Қоғам • 27 Қыркүйек, 2023

Түрік тілі мен мәдениеті кабинеті ашылды

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуразия ұлттық университетінде «Түрік тілі мен мәдениеті» кабинеті ашылды. Жаңа аудиторияда Қазақстан және Түркия мамандары студенттердің түркі интеграциясын дамыту, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын және мәдени дипломатиясын нығайту бағытында білімдерін кеңейтеді. Бұл жас ғалымдарға түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосымша мүмкіндіктер береді.

Түрік тілі мен мәдениеті кабинеті ашылды

Жаңа кабинет түркология мен түрік тілін үйренуге қажетті материалдық-техни­калық базамен, электронды және бас­па оқу құралдарымен, заманауи элек­тронды мультимедиялық тақтамен жаб­дықталған.

«Түрік тілі мен мәдениеті» аудито­риясының ашылуына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыды­қов, Түркияның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Мұстафа Ка­пуд­жу, Түрік ынтымақтастық және үй­лес­тіру агенттігінің президенті Хик­­мет Узденоғлы, университеттің ха­лық­аралық қатынастар факультеті түркология кафедрасы оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесу барысында Е.Сыдықов ЕҰУ Түркияның 35-тен аса жетекші университетімен белсенді ынтымақтастық орнатқанын, ондаған студент ЕҰУ-да білім алып жат­қанын атап өтті. Елі­міздің жас­тары академиялық ұт­қыр­лық ба­ғдар­ламалары аясында Түр­кия универ­ситеттерінде білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алды.

«Ынтымақтастық мамандарды бір­лесіп даярлау шеңберінде ғана емес, сонымен қатар елдеріміздің сту­дент­тері мен оқытушылары үшін ак­аде­мия­лық ұтқырлық және тағылым­дама бағдарламалары аясында да дамып отыр. Бұл кабинет Түркия мен Қазақ­­­­станды біріктіретін тағы бір алтын көпір болмақ. Осы аудитория негізінде түр­кітану саласындағы мамандарды даярлау күшейтіледі. Бұл кабинет екі елдің мәдениеті мен дәстүрлерін біріктіру ор­талығы болатынына сенімдімін. Уни­верситет ұжымы Түркия елшілігіне және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігіне кабинетті жабдықтағаны үшін алғыс білдіреді», деді Е.Сыдықов.

Жаңа оқу кабинеті ЕҰУ-дың түр­кітану кафедрасына қарайды. Бұл кафедра 2010 жылдан бері бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде 400-ге жуық маман даярлады. Қазіргі таңда 3 білім беру бағдарламасы бойынша 100-ден аса студент оқып жатыр.

Студенттерге арналған жаңа кабинет Түркияның Қазақстандағы елшілігі мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) қолдауымен ашылды.

«Біз бұл кабинетті түрік халқы, түрік жастары мен қазақ бауырларымыздың қарым-қатынасын одан әрі жақсартатын жоба ретінде қарастырамыз. Бұл аудитория үнемі студенттерге толы болады және студенттер түрік тілін өте жақсы меңгереді деп ойлаймын. Оларға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Әртүрлі түрік фирмасында жұмыс істеп, Түркияда магистратурада оқуға мүмкіндік туады. Ең бастысы, жас­тар елдерімізді бірік­тіріп, Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы қарым-қатынастың дамуына ма­ңызды үлес қосады», деді Түркия елшісі М.Капуджу.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің президенті Хикмет Узде­ноғлы тіл адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыратын көпір екенін атап өтті. Оның айтуынша, аудиторияның ашылуы ынтымақтастық көк­жиегін ке­ңейтуге мүмкіндік береді.