Үкімет • 28 Қыркүйек, 2023

Ақпараттық қауіпсіздік қағидаты

221 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Жиын барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібіне қатысты заң жобасы қаралды.

Ақпараттық қауіпсіздік қағидаты

Күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіп­сіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы. Құжат бірінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, құжат ақпаратты, оның ішінде жеке деректерді қорғаудың құқықтық базасын құру жұмысының жалғасы. Жоба үш блоктен тұрады.

«Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған. Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақы­лау енгізіледі. Құжаттың нормасы оператор­лармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді», деді Е.Смышляева. Сонымен қатар бұл операторлар­мен профи­лактикалық жұмысты жолға қоюға мүмкіндік береді. Олардың әрқайсысы жеке деректердің жарияланып кетуі туралы ақпарат анықталған сәттен бастап 3 күн ішінде реттеушіге хабарлауы керек.

«Заң жобасының екінші блогі «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогі жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады. Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпа­рат­тық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етеді. Басқарылатын хакерлік бұзу тапсырыс иелерінен келеді, қатынастар арнайы платформалар арқылы ресми түрде жасалады. Барлық жұмыстар заң шеңберінде жүргізіледі. Әлемде мұндай платформалар ақпараттық қауіпсіздік бо­йынша үздік мамандарды тартады», деді Е.Смышляева.

Депутаттың айтуынша, құжаттың үшінші блогі мемлекеттік органдардың ақпарат­тандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мем­ле­кеттік ақпараттық қауіпсіздік орта­лығын құруға арналған. Сонымен қатар мем­лекеттік техникалық қызмет база­сын­да бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репозиторийі құрылады. Осылайша, ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы, электрондық үкіметтің тұрақтылығын арттырады.

«Бүгінгі таңда үш жүз елуге жуық мемле­кеттік ақпараттандыру нысаны жұмыс істейді. Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі жанында жұмыс істейді. Бұдан басқа, мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репо­зиторийі құрылады. Онда электрондық үкі­меттің бағдарламалық өнімдерінің бас­тап­қы кодтары сақталады. Бұл олардың нұс­қаларын басқаруды қамтамасыз етеді», деді Е.Смышляева.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Никита Шаталов әлеуметтік желілерде отандастырымыздың жеке деректері заңсыз таралып кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, азаматтардың ЖСН-і, тұрғылықты жері, аты-жөні шетелдік Телеграм-ботта ашық түрде көрінеді.

«Тек телефон нөмірін енгізу керек болды. Бұл тұрғыда адамдар осы мәліметтер мем­лекеттік ақпараттық жүйелерден алынуы мүм­кін деп ойлап жүр. Бұл қалай мүмкін болды және министрлік жағдайды түзету үшін не істеді? Бүгін Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы айтылған мәселені шеше ме?», деді Н.Шаталов.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков бұл мәліметті растады. Алайда деректерді басқаша тәсіл арқылы жинауы мүмкін. «Аталған жүйе ақпаратты әр­түрлі көздерден, соның ішінде әлеуметтік желілерден және ұялы телефон нөмірін енгізу негізінде жинап, деректерді өзара біріктіріп отырады. Біздің ойымызша, бұл мәліметтерді Қазақстанда тыйым салынған сервис жария­лауы мүмкін. Бұл сервис телефон нөмірі арқылы деректерді шығарып береді. Тиісті адрестерге тоқталсақ, олар негізінен бұдан бұрын жарияланған ескі деректер. Сонымен қатар бұл ақпарат жалпыға бірдей таралған сервистерден алынуы ықтимал, яғни тағам немесе түрлі тауарлар жеткізетін қызмет көрсету нысандарынан жинақтауы мүмкін», деді М.Олжабеков.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне қорғаныс өнеркәсібі және мем­лекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған мәселе бойынша депутат Айгүл Құспан баяндама жасады.

«Қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекет­тік қор­ғаныс тапсырысын реттейтін заң 2019 жыл­ғы 18 наурызда қабылданды. Яғни 4 жыл ғана өтті. Алайда осы жылдар ішінде заң­­­ның қолдану практикасы бірқатар про­бле­­ма­ны көрсетті. Оларды Мәжілістің түр­лі іс-шараларында, дөңгелек үстелдерде, Комитеттің тақырыптық және көшпелі отырыстарында талқыладық», деді А.Құспан.

Депутат заң жобасы аясында уәкілетті органға, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзіретіне қатысты өзгеріс енг­ізілетінін атап өтті. Мәселен, оқ-дәрі­лер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өндірістік қызметін ұйым­дастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жө­нін­дегі нұсқаулықты бекітуге құқылы бол­мақ. Ең алдымен, бұл құжат жарамдылық мер­зімі өткен оқ-дәрілерді кәдеге жаратумен айналысатын «Қазтехнология» отандық маман­дандырылған ұйымының қызметі үшін қажет.

Қару-жарақ пен әскери техниканы жөн­деуді жеңілдету және жеделдету, қосал­қы бөлшектерді мемлекеттік сатып алу тәртібімен алу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Мәселен, кішігірім жөндеуді күштік құрылымдар мемлекеттік сатып алу тәртібі арқылы дербес жасай алады. Ал орташа немесе күрделі жөндеу, қозғалтқыштар мен беріліс қораптар секілді тораптар мен агрегаттарды керек ететін мәселелер Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қалады.

«Коронавирустың таралу қаупін азайту мақсатында Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай режімі бәріміздің әлі де есімізде. Пандемия мемлекеттердің экономикасына да, бизнесіне де кері әсерін тигізді. Осы сияқты форс-мажорлық жағдайларға байланысты мемлекеттік қорғаныс тапсырысының мерзімі бұзылған болатын. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысы туралы» заңның қолданыстағы нормалары шарттың орындалу мерзімін өзгертуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз форс-мажорлық жағдай немесе еңсерілмес күш туындаған жағдайда, шарттардың орындалу мерзімдерін өзгерту мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Атал­ған түзету қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қолдауын тапты», деді А.Құспан.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Шартқа 2022 жылы қол қойылған. Бүгін Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста құ­жат­ты ратификациялады. Шарт екі елдің қылмыспен күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.

«Қазіргі кезде Қазақстан қылмыстық әрі құқықтық салада 34 мемлекетпен 73 екіжақты келісім бекітті. Оның ішінде Еуропадағы 16 елмен 35 шарт жасалды. Халықаралық шарттарға қол қойғанда, туристік, сауда-экономикалық қатынастар дамыған елдерге басымдық береміз. Кипрмен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылды. Өзара ынтымақтастығымыз дамып келеді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.

Тараптар мемлекеттің құзыретті органдары іздестіріп жатқан, өз аумағындағы кез келген адамды ұстап беруге міндеттенеді. Мақсат – қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе ұстап беруге әкеп соқтырған қылмыстар бо­йынша заңды күшіне енген сот үкімін орындау. Келісім өз азаматтарын ұстап беру, берілген адамдарды алдын ала қамауға алу, заттар мен құжаттарды алу және беру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Кипр қылмыс­тық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге келісті. 2022 жылы қол қойылған Қазақстан мен Кипр арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт бүгін жалпы отырыста ратификация­ланды. Құжатта көрсетілетін көмектің тізімі, көмек беруден бас тарту негіздері, құпиялылық туралы шарттар, екі тараптың аумақтарында алынған мәліметтерді немесе дәлелдемелерді пайдаланудағы шектеулер айқындалған.

Сондай-ақ қылмыстық қызметтен түскен заттарды, құжаттарды, қаржы активтерін және басқа да кірістерді анықтау, табу, шектеу қою және тәркілеу бойынша көмек көрсету шарттары көрсетілген. Шартты іске асыру екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемле­кеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Мархабат Жайымбетовтің ауылдық елді мекендерді газдандыру мәселесін көтерді. Халықтың табиғи газға сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметті елді мекендерді газдандыру жұмыстарын әрі қарай жалғастыруға шақырды.

«Ауыл» партиясы Фракциясының мү­шесі Қарақат Абденнің гендерлік теңдікке қатысты сауал жолдады. Онда Парламент пен Үкіметте әйелдер саны біршама артқанымен, аймақтарда, сондай-ақ мемлекеттік компания­ларда бұл мәселе кемшін қалып отырғанына алаңдады.

Наталья Дементьеваның мектеп дирек­торларының ротациясына тоқталды. Депу­тат­тың айтуынша, әлі күнге дейін 20-30 жыл қызмет атқарған директорлар бар. Осы­ған байланысты ротация критерийлерін жетілдіріп, толықтыру қажет екенін атап өтті. Ротацияның мақсаты – мектептерді тиімді кәсіби басқару, сондықтан ротация директордың «тиімділігі» деген сұраққа жауап беру керек.