«Бозбала осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің» демей ме Әсеттің өзі? Кешегі Кемпірбайдың кеудесінен ұшқан «көкала» үйрек екінің бірінің көмейіне ұя салмайды. Ақан мен Біржаннан, Әсет пен Кемпірбайдан қалған асыл мұраның кешегі иегерлері Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжановтар болғанда, олардың көзіндей жалғасы, ұлы сарынның алтын жүлгесі Қайрат Байбосынов десек, артық емес. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов туғалы әнді қалай мәпелеп келсе, әншісін халық та солай аялауға тиіс қой. Осыны ескерген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен әнші халқымен қайта қауышты. Сұхбатты аталған клубтың жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүргізіп отырды. Оқытушылар мен студенттер сұрақтар қойып, құрметті қонақтың әні мен әңгімесін қоса тыңдап, емен-жарқын әңгіме-дүкен орнады.
«Арманым – халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын насихаттап, халықтың жүрегіне жеткізу, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ол арманым орындалып келеді», дейді әнші. Аузын ашқанда айтқан сөзі еді бұл. Елеусіз естілгенімен, есті сөз. Кездесу басталған бетте бұл кісінің орындауындағы бірнеше әнді шәкірттері шырқап салды. Көңіл көтеріліп қалды.
Жетпістен асып, сексенге бет алған өнер иесі Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын» орындағанда тыңдарманды таң еткендей әсерге тағы көмді.
«Алпысқа келіп ән салып, атын бір қойдым «Қалдырған» депті Үкілі Ыбырай. Демек әнші халықпен жүздесуге дайындалып, осы әнді баптап келгенге ұқсайды. Жұртшылық алдындағы жауапкершілігіне қылау түсірмейтіні осыдан көрінеді. Қарттықтың әнін құйқылжытып отыр.
Сұрақтардың біразы классикалық қазақ әндерін салушылар мен эстрада жанрында орындаушыларға деген көзқарас тұрғысында қойылды. «Эстрадалық жанрда ән салғанымен, оны да жарытып жатқандар шамалы. Таза эстрадамен айтатын бір жақсы әншіні айтыңызшы? «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп айтқан соң не деуге болады?», деп бір кетті. «Дәстүрлі әншілердің эстрадаға кеткеніне қалай қарайсыз?» деген сұраққа жауап қана емес, бұл – бүгінгі орындаушының бәріне қарата айтылған ұстаздың сөзі. Ал арагідік эстраданың сүйемелдеуімен ән жаздырып жүрген Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова сияқты әншілердің әнді қай деңгейде шырқайтынын халық жақсы біледі.
«Ұстазым Жүсіпбек Елебеков Шәкәрім, Мұхтар Әуезов туралы әңгімелер айтып отыратын. Ақталмай тұрғанда Иманжүсіптің әнін радиоға жаздырып жіберген сол кісі. Ол кезде аса қауіпті жағдай. Сонда айтқан бір әңгімесі еске түсіп отыр: «Сәкен Сейфуллин бір жылы көкбазардан байтал әкеліп сойдырып, қонақ шақырыпты. Арасында Ахмет Байтұрсынұлы бар екен. Әңгімелестік, ән салдық, Әбікен Хасенов күй тартты. Сөз арасында Ахмет Байтұрсынұлы «біз қазақ мәдениетін өсіруге тиіспіз. Домбыраға ғана сүйеніп, тамағымызды керіп отыра беруімізге болмайды. Арнайы оқу орындарын ашу керек. Музыканттарымыз нота тануға тиіс. Дүниежүзі музыканттарымен иық тірестіріп қатар тұру үшін», деп Ақаңның сөзін айтқаны бар.
Бір қуанышым, осы заманда сол кісінің арманы орындалып келеді», деді Қайрат Байбосынов. Арғы жағын оқырман өзі сабақтап алар.