«Мен әрқашан айналамнан талантты адамдарды көргім келеді. Олар мен үшін мереке» деп ағынан жарылған Аюханов тағы бір жазбасында: «Балет тек өнер ғана емес! Бұл – бейнет! Бұл – еңбек! Бұл – төгілген қан мен тер!» деп тебіреніпті. Саналы ғұмырын бекзат өнермен ұштастырған шебер қазақ балет мектебін биік шыңға көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосты.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан әріптестері мен шәкірттері оны өз ісіне құлай берілген маман, ұлтын сүюдің ұлағатты үлгісін көрсеткен азамат ретінде еске алды. Күнделігіне «Мен қазақты құбылыс деп есептеймін. Бұл – ұлт деген ұғымнан да биік!» деп жазған би саңлағы өз халқының таным-тағылымын, салт-дәстүрін, рухани мектебін айрықша бағалаған.
Қонақтар өнер иесінің көрме төрінен орын алған фотошежіресімен, тіршілігінде тұтынған жеке заттарымен, сондай-ақ марапаттары және ғылыми еңбектерімен танысты. Экспозицияның елеулі бөлігіне бишінің түрлі қойылымда киген сахналық костюмдері қойылған. Олардың қатарында Қазақ КСР халық әртісі А.В.Селезневке тиесілі болған, кейіннен Б.Аюхановқа сыйға берілген сахналық киім, 1965 жылы «Жас балет» театрында Куба биіне арнайы тігілген костюм, Ян Сибелиустың музыкасына жазылған «Мұңлы вальс» классикалық биіне киген калетасы және «Гамлет» балетіндегі өзінің сүйікті партиясын орындағанда киген костюмі келушілердің зор қызығушылығын тудырды.
Айтулы іс-шараны ашқан Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова тағдыр берген талантын ел мәдениетін өркендетуге арнаған айтулы тұлғаның айшықты мұралары кейінгі ұрпақ үшін өлмес өнеге екенін атады.
Көрме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы Болат Аюхановтың жеке кешенінен және Мемлекеттік академиялық би театрынан алынған материалдар негізінде жасақталған.
Болат Ғазизұлы Аюханов – 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген. 1955 ж. Алматы хореография училищесін, 1964 ж. А.В.Луначарский атындағы Мәскеу театр өнері институтының балетмейстерлік факультетін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 1957 ж. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет әртісі болып бастаған.
1964 ж. бастап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балетмейстер, 1965 жылдан «Қазақконцерт» екі актерлі Театрының балет солисі, ал 1967 жылдан «Қазақконцерт» жанындағы Алматы Жастар балеті көркемдік жетекшісі, балет солисі болды. 1975 ж. Қазақстан классикалық би Ансамблінің көркемдік жетекшісі, кейіннен директоры қызметін атқарды. 1991 ж. Қазақ мемлекеттік классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, 2003 жылдан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған Мемлекеттік академиялық би театрының директоры болды.
АЛМАТЫ