Қоғам • 28 Қыркүйек, 2023

Қарттар күні қарсаңында қайырымдылық дүкені ашылды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында Халықаралық қарттар күні қарсаңында қайырымдылық дүкені ашылды. Дүкеннің ашылу рәсіміне қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысты. Игі іске бастамашы болған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов аталған дүкеннің қызметін әлеуметтік қолдауға мұқтаж әр отбасы пайдалана алатынын айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарттар күні қарсаңында қайырымдылық дүкені ашылды

Фото: gov.kz

Мерекелік іс-шара аясында қариялар мұқтаж 77 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қалада 15 мыңға жуық зейнеткер бар. Түркістан қаласында зейнеткерлерді қолдау шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп келеді. Былтыр қолданысқа берілген «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» медициналық, психологиялық, құқықтық, ағартушылық, еңбек және демалыс бағыттары бойынша қызметтер ұйымдастырылған. Орталық күніне 60-70 азаматқа қызмет көрсетеді, жыл басынан бері орталық қызметіне 1284 адам жүгінген.