«Елімізге негізінен ТМД, Қытай және Моңғолия елдерінің азаматтары тұрақты тұруға келіп жатыр. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық мамандықтары бар шетел азаматтары көбірек», деді А.Ертаев.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері 160 мыңнан аса тұрғын ел ішінде қоныс аударған. Еліміздің ірі мегаполистері ішкі мигранттарды тартудың орталығы болып отыр. Мәселен, бұлардың үлесіне бүкіл ішкі көштің 40%-ы тиесілі.
«Көші-қон саясаты тұжырымдамасының бірінші бағыты – білім иммиграциясы. Оның мақсаты елімізді аймақтық білім беру хабы ретінде айқындау болып отыр. Бұл үшін заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық жоғары оқу орындарын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейінгі екі жылда отандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды», дейді ол.
Оның айтуынша, екінші бағыт – бизнес-иммиграция, оның шеңберінде елдің инвестициялық тартымдылығын кеңейту бойынша шаралар қабылданған.
«Біз А-5 санатындағы инвесторларды шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алудан босаттық. Жыл басынан бері мұндай инвесторлық визалар 76 шетелдік азаматқа берілді. Әлеуетті инвесторлар үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша шетелдік мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі оңтайланды. Инвестициялық визалық шекті төмендету жоспарланып отыр», дейді А.Ертаев.
Сондай-ақ ол Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында сыртта табысты бизнес-кейстері бар шетел қазақтары үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілгенін мәлімдеді. Қазір «Ата жолы» картасын алушылардың алдын ала тізімі жасалған. Әзірге тізімде 50 шетелдік қазақ бар көрінеді.
Спикердің айтуынша, көші-қон саясатының үшінші бағыты – елімізге білікті шетелдік мамандарды тарту. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіптердің бекітілген тізбесі аясында нақты жұмыстар басталды. Енді тізімде кәсіптері бар шетелдіктер жеңілдетілген тәртіппен тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады. Сонымен қатар рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Басты жаңалық – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады. Әйткенмен еңбек нарығында отандық мамандардың үлесі 95 пайыздан төмен болмауға тиіс.
«Этностық иммиграцияны регламенттейтін келесі бағыт шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдықтары шетелдегі қазақтардың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады. Сонымен қатар қандастарды қоныстандырудың жаңа алгоритмі қабылданды. Енді қабылдау үшін өңірді айқындау 4 негізгі санат бойынша жүзеге асырылады: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту; отбасын қауыштыру; Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру; даму әлеуеті бар елді мекендерге қоныстандыру», дейді Көші-қон комитетінің төрағасы.
Жыл басынан бері елімізге барлығы 15,5 мың репатриант келген, оның 9,6 мыңы – еңбекке қабілетті. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды. Сондай-ақ Көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан аса отандасымыз шетелде жұмыс істейді. Олардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркия, БАӘ, Ұлыбритания т.б. елдермен жаңа келісімдер жасасуға бастамашылық жасап отыр.
Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін елімізде «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталып жатқан көрінеді. Осы жүйе бойынша жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге және т.б. көмек көрсету үшін қосымша тиісті жұмысты еңбек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді.
«Алтыншы бағыт шеңберінде жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті реттеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл үшін ішкі ұтқырлықты ынталандыру шаралары қабылданады. Жалпы, биыл «Серпін», «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларын іске асыру нәтижелері бойынша 33 мыңнан аса адам мемлекеттік қолдау шараларын алады», дейді спикер.
Ішкі қоныс аударушылар үшін жаңа серпінді тетік – тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаржылық көмек. Бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде (жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда) экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Қазір бұл сертификаттар 224 отбасына беріліпті.
«Келесі бағыт – босқындармен жұмыс. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 559 пана іздеушілер мен 321 босқын бар. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы аймақтық басқармасымен бірлесіп, жоғарыда айтылған азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, медициналық және әлеуметтік көмек көрсету шаралары әзірленді. Геосаяси жағдайлар, оның ішінде пана іздеп жүрген адамдардың жаппай ағынын ескере отырып, Үкімет оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастырудың тиісті қағидаларын бекітті», деді А.Ертаев.
Сонымен қатар ол көші-қон үдерістерін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.
«Бүгінде біз мигранттарды тіркейтін бірыңғай жүйе құру үшін қолда бар ақпараттық жүйелердің бәрін өзара интеграциялауға кірістік. Шетелдегі мекемелеріміз үшін «Қандас» атты жаңа функционалды автоматтандырылған ақпараттық жүйені іске қосу басталды», деді Көші-қон комитетінің төрағасы.