Спорт • 28 Қыркүйек, 2023

Сербияда сенім ақталды ма?

322 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сербия астанасы – Белградта күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін осы жарыста көргеніміз бен көңілге түйгенімізді қағаз бетіне түсіруді жөн көрдік. Аталған додада келесі жылы Парижде алауы тұтанатын ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынғандықтан, барлық мемлекет өздерінің мықты балуандарын аламанға қосты. Солардың қатарында Олимпиада мен әлем чемпио­наттарында жеңіс тұғыры­на көтерілген спортшылар да болды.

Сербияда сенім ақталды ма?

Еркін күресте есе жібермедік

Бұл жарыста Қазақстанның еркін кү­рес шеберлері тарихи жеңіске қол жет­кіз­ді. Ресми деректерге сүйенсек, еліміз­де спорттың осы түрі өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап дамып ке­леді. Сол аралықта кең байтақ респуб­ликамыздан біраз мықты балуанның төбе көрсеткенін ешкім жоққа шығармай­ды. Кеңес одағы тұсында Алаштың үш апайтөсі – Аманкелді Ғабсаттаров, Әбілсейіт Айханов және Аманжол Бұға­баевқа көпе-көрінеу қиянат жасалды. КСРО чемпионы бола тұра олардың ешқайсы ресми халықаралық жарыстарға қатыспады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993-2022 жылдар аралығында бес ба­л­уанымыз (Елмәди Жабырайылов, Нұр­лан Бекжанов, Нұрислам Санаев, Дәу­лет Ниязбеков, Нұрқожа Қайпанов) әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 11 жігіт (Мәулен Мамыров, Генна­дий Лалиев, Магомед Круглиев, Леонид Спи­ридонов, Әбілхакім Шәпиев, Дәулет Нияз­беков, Дәурен Жұмағазиев, Ақжү­рек Таңатаров, Нұрислам Санаев, Данияр Қайсанов, Азамат Дәулетбеков) қолаға қол жеткізді. Барлығы – 16 спортшы. Сол жүлделердің 10-ын өз өрендеріміз жеңіп алса, алтауы легионерлердің еншісінде. Алайда солардың ешқайсы алтын тұғырға көтеріле алған жоқ.

вап

Биыл Белградта сол олқылықтың ор­ны толды. Дунай мен Сава өзендерінің тоғысқан жерінде жалауы желбіреген жарыста 92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан 19 жастағы Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанды. Ол мажарстандық Балхаш Юхас (13:3), Еуропаның екі дүркін чемпионы түркиялық Фейзоллах Актюрк (11:0 ), әлем және құрлық чем­пио­наттарының қола жүлдегері, грузия­лық Мириан Майсурадзе (8:1) және әзер­байжандық Осман Нурмагомедовті (5:2) жеңіп, Алаш жұртының талай жыл аңсаған арманын ақиқатқа айналдырды.

Әлемдік доданың қола медалін қата­рынан екі жыл Азамат Дәулетбеков мойнында жарқыратты. 86 кило салмақта бақ сынаған ол литвалық Домантас Пав­люченко (9:0), жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы құрлық чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Еуропа чемпионатының екі дүркін жеңімпазы ресейлік Арслан Бағаев (туше) және жастар арасындағы әлем және құр­лық чемпионы франциялық Рахим Мага­мадовты (10:0) айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда АҚШ-тың атақты балуаны, Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Дэвид Тэйлорға Дәулетбековтің әлі жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыс драмаға толы болды. Бахрейннің туы астында өнер көрсеткен дағыстандық Магомед Шариповтен екі ұпай айырмашылығымен жеңіліп жатқан қандасымыз бәсекенің аяқталуына екі-үш секундтай уақыт қалғанда жеңісті жұлып әкетті. Есеп – 4:3. Азамат десе, Азамат екен!

Сөйтіп, бұл жарысты Мадияр Құра­мысов жетекшілік ететін Қазақстан құра­масы 1 алтын және 1 қола медальмен қорытындылады. Осы нәтиженің арқа­сында жүлделердің саны мен сапасы жағынан жалпы есепте Сербиямен төртінші және бесінші орындарды өзара бөлістік. Бұл – бұрын-соңды болмаған табыс! Алдымызда тек АҚШ (3 алтын+1 күміс+3 қола), Ресей (2+1+1) және Иран (1+2+1) құрамалары.

 

Алда – Америка

Дүниежүзілік додада қатарынан екі жыл АҚШ-тың еркін күрес шеберлері шашаларына шаң жұқтырмады. Былтыр олар төрт салмақта топ жарса, биыл үшеуінде үстемдік құрды. Егер сол команданың Кайл Дэйк пен Кайл Снайдер секілді серкелері сын сағатта сүрінбегенде америкалықтардың тұғыры бұдан да биік болар еді. Дэйкті финалда ресейлік Заурбек Сидаков сүріндірсе, Снайдерді бахрейндік Ахмед Тажудинов тоқтатты. Сөйтіп, алғашқысына бес және екіншісіне төрт дүркін әлем чемпионы атану бақыты бұйырмады. Сол секілді дүниежүзілік додада үш реттен дараланған ирандық Хасан Яздани, грузиялық Гено Петриашвили және түркиялық Таха Акгюлге төртінші мәрте бұл белес бағынбады.

 

Жат елдің намысын қорғағандар

Жат елдің намысын қорғаған спорт­шылардың біразы осы әлемдік додада жеңіс тұғырына көтерілді. Мәселен, еркін күрестен дағыстандық Ахмед Тажудинов Бахрейнге, балқар Исмаил Мусукаев Мажарстанға және әзербайжандық Вита­лий Оруджев АҚШ-қа алтын ме­дальді сыйға тартты. Дағыстанның тумасы Магомедхан Магомедов (күміс) Әзер­байжанның, Зелимхан Абакаров (қола) Албанияның, Рамазан Рамазанов (қола) Болгарияның, осетиялық Хетаг Цаболов (қола) Сербияның және америкалық Майлз Амин (қола) Сан-Мариноның туын биікте желбіретті. Осы орайда, біз тек жүлде алған балуандарды ғана тілге тиек еттік. Ал бозкілемге шыққан бар­лық легионерді тізбектейтін болсақ, әңгіме­міздің тым ұзаққа созылатын түрі бар.

Грек-рим күресінде де келімсектерге арқа сүйеген жағдайлар ара-тұра кездесті. Мәселен, ирандық Әли Арсалан мен осетиялық Георгий Тибилов Сербияның, дағыстандық Артур Омаров Чехияның украиналық Семен Новиков Болгарияның намысын қорғады. Бұл балуандардың барлығы да Белградта қола медаль иеленді.

Жоғарыдағы тізімге Жан Беленюкті қосса да, қоспаса да болады. 32 жас­тағы украиналық балуанның Рио Олимпиа­дасының күміс жүлдегері, Токио Олим­пиадасының жеңімпазы, әлемнің екі және Еуропаның үш дүркін чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы деген толып жатқан атағы бар. Негізі оның әкесі Венсан Ндагиджиман Африканың шығысында орналасқан Руанда мемлекетінде туған. Кеңес одағының уығы шайқалуға шақ қалған тұста ол Киевтегі авиациялық ­институтта білім алды. Сол жерде Жанна есімді жергілікті тұрғынмен танысады. Екеуі үйленіп, сәбилі болады. Біраз жылдан соң Ндагиджиман Руандаға аттанып, азамат соғысына қатысты. Қандыбалақ майданда ол мерт болады. Ал уақыт оза Венсанның ұлы халықаралық аренада Украина спортының абыройын асқақтатқан атақты спортшыға айналды. Жергілікті халық арасында зор беделге ие болған балуан Жоғарғы Раданың депутаты болып сайланады. Қазіргі кезде Беленюк спорт пен саясатты қатар алып жүр. Жанның арманы – сайлаушылардың сенімін ақтап, халыққа адал қызмет ету және Париж Олимпиадасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу.

 

Жапон қыздарының қарқыны

Белградта әйелдер күресінен өткен са­йыста сарапқа салынған 10 алтынның алтауын Жапония құрамасы олжалады. Расында да бұл – өте керемет көрсет­­кіш! Бір айта кетерлігі, бас жүлдені иелен­гендердің барлығы да жас балуандар. Мәселен, Акари Фуздинами (53 кило) 19 жаста, Нонока Одзаки (65 кило) 20-да, Цугуми Сакураи (57 кило) мен Юка Кагами (76 кило) 22-де, Юи Сусаки (50 кило) мен Харуно Окуно (55 кило) 24-те. Со­нымен қатар жапондар тағы күміс пен қола медальді бір-бірден олжалады.

Дүбірлі додада алдына жан салмаған америкалық Эмит Элор (72 кило) 19 жаста. Түркиялық Тусун Бусе 22-де, қытай­лық Чжан Цзи (59 кило) 25-те. Алтыннан алқа таққан бұрымдылар арасындағы жасы ең үлкені – қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова. Күні кеше ғана үш дүркін әлем чемпионы атанған Айсұлу биыл көктемде мерейлі 30 жасқа толған еді.

 

Жүлдеге лайық Жәмила ғана

Аталған жарыста Қазақстанның 10 бұ­рымдысы өнер көрсеткенімен, солардың арасынан тек Жәмила Бақбергенованың бағы жанды. 72 кило салмақта белдескен ол қола медальді мойнына ілді. Шыны керек, жартылай финалда қазақ қызы Энх-Амарин Даваанасанға лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Ал моңғолиялық балуан өз кезегінде америкалық Амит Элордың екпініне шыдамады. Дәл осы спортшы былтырғы әлемдік додада біздің Жәмиланы ойсырата ұтқаны есімізде. Сол кезде бұл нәтижені кездейсоқтық деп санадық. Бірақ әсте олай емес екен. Биыл 19 жасқа толған АҚШ өкілі шын мәнінде, дарын иесі екеніне анық көз жеткіздік. Көп кешікпей Элор барлық қарсыласын тас-талқан етіп, Панамерика біріншілігінің жеңімпазы және жастар арасындағы әлем чемпионы (U-23) атанды. Міне, енді Белградта да бас жүлдені олжалады. Егер өзге де байрақты бәсекелерде дәл осылай күресетін болса, онда Амитті алдағы уақытта ешкімнің тоқтата алмайтыны анық.

авп

Жәмилаға еш өкпе жоқ. Ол әлем чемпионаттарында қатарынан үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Алғашқы еке­уінде күміс алса, осы жолы қолаға қол жеткізді. Бұл – отандық әйелдер күресі тарихындағы бұрын-соңды болмаған табыс! Сол үшін де Алаштың аяулы қызына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал Белградта Бақбергеновадан басқалары не бітірді? Өкінішке қарай, ұлттық құрама сапындағы өзге қыз-келіншектеріміз алғашқы айналымдардан аса алмай, қалың топтың арасында қалып қойды.

 

Қырғыздарға қызығатын болдық

Грек-рим күресінде Қазақстанда жеңіспен өрілген бай дәстүр бар деп қан­ша кеуде қаққанымызбен, қазіргі кез­де жанарымызбен жер шұқитындай жағ­дайдамыз. Оны мойындамасқа лаж жоқ. Кең байтақ елімізден Олимпиада чемпионы шықпағалы табаны күректей 27 жыл болды. Ең кейінгі рет 1996 жылы Атлантада Юрий Мельниченко топ жар­ған еді. Әлем чемпионаттарында да ән­ұранымыздың шырқалмағанына ширек ғасырға жуықтап қалды. Кейінгі рет Мхитар Манукян 1999 жылы Афинада бас жүлдені олжалады. Бұл жолы жүлде тұрмақ, жалғыз лицензияға қолымыз әзер жетті. Ол жолдаманы 87 кило салмақта күш сынасқан Нұрсұлтан Тұрсынов жеңіп алды. Өзге балуандар үмітті ақтамады.

Шыны керек, кейінгі жылдары ірге­дегі «айыр қалпақты» ағайындарымыз­ға да ілесе алмайтындай күйге түстік. Бізге қарағанда олардың көші әлдеқайда ілгері. Грек-рим күресінен өткен жарыста Ақжол Махмудов (77 кило) пен Жоламан Шаршенбековтің (60 кило) алтын тұғырға көтерілуі осы сөзіміздің нақты дәлелі. Екеуі де Сербия астанасында қарсы келгендерді қоғадай жапыр­ды. Сөйтіп, қырғыздың екі балуаны қатарынан екінші жыл әлем чем­пионы атанды. Оған Айсұлу Тыныбекова­ның алтыны мен Айпері Медетқызы­ның к­үмісін және еркін күрес шебері Тайыр­бек Жумабекұлының қоласын қосы­ңыз. Барлығы – 5 жүлде! «Классиктер» сайы­сының жалпыкомандалық есебін­де олар үшінші орынды иеленді. Ал Қа­зақстан ба­луандары небәрі үш медальді қанағат тұтты.

Әзербайжанның грек-рим күресі ше­берлері өз тарихында тұңғыш рет жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады. Халқы 10 миллионнан сәл ғана асатын мемлекеттің бес бірдей өкілі финалға дейін алқынбай жетті. Нәтижесінде, Қап тауының қырандары 2 алтын мен 3 күміс­ті қоржынға салды. Куба қабыландары сын сағатта бір жұдырықтай жұмылып, 2 алтын мен 1 күміс медаль еншіледі. Сол секілді Иран (1+1+3), Түркия, (1+1+2), Грузия (1+1+0) және Францияның (1+0+0) әнұрандары да Белград төрінде шырқалды.

 

Кімге қанша жолдама бұйырды?

Аталған жарыста 2024 жылы Париж­де алауы тұтанатын Олимпия ойында­ры­ның 90 жолдамасы сарапқа салынды. Яғни күрестің әр түрінде 30 және әр сал­­мақ дәрежесінде бес лицензиядан та­ратылды. Нәтижесінде, төртжылдық­тың басты додасының жолдамалары мы­на құрамаларға бұйырды: Еркін күрес: АҚШ пен Ресей (AIN) – 4, Иран – 3, Сербия, Жапония, Грузия, Түркия, Ар­мения – 2, Сан-Марино, Қазақстан, Өз­бекстан, Албания, Грекия, Пуэрто-Рико, Ма­жарстан, Бахрейн және Әзербайжан – 1. Әйел­дер күресі: Жапония – 6, АҚШ – 3, Моңғолия, Түркия, Қырғызстан, Молдова – 2, Қытай, Беларусь (AIN), Эквадор, Үндістан, Швеция, Нигерия, Польша, Норвегия, Украина, Германия, Франция, Колумбия және Куба – 1. Грек-рим күресі: Иран – 4, Куба, Армения – 3, Әзербайжан, Қырғызстан, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Түркия – 2, Мысыр, Чехия, Беларусь (AIN), Сербия, Мажарстан, Болгария, Украина және Қазақстан – 1.