Елорда • 28 Қыркүйек, 2023

Астанада 60 мемлекеттік балабақша ашылады

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен хабарлады, деп жазады Egemen.kz қала әкімдігінң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада 60 мемлекеттік балабақша ашылады

Фото: ашық дереккөз

Елордада жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалар саны артып келеді. Оған туу көрсеткіші және көші-қон процесіне оң әсер етіп отыр. Осыған байланысты елорда балабақшаларында орналастырылатын мемлекеттік тапсырыс та артып келеді. Биыл ол төрт еседен астам өсті.

Есет Байкеннің айтуынша, бүгінгі таңда Астанада 66 164 баланы қамтитын 525 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 100-і – мемлекеттік, 424-і – жекеменшік, үшеуі – ведомстволық. 2023 жылы екі жастан бастап мектеп жасына дейінгі балалар санының өсуіне байланысты балабақшаларда қажетті орындар саны 26 563-ті құрады.

«Қазіргі кезеңде ИНДИГО электрондық порталында кезекке 60 971 мектепке дейінгі жастағы бала тіркелген, оның ішінде 2 жастан 6 жасқа дейін – 41 818 бала. Қала әкімдігі биыл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 224 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда 10 317 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырды», деп түсіндірді Есет Байкен.

Айта кетсек, биыл қаланың мектепке дейінгі мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс өткен жылмен салыстырғанда төрт еседен астам өсті. Бұл деңгей жыл сайын сақталады.

Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен 17 балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ бюджеттік-инвестициялық жобалар есебінен 60 мемлекеттік балабақшаны жобалау басталды.

Сонымен қатар биыл қыркүйек айынан бастап елордадағы 4 балабақшада (№ 54, № 60, № 66, № 95) және 4 шағын орталықта (№ 8, № 11, № 30, № 76) эмоционалдық-еріктік және мінез-құлық бұзылыстары бар (аутизм) балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.