Газ – кез келген мемлекеттің энергетикалық кешенінің негізгі құрамдас бөлігі және өнеркәсіптік дамудың анықтаушы факторы. Елімізде газдың барланған қор көлемі – 3,4 трлн текше метр. Өндірістің 81% үш ірі жобаға тиесілі: Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз.
Ғасырлар тоғысында, 2000 жылдың 5 ақпанында «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамын құру туралы Үкімет қаулысы шықты, арада 21 жыл өткеннен кейін ғана оған ұлттық компания мәртебесі берілді. Ұзақ уақыт бойы газ саласы мұнай өндіру кешенінің көлеңкесінде қалып келді. Газ тасымалдау бағыты экспорт-импорт-транзит мәселелерінің айналасында болды. Дегенмен «ҚазТрансГаз» оңтүстік өңірлерді газбен үздіксіз қамтамасыз етуді жүзеге асыру аясында өзіндік ресурстық базасының іргетасын қалауды да әрдайым назарда ұстады.
2001 жылы Жамбыл облысындағы Амангелді газ конденсаты кен орнында алғашқы бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Екі жылдан кейін кен орны іске қосылып, онда өндірілген көгілдір отын оңтүстіктегі газ тапшылығының айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті. 2003 жылдың 23 қазанында Амангелді кен орнында тәжірибелік өндіріс басталды. Сол 2003 жылы «ҚазТрансГаз» ресейлік «Газпром» компаниясымен Қазақстан аумағы арқылы түрікмен және өзбек газының үлкен көлемін транзиттеу туралы ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойды. Жобадан түскен қаражат елдегі қалалар мен елді мекендерді газдандыруды бастауға мүмкіндік берді.
2021 жылдың 31 желтоқсанында «ҚазТрансГаз» атауы «QazaqGaz» болып өзгертілді. Қазір компания геологиялық барлау мен өндіруден бастап түпкілікті өнімді жүзеге асыруға дейінгі барлық өндірістік қызмет түрлерін тізбек бойынша тыңғылықты жүзеге асыруда.
Бүгінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы еліміз бойынша жалпы ұзындығы – 20,6 мың шақырымнан астам магистралдық газ құбырлары мен ұзындығы 59 мың шақырымнан асатын газ тарату желілерін басқарады. Компания ширек ғасырға жуық уақыт ішінде 2,3 млн абонентті көгілдір отынмен қамтамасыз етті. Ал мұндай абоненттердің көлемі күн сайын 85 млн текше метр газ тұтынатынын ескерсек, бұл – аса ауқымды көрсеткіш.
Елімізде кен орындарының басым бөлігі мұнай мен газды құрайды. Бірақ, өкінішке қарай, бұрынырақта ілеспе газ мақсатына сай пайдаланылмай, өндіріске тек кедергі деп есептеліп, құрдан-құр жағылып келді. Дегенмен, уақыт өзгеруде, мұнай-газ саласындағы соңғы жаңалықтар көрсеткендей, энергетикалық нарықтағы тиімділік бойынша басымдық мұнайдан газға ауысуда. Бұл жөнінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов: «Бүкіл әлемде газға деген қызығушылық артып келеді. Газ – жаһандық тренд. Себебі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұл өнім маңызды рөл атқарады. Жасыл энергетикаға көшуде де көгілдір отынның орны ерекше», дейді.
Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
2022 жылдың басынан бері «QazaqGaz» Атырау, Маңғыстау облысы және Алматы қаласында жалпы сомасы 400 млрд теңгенің жобаларын жүзеге асыруда. Биылғы жылдың мамыр айында «QazaqGaz» Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағын іске қосты. Инвестициялық жоба Мемлекет басшысының Атырау қаласы мен облысының халқы мен ірі кәсіпорындарын газбен тұрақты түрде қамтамасыз ету тапсырмасын орындау шеңберінде жүзеге асты.
Ұлттық компания Маңғыстау облысы аумағында биылғы жылы тағы бір инвестициялық жобаны аяқтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйегіндегі облысқа жұмыс сапары барысында Маңғыстауды газбен қамту жағдайына ерекше назар аударған болатын. Президент Сарша елді мекенінен бастап «Жылы жағажай» аумағына дейін газ құбырын тарту осы жерде орналасқан Құрық елді мекенін және ондағы өндірістік, курорттық нысандарды да газдандыруға мүмкіндік беретінін атап өткен еді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуы мен туристік әлеуетінің дамуына да тың серпін бермек. Сөйтіп, Құрық ауылынан Сарша елді мекеніне дейін және «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ құбырының жаңа желісі жүргізілді. Сарша елді мекенін газдандыру туристік саланың дамуына ғана емес, сондай-ақ осы аймақта орналасқан барлық кәсіпорынды тұрақты түрде газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнда су тұщыту зауыты, демалыс базалары, сонымен қатар болашақта пайда болатын қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтары да газға қосылады деп жоспарланған.
Биылғы жылдың ақпанында ұлттық компания «Бейнеу – Жаңаөзен» магистралды газ құбыры екінші тармағының құрылысын бастады. Жобаның технологиялық схемасына сәйкес, екінші тармақтың жалпы ұзындығы 308 шақырымды құрайды, өткізу қабілеттілігі – жылына 5,8 млрд текше метр.
Жобаны жүзеге асыру арқылы газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілеттілігі артып, Маңғыстау облысының табиғи газға деген сұранысын өтей алады.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы еліміздің ішкі нарығында табиғи газды ең көп тұтынатын аймақ, сондықтан екінші желі құрылысының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, сонымен қатар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде еліміздің ең басты мегаполисі Алматы қаласының экологиясын жақсарту – күн тәртібінде өткір тұрған мәселенің бірі. Халық санының үздіксіз өсуі, көлік құралдарының есепсіз көбейіп кетуі және жаңа кәсіпорындардың пайда болуы онсыз да ойпаңда, таулардың қалқасында тұрған оңтүстік шаһардың экологиялық ахуалын жылдан-жылға нашарлатып барады. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «QazaqGaz» өзінің еншілес ұйымы «Интергаз Орталық Азия» компаниясы арқылы Алматы қаласы аумағында екі автоматты газ тарату стансасының құрылысын бастады.
Ұлттық компанияның тағы бір еншілес ұйымы «ҚазТрансГазАймақ» «Интергаз Орталық Азиямен» бірлесе, Алматыдағы Жылу электр орталығы сыртқы газ инфрақұрылымын жүргізу жобасына қатысуда. Атап айтсақ, Автоматты газ тарату стансасынан ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарына жоғары қысымды газ құбырларын жобалау мен жүргізу шаралары атқарылуда.
ЖЭО-2 нысанына қажетті газ құбырын осы жылдың соңын дейін аяқтау көзделген. Ал ЖЭО-3 нысанына қатысты жұмыстарды келесі жылдың бірінші жартыжылдығына дейін бітіру жоспарланған. Айта кеткен жөн, «QazaqGaz» компаниялар тобы Алматы ЖЭО-ны жаңғырту, жаңарту жұмыстарын белгіленген уақытынан бұрын орындап келеді.
Сонымен қатар «Алматы – Байсерке – Талғар» және «Қазақстан – Қытай» газ құбырлары арасындағы екі автоматты газ тарату стансасы мен ТIP-04 газ жалғастырғышының құрылысы да қалыпты жүріп жатыр.
Әдетте, қандай да бір жобаны жүзеге асыру жеке инвесторға тапсырылады. Уақыт өте келе, бекітілген кестеге сай жүзеге аспаған жоба ұлттық оператордың қарауына қайта көшеді. Осы орайда компания барлық тәуекелді анықтау үшін халықаралық компанияларды жұмысқа тартады. 2022 жылдың тамызында жоғарыда аталған жобалар «QazaqGaz»-ға берілгеннен кейін, компания өз есебінен ҚХР-дан негізгі құрал-жабдық тасымалын ұйымдастырды. Жобалық-сметалық құжаттаманы техникалық тұрғыдан өңдеп, құрылыс-монтаж жұмыстары үшін жұмыс сызбаларын жасады. Биыл түзетілген жобалық-сметалық құжаттамаға Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Жобаның өңірге экологиялық тұрғыдан әсері де тексерілді. Ендігі мәселе – Қытай және басқа да мемлекеттерден негізгі құрал-жабдықты жеткізіп, жұмыс құжаттамасын дайындау. Бұл жұмысты жүзеге асыру міндеті халықаралық инжинирингтік «Technip Energies» компаниясына жүктеліп отыр. Компания газ өңдеу зауыты жобасын бастан-аяқ басқарып, оны іске қосып, өндіріске тапсыруға міндетті.
Өткен жылдың басынан бері ұлттық компания тұрғын халық пен бизнес саласына 389 млрд теңгеге газ бағасына субсидия жасады. Осы кезеңде 450 мыңға жуық отандасымыз газға қол жеткізді.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облысы Келес ауданының Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерін табиғи газға қосты. Бұл ауылдарды табиғи газбен жабдықтау үшін газ құбырлары 2021 жылы салына бастаған еді. Табиғи газ Бәйтерек, Жамбыл-2 елді мекендеріне Ғани Мұратбаев атындағы газ тарату стансасынан (ГТС) көгілдір отынды жеткізу үшін 25 шақырымнан аса газ құбыры төселіп, 2 дана газ реттеу пункті, 414 дана газ реттегіш шкафты пункт орнатылды. Осы шараның арқасында 544 тұрғын үйді табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды.
Жалпы, Түркістан облысы Келес ауданындағы 83 елді мекенде 133 753 тұрғын тұрады. Бүгінгі күні ауданда 65 елді мекен табиғи газбен қамтылған, яғни елді мекендердің 78%-ы «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Аудан бойынша абонент саны – 14 629.
Биылғы жылы Келес ауданы бойынша тағы 6 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауданның экологиялық тазалығын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарын жылыту маусымында көмір жағып, күл шығару машақатынан құтқарады.
Түркістан қаласы 100 пайыз газбен қамтамасыз етілді. Түркістан облысының 833 елді мекенінің 470-і (56 пайыз) газдандырылған. Жыл соңына дейін тағы 57 ауылға көгілдір отын жеткізілмекші.
Жаз бойы «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мамандары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-мен, өңірлердегі коммуналдық қызмет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларымен, ірі кәсіпорындармен өзара бірлескен, тиімді іс-қимыл жүргізе отырып, 2023-2024 жылдарғы жылу беру маусымына дайындық бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Еліміздің барлық аймағында газ тарату желілері тексеріліп, қажет жерлерде жөндеу жүргізілді, жабдықтар ауыстырылды, жаңа газ құбырлары салынды. Қазіргі уақытта отандық газ тарату желілері алдағы жылыту маусымына 100% дайын. Барлық жоспарланған іс-шара уақытымен атқарылды, соның арқасында тұрғындар жылыту маусымында көгілдір отынды алаңсыз тұтынатын болады.
2022 жылдың жазында «QazaqGaz»-ға қарайтын, табиғи газ өндіретін «Амангелді Газ» ЖШС «QazaqGaz Барлау және өндіру» кәсіпорны болып қайта құрылды. Осылайша, жер қойнауын пайдаланудың барлық жаңа жобасы бір құрылымға біріктірілді. Компания жаңа кен орындарын барлау және игеруге 10 жаңа лицензия алды. 2022 жылы «QazaqGaz» компаниялар тобы барлық өндірістік жоспарын орындады. Компания басшылығының мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда газ тұтыну 19,9 млрд текше метрді, экспорт 5 млрд текше метрді құрады. Болжам бойынша 2030 жылға қарай елдегі газ тұтыну көлемі 40 млрд текше метрге дейін өседі. Бүгінгі таңда елімізде өндірілетін газ қоры 3,8 трлн текше метр деп бағаланады.
«QazaqGaz»-дың басты міндеттерінің бірі – геологиялық барлаудан бастап конфоркаға дейінгі барлық құн тізбегі бойынша газ нарығын қалыптастыру және ынталандыру. «QazaqGaz» еліміздің газ саласындағы оң өзгерістердің катализаторы және елдің газ әлеуетін барынша арттыратын тиімділігі жоғары ойыншы болып отыр. Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында газды сатып алудың жаңа формуласы таныстырылды.
Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде газдың орташа бағасы 1000 текше метріне 40-50 долларды құрайды. «Жаңа формуланың көмегімен жаңа бағаны минимум 110-120 долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Осылайша, жаңа формула газды 2-2,5 есе қымбат сатуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, геологиялық барлау мен газ қорын игеруге жақсы жол ашады», дейді А. Хасенов.
Тұрмыстық газды тұтынудың айтарлықтай бөлігі халықтың қажеттіліктеріне бағытталған, бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің басым энергетикалық саясаты болып табылады.
«Барлау мен өндіру тиімді болмайынша, оған ешкім қаражат салмайды. Біз жер қойнауын пайдаланушылардан барлау мен өндіруге қандай газ бағасымен инвестиция салуға дайын екендіктерін сұрадық. Бұл шикі газды сатып алудың жаңа формуласын анықтауға түрткі болды. Баға экспорттық бағаға және кен орындарында жүргізілген жұмыстың ауқымына қарай қойылады. Бұл формуланы енгізген соң, барлау мен өндіруде жандану басталады деп ойлаймын. Мұндай жағдай басқа елдерде де орын алған. Тиімділік болса, жер қойнауын пайдаланушылар нарыққа өздері газдың мол көлемін ұсынады», деді С.Жаркешов.
«QazaqGaz»-дың табиғи газ бойынша өзінің жеке қоры 2022 жылы мынадай болды:
– Амангелді кен орны – 10,26 млрд текше метр;
– Жарқұм кен орны – 0,343 млрд текше метр;
– Айрақты кен орны – 2,485 млрд текше метр;
– Анабай кен орны – 2,226 млрд текше метр.
2022 жылдың желтоқсанында «QazaqGaz» бұрын «Самұрық-Энерго» АҚ иелігінде болып келген «Придорожное» кен орнын қабылдап алу рәсімін аяқтады. Алдын ала мәлімет бойынша, «Придорожноедегі» алынатын газ қоры – шамамен 10 млрд текше метр.
2023 жылы Анабай кен орнын пайдалануға беру жоспарланды. Өндірістің болжамды көлемі жылына 16 млн текше метрді құрайды. 2026 жылы болжамды өндіріс көлемі жылына шамамен 48 млн текше метрді құрайтын «Барханное» кен орнын, 2027 жылы өндіріс жылына 142 млн текше метр құрайтын «Придорожное» кен орнын пайдалануға беру жоспарланды. Осылайша, компания ресурстық базаны ұлғайту бойынша нақты және жан-жақты ойластырылған жоспарларымен өз қызметінің жаңа кезеңіне көтеріліп отыр.
Бәсекеге қабілетті, білімді һәм заманға сай бейімделген маман даярлау – компанияның қызметінің үнемі назарда ұстайтын бағыттарының бірі. Осы тұрғыда «QazaqGaz» ҰК» АҚ Satbayev университетінің Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты, сондай-ақ Қазақ-Британ техникалық университеті энергетика және мұнай-газ саласы факультетінің студенттеріне атаулы стипендиялар тағайындаған еді. Арнайы байқау жарияланып, оған 110-нан аса өтінім келіп түсті. Өтінімдерді қарастыру кезінде білім алушының орташа балы, қоғамдық және ғылыми қызметке қатысуы ескерілді. Әлеуметтік осал санаттағы студенттерге ерекше назар аударылды. Іріктеу конкурсының және өткізілген сұхбаттың нәтижелері бойынша комиссия 12 студентті таңдады.
«Біз үшін отандық газ өнеркәсібі жоғары білікті кадрлармен толықтырылғаны маңызды. Сондықтан олардың академиялық жетістіктерін қолдау үшін ең жақсы студенттерді таңдадық. «QazaqGaz» атаулы стипендиясы Қазақстандағы бакалавриат студенттері үшін ең үлкен стипендия екендігін атап өту қажет», дейді Ұлттық компания басшысы.
Бұдан бұрынырақ «QazaqGaz» ҰК» АҚ жанынан «QazaqGaz ҒТО» ғылыми-техникалық орталығы құрылған болатын. Компанияның мақсаты – ғылымды, инновация және өндірісті интеграциялау, профессорлардың, оқытушылар мен мамандардың соңғы технологиялық әзірлемелерін жұмыста қолдану, сондай-ақ газ саласындағы қазақстандық ғылымды нәтижелі дамыту.
Қорыта келгенде, ел экономикасының жетекші драйверлерінің бірі – «QazaqGaz» компаниясы өндірістің, кәсіпорынның ішкі-сыртқы саясатты, тыныс-тіршілігінің барлық саласы бойынша даму, өрлеу жолында.