Біздің елімізде алтын құймаларды сатып алуға 2017 жылы ғана рұқсат беріліп, екінші деңгейлі банктер арқылы сатылымға шықты. Сол кезден бастап, бүгінгі күнге дейін алтын құймаға деген сұраныс артпаса, төмендеген емес.
Сонымен халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және кері сатып алу бағдарламасы іске қосылғаннан бері, 2017 жылы – 1 786 дана (64,1 кг), 2018 жылы – 3 925 (150,1 кг) дана, 2019 жылы – 8 002 дана (328,8 кг), 2020 жылы – 9 101 дана (404 кг), 2021 жылы шамамен – 9000 дана (394,2 кг), 2022 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 1,1 тонна 37 940 алтын құйма сатылған. Соңғы алты жылда жалпы салмағы 4,8 тонна болатын 138 мың 255 алтын құйма сатылып, жалпы салмағы 644 кг болатын 24 мың 500 өлшеуіш құйма кері сатып алынған.
Бұл сатылған алтын құймаларының 18%-ын құрайды. Кері сатып алынған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Бас банк аффинаждалған құйма түріндегі алтынды Kazakhmys Smelting ЖШС, «Қазцинк» ЖШС және «Тау-Кен Алтын» ЖШС секілді жергілікті кәсіпорындардан сатып алады. Қазіргі таңда біздегі «Қазцинк» пен «Тау-Кен Алтын» компаниялары London Good Delivery халықаралық стандартқа сай тазартылған алтын өндірушілер қатарына енген.
Құнын жоғалтпайтын бұл металл түрі елдегі инфляция мен экономикалық дағдарысқа төтеп беретін сенімді инвестиция әрі қаржылық қиындыққа кезіккендер үшін таптырмас құрал болып табылады. Сондықтан біздегі банк пен айырбастау пунктері келушілерге керекті қаражатын сол күні төлеп, құймаларды кері сатып алуға мүмкіндіктер жағын да қарастырып қойған.
Ұлттық банк әлемдік нарықтағы алтынның құнын есепке алып, ай сайын құймалардың бағасын жариялайды. Осы ретте алтынды сату мен сатып алу бағасы валюта курсына байланысты есептелетінін айтып өткен жөн.
Сонымен Бас банктің есебінше, биылғы жылдың тамыз айында ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 137,2 кг болатын 3 072 алтын құймасын сатып алған. Бұл мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш көрінеді. Бір айда сатып алулар 10,1% - ға өсіп, жалпы салмағы 68,6 кг болатын 2 395 өлшеуіш құйма сатылған екен. Бұл өткен жылдың тамыз айындағы есептен 28,3%-ға артық болған.
Өлшенген құймаларды сатудың ең жоғары көлемі Алматы (1 527 құйма), Шымкент (693 құйма) және Астана (221 құйма) қалаларында тіркелген.
Айта кету керек, тамыз айында алтынның құны 1 грамм үшін 2,5%-ға – 28,8 мың теңгеге дейін өскені бар.
Әлемдік нарықта алтын унция бойынша өлшенсе, бізде граммен есептеледі. Сондықтан алтын құймасының бағасы да салмағына қарай әртүрлі. Елімізде мұндай құймалар 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық болып бөлінеді. Деректерге сүйенсек, сатып алушылар арасында салмағы 5 және 10 грамдық құймаға деген сұраныс жоғары көрінеді.
Қазіргі таңда алтын құймаларын Halyk bank-тен, Еуразиялық банктен, Jýsan bank-тен, БанкЦентркредиттен, сондай-ақ айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапта шығарылады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеріп, ал қорғаныш қорабы сапа сертификаты екендігін, сондықтан алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабының бүлінбеуіне мән берілуі керек.
Айтпақшы, сатып алуға немесе кері сатуға шығатын алтын құймасы қарапайым халық үшін қолжетімді болғанымен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры алтын құймаларына кепілдік бермейтіндігін атап өткен жөн.