Өндіріс • 28 Қыркүйек, 2023

Қағаз өнеркәсібі тұралап тұр

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет отандық қағаз өнеркәсібін дамыту үшін қорғау тетіктерін іске асырып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта кеңсе қағаздарын шетелдік өндірушілерден сатып алуға тыйым салынған. Бұл шектеу екі жылға жарамды. Бұл салада еңбек ететін кәсіпорындардың көбі майлық, сүлгі, орамал және тұрмыстық қағаздар өндіреді. Ал кеңсе қағазын өндірумен төрт кәсіпорын айналысады.

Қағаз өнеркәсібі тұралап тұр

Қарағанды целлюлозо-қағаз комбинаты, Павлодар картон және рубероид зауыты, «Ақтөбе қағазы», «Kagazy Recycling», «Завод Гофротара» және басқа­лар тұрмыстық қағаз шығарса, Шым­кенттегі – «Qagaz Ordasy», Астана­дағы – «Goida.kz», Петропавлдағы – «Радуга» ЖШС және «А энд К Экспо LTD» кеңсе қағаздарын нарық­қа шығарып отыр. Алайда «Еnergyp­rom» сарапшыларының айтуынша, тек­сер­іс барысында «Радуганың» шын мә­нінде тұрмыстық қағаздар өндіре­тіні белгілі болған. «А энд К Экспо LTD» компаниясының да ресми сай­тында олар шығарып отырған кеңсе қағаз­дарының Қазақстанда жасалғандығы туралы дерек жоқ болып шығыпты.

Ұлттық статистика бюросының ақпарынша, былтыр еліміздегі картон және қағаз өндірісі 60,1 мыңнан 98,3 мың тоннаға, 63,6 пайызға артты. 2022 жылғы көрсеткіштер 2017 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Биыл қаңтар-шілдеде өткен жылдың ұқсас ке­зеңіндегі көлемді әупірімдеп сақтай алған. Бұл категория статистикалық есеп­терде жалпылама берілгендіктен, одан кеңсе қағаздарының көлемі туралы ақ­паратты бөліп алу мүмкін емес. С­анат­тағы өсім гофрленген картон өн­дірісі есебінен туындаған болуы мүмкін.

«Қағаз өнеркәсібінің кейбір ішкі санаттары да соңғы жылдары өсті, бірақ соншалықты күшті емес. Өнеркәсіптік өндіріс индексі соңғы бір жарым жылда салада тоқыраудың болғанын көрсетеді. 2022 жылы сектор бойынша өндіріс көлемі – 1,1 пайызға, биыл қаңтар-шіл­деде 1,8 пайызға ғана өсті. Өткен жылы кә­сіп­орындар 120,8 млрд теңгенің өнімін шы­ғарды (2021 жылы – 93 млрд теңге). Факті­лер еліміздегі қағаз және кортон өн­діру­шілердің толық жүктемемен жұмыс істемей отыр­ғанын айғақтайды. Былтыр жылдық орташа қуаттылықтың пайдаланылу үлесі 70 пайыз болды. Бұл соңғы жылдарда тіркеліп отырған максималды цифр. 2017 жылы көрсеткіш 43,2 пайыз маңайында болған», дейді сарапшылар.

Отандық кәсіпорындардың қағазы өтіп, саудасы жүруі үшін де мемлекет шеттен қағаз сатып алуға шектеу енгізіп отыр. Мысалы, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» қаңтарда 701,4 млн теңгенің кеңсе қағазын сатып алды. Өткен жылы елімізге шеттен 334,7 мың тонна қағаз бен кортон әкелінген. Ел тұрғын­дары­ның қағаз үшін шетке төлеген ақысы 600 млн доллардан асады. Басты жеткізуші – Ресей. Олардың жалпы импорттағы үлесі – 63,3 пайыз. Одан кейінгі орында Қытай тұр (16,6 пайыз). Көрші екі елден бөлек, біз шалғай орналасқан Шри-Ланка, Филиппин, Оңтүстік Африка елдерінен де қағаз сатып аламыз.