, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есеге, МРТ қолжетімділігі 6 есеге ұлғайды. Нормативі қайта қаралды. Атап айтқанда, кемінде 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін көбей­ді. Медбикелердің қабылдау функ­ция­­­лары кеңейтілді. Онколо­гия­лық ауруға күдігі бар пациенттер үшін «жасыл дәліз» аясында МСАК ұйымдарында тексеруден өту жеделдетілді.

Бұлармен бірге МСАК-ты амбу­латориялық дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету ұлғайды. 2019 жылы 48 ауруға қарсы дәрі-дәр­мек сатып алынса, 2023 жылы бұл тізім 126-ға дейін кеңейтіліп, ша­мамен 4 миллион адамды қам­тыды. Балалар мен ауыл тұр­ғындары арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді. Оған қоса денсаулық сақтауды цифр­ландыру, көлік медицинасын дамыту, білікті мамандарды даяр­лау т. б. бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр.

Министр биылдан бастап «Ауыл­дық денсаулық сақ­тауды жаң­ғырту» қанатқақты ұлт­­тық жобасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 2025 жылдың соңы­на дейін 655 МСАК нысанын салу, 32 көпбейін­ді орталық аудандық аурухана­ны жаңғырту және ауыл­дық жер­лер­дегі денсаулық сақтау саласы үшін кемінде 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отырғанын айтты.

Премьер-министр кейінгі жыл­дары медициналық көмек­тің қол­жетімділігі жақсарып келе жат­қанын айтты. Мәселен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз етілетін аурулардың тізбесі едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қол­жетімді бола түсті. Амбу­ла­то­риялық-емханалық көмекті қар­жыландыру көлемі өсуде. Жа­ңадан денсаулық сақтау объек­тілері іске қосылып жатыр. Бұл білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғыны үшін аса өзекті.

«Бірақ мәселелер әлі де бар. Мысалы, халық кейбір мамандарға қаралу үшін ұзын-сонар кезекке тұру­ға, медициналық жабдық­тар­дың жеткіліксіз екеніне шағым­данады. Түрлі аурулар бойынша есепте тұрғандарды дәрімен қам­тамасыз етуде де мәселелер бар. Әкімдіктер алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмек­тің қолжетімділігі мен сапасын қам­тамасыз етуге жауап­кер­ші­лікпен қарауға тиіс. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасын жауапкершілікпен іске асыру керек», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ ол медициналық көмек адамдардың мекен-жайына қарай жақын жерде көрсетілуі тиіс екенін, медициналық ұйым­дар­дың бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға көңіл бөлуі керек екенін ескертті.

«Кейде басқару мен үйлестіру жұ­мыс­тарының кемшілігіне бай­ланысты адамдар қажетті емді немесе дәріні уақытында ала алмай қалады. Денсаулық сақ­тау министрлігі әкімдіктермен бір­лесіп, осы мәселелер бойынша жү­йелі жұмысты жалғастыруы қажет», деді Премьер-министр.

Тиісті кадрлармен, бірінші кезекте аса қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін медициналық университеттер және колледж түлектерімен бірге тәжірибелі мамандарды да өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ынталандырудың жаңа әдістерін енгізу керек. Мұнымен бірге ол денсаулық сақтау объектілерін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 84%-ды құрайтынын айтты. Олардың жартысынан көбі тозған. Осыған орай алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес жабдықтау қажет.

Премьер-министр денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұ­мыстарын күшейтудің ма­ңы­зын атап өтті. Алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмек объек­тілеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Атап айтқанда, аудандық дең­гейден төмен денсаулық сақ­тау ұйымдарын жоғары жылдам­дықты Интернетке қосу процесін тездеткен абзал.

«Қажетті консультацияны жедел алу үшін телемедицина мен қашықтан қызмет көрсетуді ауылдарға дейін жеткізу қажет. Аталған шаралар тұрғылықты жері бойынша медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді», деп түйіндеді Үкімет басшысы.

 

Қоқыс полигоны қайтсе реттеледі?

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев өткен жылдың қорытындысына сәй­кес ғарыштық мониторинг көмегімен анықталған сти­хия­лық қоқыс үйінділерінің 77%-ы жойылғанын баяндады. Қоқыс орындарының ең көп саны Ақмола облысы бойынша – 830 (оның 88%-ы жойылды) және Қара­ғанды облысында – 745 (оның 99%-ы жойылды). Қоқыс орын­дарын жою жұмыстары Абай (10%), Ұлы­тау (15%) облыс­тарында және Астана (52%) қаласында на­шар жүргізіліп жатыр. Осы жыл­­дың мамыр айынан бері 5 578 қо­қыс орны анықталып, оның небәрі 50%-ы жойылған.

Стихиялы қоқыс үйінділері пайда болуының алдын алу үшін қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне заң­намалық деңгейде лицензия­лау мен хабарлама тәртібі ен­гі­зілген. Фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау мін­деті қосылды, қалдықтармен жұ­мыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі өскен. Заң­сыз қалдықтарды тасымалдау факті­лерін анықтау мақсатында ве­домствоаралық мобильді топтар рейдтер жүргізеді. 2023 жылы 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліпті. Қазір GPS датчиктердің көмегімен қоқыс шығаратын техниканың қозға­лысын бақылаудың ақпараттық жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Келесі жылы оны өнеркәсіптік пайда­лануға беру жоспарланып отыр. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша қанатқақты жоба іске асырылды. Соның арқа­сында нақ­ты уақыт режімінде 42 қоқыс шы­ғаратын көліктің қалдық­тар­ды жинау орнынан оны қоқыс алаңына апарғанға дейінгі қозғалысын бақы­лауға болады. Экология ми­нистрлігі елді мекендерді ғарыш­тық мониторингпен қамтуды арттыру, құрылыс қалдықтарының қозға­лы­сына бақылауды күшейту және олар­ды қайта кәдеге жара­ту­дың ұлт­тық стандарттарын енгізу мә­се­лелерін пысықтап жатыр екен.

Премьер-министр Маңғыстау облысында рұқсат етілмеген үйін­ділерді жоюдың ең төмен көр­сеткіші байқалғанын атап өтті. Бұл көрсеткіште антирейтинг бо­йынша да Абай ауданы көш бастап тұр. Өңір әкімдері Нұрлан Ноғаев пен Нұрлан Ұранхаев атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты түсі­ніктеме берді. Отырыста елорда әкімі Жеңіс Қасымбек те баяндама жасады.

Үкімет басшысы айтқандай қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялы қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елі қал­дықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалып­тас­қан. Бұл Еуропа елдеріне қал­­дық­тарды өңдеу көрсеткішін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгін­де Швеция елі тұрмыстық қал­дық­тардың 99%-ын қайта өң­деп, пайдаға жаратып отыр. Жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қал­дықтар пайда болады», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, мыңдаған стихиялы қоқыс полигондары жағдайды қиындатып отыр. Жал­пы әкімдіктер оларды жою үшін қомақты бюджет қаражатын бө­леді. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Премьер-министр қалдықтарды басқару саласында атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол қазіргі заманғы қоқыс өңдеу зауыттарын іске қосу жоспар­лары әлі іске асырылмағанын және ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі екенін айтты.

«Осы жылдың наурыз-қыр­күйек айларының аралығын­да ғана 5,5 мың рұқсат етіл­меген жерлердегі қоқыс орын­дары та­былды. Бұл ретте, әкім­ші­лік айыппұл салу жағдай­ды жақ­сартпай отыр. Яғни, қоқыс­­ты полигонға апарып таста­ған­нан гөрі, айыппұл төлей сал­ған тиімді болып тұр. Мұн­дай тә­сіл­ді өзгерту керек. Қалдық­тар­мен жұмыс істеудің және оны кәдеге жаратудың нақты жү­йесін қалыптастыру қажет», деді Ә.Смайылов. Сөй­тіп, құ­рылыс қалдықтарына арнал­ған полигондардың бар екені­нен тұрғындарды хабардар ету, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жи­науды, оларды одан әрі сұ­рыптауды, қайта өңдеуді және кәдеге жаратуды белсенді енгізу қажеттігін айтты.

«Сарапшылардың пікірін­ше, елімізде қоқыс полигондарын ұйымдастыру ісіндегі бас­ты мәселелердің бірі тарифтер мен талаптарға және заңдық нор­маларға байланысты. Олар әсіресе, шағын елді мекендерде ертеден қалыптасқан қоқыс төгетін орындар үшін барынша икемді болуға тиіс. Әйтпесе, по­ли­гондардың жұмысын заңдас­тыру мүмкін болмайды» деген Премьер-министр 1 қарашаға дейін өңірлерде Коммуналдық қал­дықтарды басқару бағдар­ла­масын бекіту қажеттігін және жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есеге қысқартуды талап етті. Сон­дай-ақ рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауап­кершілікті қатаңдату бо­йын­ша заңнамалық түзетулер енгізу керек екенін ескертті.

«Әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту қажет, заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуі тиіс», деді Ә.Смайылов.

Экология министрлігіне қал­дық­тарды бөлек жинауды енгізу­дің, оларды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің халықаралық тәжі­рибесін зерделеу және заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу тапсырылды. «Қалдықтарды жоюдың қазіргі жүйесі, оның ішінде тариф мәселесі ешқандай сын көтер­мейді. Саланың тиімділігі жоқ, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермейді. Жыл соңына дейін жаңа тәсілдерді әзірлеу керек», деді Премьер-министр.

Ол сондай-ақ еуропалық озық тәжірибені ескере отырып, қал­дықтарды жойып, қайта өңдей­тін жаңа зауыттар салу бойын­ша ұсыныстар әзірлеуді де назар­ға алды. «Швеция, Франция, Жапо­ния сияқты әлемнің кейбір ел­дерінде зауыттар үлкен жерді алып отырған жоқ, онда түтін мен иіс шығармайтын технологиялар қолданылады. Соның арқасында түтін де, иіс те болмайды», деді Үкімет басшысы.

Ол қоқыспен жұмыс істеу мәде­ниеті мәселелерін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарлам­а­­лары­на енгізуі қажеттігін атап айт­­ты. «Қалдықтарды бөліп жинау және қайта өңдеу біздің іс-әрекетіміз бен мінез-құлқымыздың ма­ңыз­ды бөлігіне айналуы қажет. Осы тапсырмалардың орындалу қорытындысын жыл соңында Үкімет отырысында тағы тың­даймыз», деп қорытындылады өз сөзін.