Команданың атауы – N1 Racing SDU. Автокөлікті құрастырушылар – аталған оқу ордасындағы инженерлік және жаратылыстану факультетінің студенттері. Топтың капитаны Елнұр Өтепбайдың айтуынша, жанармайсыз жүретін көлікті құрастыруға «Формула студент» атты студенттердің арасында өтетін әлемдік жарыс себеп болған. Десе де жас өнертапқыш бұл жобаны жүзеге асыруды Тараз қаласында колледжде оқып жүргенде армандаған. Кейін білімін жетілдіруге әрі ойындағысын жүзеге асыру мақсатында SDU университетіне оқуға түскен. Бүгінде Елнұр өзі сияқты инженерия саласынан хабары бар білімділерді осы жобаға тартып, автокөлік құрастырған. Осылайша Ресейде өткен «Формула студент» халықаралық жарысына қатысқан. Нәтижесінде, байрақты бәсекеде Қазақстанды Орталық Азиядан келген алғашқы ел ретінде танытып, командасымен топ жарған. Сондай-ақ «Формула студент» мектебінің оқу грантын жеңіп алған. Айта кетейік, аталған халықаралық студенттер жарысын Автомобиль инженерлері қауымдастығы (Automotive Engineers Society) ұйымдастырады. Бұл бастама – инженерлік және автоспорт салаларын дамыту бағытында өткізілетін студенттік жоба. Білімділер осы жарыста бақ сынау үшін өздерінің көліктерін құрастыруы керек.
– «Формула студент» – 1987 жылдары басталған әлемдік жарыс. Ал еліміз оған 2014 жылдан бері қатыса алмай жүрді. Осыған қатысу арманым болатын. SDU-ге түсудегі мақсатым да осы еді. Өйткені мұнда автокөлікті құрастыру идеясын қолдайтын мамандар да, мүмкіндіктер де бар. Бір жағынан «Неге отандық инженерлер көлік, ұшақ сияқты дүниелерді шығармайды?» деген сұрақ туындады. Жалпы, Орталық Азия бойынша «Формула студент» жарысына алғашқы қатысқан команда біз болдық. Мұнда бағымызды сынау үшін көлігімізді құрастыруға төрт ай шамасында уақыт кетті, – дейді команда капитаны Елнұр Өтепбай.
Өнертапқыштың сөзіне сүйенсек, «Формула студент» әлемдік жарысына тек көлікті құрастырып қана жарысу міндеттелмеген. Онда инженер ретінде еңбегің бағаланып, қаржылық тиімділік, құрылғының әрбір бөлшегіне жұмсаған уақыт, конструкторлық, технологиялық, кадрлық мәселелер назарға алынады. Осылардың барлығы ескеріліп, жеңіске жету жолы бағаланады. Автокөлікті құрастыруға қаржы жұмсалатыны белгілі. Өйткені жанармайсыз қозғалатын құрылғыны ойлап табуға ұшқыр ойдан бөлек, қаржының да маңызы бар. Бұл ретте N1 Racing SDU командасының жетекшісі Елнұр Өтепбай бюджеттің қалай жұмсалғанын және кімдер қолдау білдіргенін айтып берді.
– Бұл көлікті құрастыруға 2,5 млн теңге жұмсалды. Мұндай қаржының жиналуына команданың мүшелері барынша үлес қосты. Сонымен қатар SDU университеті 1 млн теңге көлемінде қолдау білдіріп, бізге оқу ғимаратының жертөлесіндегі «технопарк» кеңістігін пайдалануға рұқсатын берді. Бұл жерде бүкіл идеямыз ортаға салынып, жүйелі жұмысымыз атқарылады, – деп түсіндірді студент.
Елнұр жетекшілік ететін команданың құрамында бүгінде өзінен бөлек тағы алты студент еңбек етеді. Осы ретте ерекше айта кететін жайт, бір ғана көлікті құрастыруға осынша білімді жас үлес қосса, бұл бағытта жұмыс істейтін әлемнің басқа командалары 100 шақты адаммен автокөлікті ойлап табуға күш жұмсайды екен. Алдағы уақытта Елнұр ең мықты деген болашақ инженерлерді өз қатарына қосып, жемісті еңбек етуді көздеп отыр.
Команданың белді мүшесі Диас Қабдуәлиев – көліктің электроникасын бір кісідей білетін білімпаз. Автокөліктің бүкіл бөлшегі мен жұмыс істеу қағидатын жақсы меңгерген. Оның айтуынша, бұл көліктің қуаты 5 кВт-қа тең, яғни, 10-15 аттың күші бар. Орташа жүріспен сағатына 30-40 шақырымды бағындыра алады.
– Көлікте арнайы аккумулятор орнатылған. Оны шамамен 5-6 сағаттай қуаттаймыз. Ал энергия алмасуы шынжыр арқылы жүзеге асады. Яғни, автокөлік электрлі мотор арқылы қозғалады. Бөлшектері арнайы тапсырыспен алынады. Кейбірін іздеп табамыз. Құрылғыны өзіміз зерттеп, ойлап тапқандықтан, бұзылған жерін жөндеу бізге қиындық тудырмайды, – деген Диас көліктің құрылымын жан-жақты түсіндіріп берді.
Елнұр Өтепбай алдағы уақытта бұл жобаны жан-жақты жетілдіруді мақсат етіп отыр. Ендігі шаруа – осы қарқынды бәсеңдетпей, келер жылы екінші автокөлікті құрастыру. Айтуынша, оған едәуір ақша қажет. Шамамен 20 млн теңгедей. Өйткені енді құрастырылатын құрылғыда бөлшектер сапалы, мықты болмақ. Мәселен, бұл көлік тоқпен жүргендіктен, оны жауын-шашыннан қорғайтындай материал болуға тиіс. Яғни, судың өтіп кетпеуі қадағаланады. Сонымен қатар соққыға төтеп беретіндей қаңқасы да берік болуы керек. Осы сияқты көлікке арналған басқа да сапалы керек-жарақтары ескеріледі. Ал ондай жағдайға жеткізу үшін, әрине қомақты қаржы қажет. Сондықтан Елнұр бастаған команда алдағы уақытта отандық өнімді қолдайтын демеушілерді іздейді.
– Басты мақсатымыз – екінші көлікті құрастыру. Сондай-ақ болашақ инженерлердің қабілетін жан-жақты дамыту. Қазір аталған бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы салаға қызығатын студенттерді іріктеп, идеяларын бірге жүзеге асыруды қолға алудамыз. Оларға автокөлікті құрастыруды үйретіп, жарысқа дайындаймыз. Осылайша инженерлер өздерінің еңбектерін шетелде көрсете алады. Автомобиль құрастыратын ірі компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинауына жол ашылмақ. Кейін елімізге оралып, осы саланы дамыту бағытында еңбек етуге тиіс, – дейді Елнұр Өтепбай.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ,
журналист
Алматы облысы,
Қаскелең қаласы