Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2023

Суреткер. Жетім күйі

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақы жан, қазақы қа­лып. Қазақы қалып­ты әр жерден кезіктір­ге­ні­міз­бен, қазақы жан­ның қо­ңырқошқыл иісін жо­лықтыру қиын. Қазақ болу дегеніміз қазақы жанмен өлшенбек. Жаны отар­ланған адамнан ұлттық сезім, ұлттық намыс жо­йы­ла­ры хақ. Онда тек же­ке бас мұраты ғана қа­раң­дайды.

Суреткер. Жетім күйі

Әуезовті оқу – қазақы жан­ның жоғарғы үлгісімен қауышу. Солайша өзіңнің тозаң­дана бас­таған түбіріңмен табыс­қан­дай әсерге орану. Әр шы­ғар­ма­сында ұлтқа ғана тән сенім, ниет, асаулық, адалдық, аяу­шылық, ақжүректілік, кісікиік мінез мұнартады. Тіпті жазушы Шекспирді аударса да ұлттық шапан жауып, басына тақия, аяғына саптама етік кигізіп қояды.

Әуезовтың кейіпкерлері Дос­тоевскийдің кейіпкерлері се­кілді қарама-қайшылық арпалысында ғұмыр кешпейді, немесе Чеховтың кейіпкерлері сынды сыңаржақ пікірлер мен мысқыл шекпенін жамылмайды. Олар алабажақ түстер ішінен ноқаттай шұғылаға, адасқан үміттер арасынан тал қармауға ұмтылады. Себебі Әуезов кейіпкерлерінің тұйықталуы, зар шегуі, қорлануы, беймәлім болашаққа қол созуы – халық тағдырынан туындаған суреттер.

«Жетім» әңгімесі Әуезовтің суреткерлік қырының бір шыңы. Әке-шешесінен жетім қалған Қасым туысы Исадан көрген қор­лықтан ызалану сезімінің құр­дымына құлайды. Намысы тапталып, қасіретке көміледі, ренжиді, бірақ шерін жазып сыр тарқатар мұңдасы жоқ, бейнеттен арашалап алар кісісі жоқ. Бар көрсеткен қайраты: – Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім?.. Неңді жеп едім?! Жазығым – қуарып қалған жетімдігім бе?» деп әлсіз шабалана шапшып, төніп келген Исаның тізесіне тас ату ғана еді. Қасымның дүмпулі ойлары мен шектен шыққан ызалы сезімдерінің нәтижесі «ақырын бүлк ету» ғана. Басқа қуат-дәрмен қайдан болсын? Бір оқығанда-ақ Қасым хәлі сол тұстағы қазақ қалыбы, қазақ жағдаятын ойға әкеледі. Неге? Ол кезең әуелі баста ханды алған, айнала қоршап маңды алған, қамалып қазақ сандалған мехнатты кезең еді. Қатықтай ұйыған рухани тұтастық бұзылған, зиялылардың аяғына қақпан түсіп қан шеңгелге іліккен, жерін тілгілеп қасақана мұжыққа аударған, елді іштен тоз­дыруға сайлау, штат деген шырға тасталып, қасақана әліп­би ауыстырылып ұрпақты тарихтың тұтқасынан бұруға күш жұмсалған, «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» саясатымен талан-тараж болған қазақ, расында, жетім емей кім еді? Жан-жақтан енген миссионерлер арқылы жер-су аттары, адам есімдері өзгер­тіліп, мәдени жәдігерлері талауға ұшыраған репрессия кезінде Орта Азиядан ең көп қырғынға ұшырап, қараушысы, қамқоры болмаған, тағдыры тала­пайға түскен қазақ халқы жетім болмағанда кім еді?

«Жетім» әңгімесіндегі бу­лыққан күшті, арындаған намыстан жаралған отты, табиғи көрінісімен таңғалдыратын, жүйеге бағынбайтын құпия аураны тек суреткер ғана жаза алмақ. Әуезов қиял-ғажайып, мис­тика немесе экзотикалық өмірді бейнелеуші емес, ол – шын­дық жыршысы. Өзі көрген дәуірдің аума-төкпе ағынын, қал­тарыс-бұлтарысын қолмен қой­ғандай суреттеуде жазушыға жетер күш жоқ. Ар-ұятынының торына қамалып азап шеккен Ға­зиза өлімі, Көксеректі ба­уы­рына басып, зұлымдыққа, қа­раулыққа қарсы адамгершілік сенімін төсеген аңғал Құрмаш, қарақшылардың қолынан ері мерт болып жалғыздық жапасын тартқан, тырс еткен дыбыстан тәніне талғажау іздеген Қаралы сұлу, Гамлет секілді қоғамды жаулаған жауыздыққа қайыспай жалғыз қарсы жүрген Бақтұғыл – бәрі де заман шындығы, дәуір ақиқаты.

«Жетім» әңгімесінің соңында жазушы жетім жүрген соқпақтың суретін салады. Бейне бір тай­ғақты тар заманның шашылған қиындыларын құрағандай, тоқ­сан тарау замана ахуалының та­биғатпен астасқан қорқынышты сұлбасын жасағандай.

«Алыстағы бұлт жиі-жиі күр­кіреп, күн жарқылдайды. Түнгі тау, қара жартас алыстан пе­рілер мекеніндей болып жарқ етіп, қайта қараңғылыққа батып жо­ғалады. Түн қараңғылығы жарқ еткен жарықты тездетіп, жал­мауыздай басып қалады. Тау­дың қараңғы сырлы сайлары жар­тастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттері түндегі таудың қараңғы пәлелерін ішіне бүгіп жиып тұрғандай көрінеді...»

Аласапыран уақыт құн­да­ғында адасып, тас кеміріп, шоқ мүжіген қатігездік зардабынан жыртық киімді, өңі құп-қу болып жүдеген он бір жасар жетім бала Қасым өмірден өтті. Бірақ оның қолына әділетсіздікке қарсы тас алғызған тегеурінді қуаты, қуат ішінде жасырынған миллион талшықты алып сенімі өлген жоқ. Оның жан-тәнінен жарып шыққан соңғы сөзі адырдан адыр­ға, құзардан құзарға ауысып, қазақ сахарасының әр тұсында әлі күнге жаңғырып тұрғандай.

– Ағатай, жетіммін...