Экология • 27 Қыркүйек, 2023

Тау-тау қоқыс қоршаған

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өзіңіз тұратын ауыл не қаладан сәл сыртқары шықсаңыз, шашылып жатқан қағаз қалдықтарынан, пластик бөтелкелерден және т.б. қоқыстан көзіңіз сүрінер еді. «Асырып айтылды» десеңіз де, еркіңіз. Бұған қоса жер-жерде үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар ше? Осының бәрі сайып келгенде туған табиғатқа деген жанашырлықтың жоқтығын айғақтайды, экологиялық мәдениетіміздің төмендігін танытады.

Тау-тау қоқыс қоршаған

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ауылдық жерлерден бастап аудан орталықтарында, қалаларда қоқыс қалдықтарының арнайы полигондары бар. Шыны керек, солардың басым көпшілігі талапқа сай жұмыс істемейді. Соның салдарынан мұнда төгілген қалдықтар айналаға желмен ұшып жатады, жиі өртеніп, ауаны бүлдіретіні тағы бар.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Үсеновтің айтуынша, Жез­қазған, Сәтбаев қалаларындағы полигондар экологиялық және санитар­лық талаптарға сай келмейді. Ұлытау ауданында жалпы көлемі 167,4 га құрайтын 16 полигон бар. Осылардың біреуі ғана – Жезді кенті әкімдігінің балансында. Ал қалған 15-і тіпті заңдастырылмаған, бұлардың рұқ­сат беру құжаттары, санитарлық-эпи­демиялық қорытындылары жоқ. Қаражал қаласы мен Жаңа­арқа ауда­нындағы полигондардың жағ­дай­лары көршілеріне қарағанда сәл тәуірлеу дегені болмаса, бұларда да кем-кетік тұстар табылады. Айта­лық, Жаңаарқа ауданы бойын­ша жалпы көлемі 76 гектар құрай­­тын 14 полигонның барлығының да са­­ни­тарлық-эпидемиялық қо­­ры­тындылары болмауын қалай тү­сі­нуге болады? Жалпы, Сәтбаев қа­ла­сын­дағы полигонның 2005 жылдан, Жез­қазғандағының 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын, бірақ экологиялық және санитарлық та­лаптарға сәйкес келмейтінін ескерсек, сонда бұлар осы күнге дейін қалай жұмыс істеп келген? Жергілікті билік орындары қайда қараған?

Заңды түрдегі полигондардың талапқа сай жұмыс істеуін қам­тамасыз ету жолға қойыл­май отырғанда, заңсыз пайда болатын қоқыс үйінділерін жою, болдыр­мау үшін әжептәуір күш-жігер қажет­тігі айтпаса да түсінікті. Қоқыс қал­дық­тарын кез келген жерге төгіп кете­тін кімдер? Басқа жақтан ешкім де келмейді. Сол аумақтың адамдары емес пе? Ал солардың қайсысы ұсталды? Оларға қаншама айыппұл салынды? Өкінішке қарай, әзірге облыстағы заңсыз үйінділермен кү­рес бюджеттен қаражат қарастырып, жою арқылы ғана жүргізіліп жатқаны байқалады.

Мысалы, Жезқазған қаласының әкімдігі заңсыз үйінділерді жою үшін 2023-2025 жылдарға арнап, жергілікті бюджеттен 174,1 млн теңге қаражат қарастырған. Қаражал қаласы биыл өз қазынасынан иесіз қалдықтарды жоюға 5,6 млн теңге қарастырған. Қала бойынша 9 жерде, яғни қаланың Амангелді, Төле би, Рысқұлбеков, Алтай Қарпық, Естай, Баеш Батыр көшелерінің бойынан заңсыз қоқыс үйінділері анықталып, жойылған. Ал соларды кім апарып төкті? Бұл жағы, өкінішке қарай, анықталмаған.

Жарайды, қалалы жерлерде кі­нә­лі­лерді көру, анықтау, табу қиын­ға түседі делік. Ал кімнің не іс­теп жат­қаны бір-біріне бес саусақтай бел­гілі болып отыратын ауылды жерлер­де ше? Неге бұлардағы заңсыз қоқыс төгушілер анықталмайды? Ұлы­тау ауданының Сарысу ауылдық округінде 2000 тонна заңсыз төгілген қоқыс үйінділері анықталған. Сол үйінділер бюджеттен қаржы бөлу арқылы ғана жойылатыны анық. Осы ауданның Қаракеңгір ауыл­дық округінде заңсыз төгілген қоқыс үйінділерін жоюға 5,6 млн қаржы бөлінген. Егінді ауылдық округінде де 2 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған.

Әрине, тазалық әркімге тікелей байланысты. Контейнердің қасына барып тұрып, қолындағы қоқысын соның ішіне салмай, қасына тас­тап кететіндер де жазалануға тиіс. Өйткені сыртқа тасталған қоқыс жан-жаққа желмен шашылатыны анық. Ал әлгіндей тәртіп бұзушыларды қалай анықтауға болады? Әрине, ешкім күні-түні контейнер қасында қарауылға тұрмайды, бірақ камера арқылы анықтауға мүмкіндік бар. Қазір көптеген қаланың тұрғындары камера арқылы тазалық сақтауға, санитарлық тәртіпке үйреніп қалғаны белгілі. Бірақ Ұлытау облысында әзірге мұндай үрдіс қалыптасқан жоқ. Әрине, облыстың қала, аудандарында бюджеттен қаржы бөлініп, камералар орнатылып та жатыр. Алайда соның нәтижесі көрінбейді. Жезқазған қаласында көшелерде, контейнерлік алаңдар мен қоқыс үйінділері түзілетін орындарда бейнебақылау камераларын орнатуға 295 млн теңге қаржы бөлінген. Әр алаңға бір емес, екі камерадан қойылып, барлығы 66 алаңға 132 камера орнатылған. Заңсыз төгілген қоқыс үйінділерінің қайта түзілуін болдырмау және тазалықты сақтау мақсатында Сәтбаев қаласының 40 қоқыс алаңында 40 бейнебақылау камерасын орнатуға 10 млн теңге сол алаңдарды жарықтандыруға 15 млн теңге қарастырылған. Дұрыс-ақ! Ал нәтиже қандай? Ешқандай...

Үйінен шығарған қоқысын кон­тейнердің сыртына қалдырып кете­тін тұрғыннан бастап кез келген жерге қоқыс төгіп, айналаны бүлді­рушілермен күрес бюджеттен қаржы қарастырып, оларды жою арқылы емес, кінәлілерді ұстау, оларға тиісті айыппұл салып, өндіру арқылы жүргізілгенде ғана өзінің тиімділігін көрсетсе керек. «Кінәліні табу – қиын, бюджеттен ақша бөлу – оңай» екені белгілі. Бірақ бұлай жалғаса бере­тін болса, айналамыздың тау-тау қоқыстардан жуық арада тазара қоюы неғайбыл-ау...

 

Ұлытау облысы