Саясат • 29 Қыркүйек, 2023

Екіжақты ықпалдастыққа ұмтылған Бразилия

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бразилия ұзақмерзімді экономикалық қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азия мемлекеттерімен белсенді қарым-қатынасын дамытып келеді. Әсіресе осы аймақтағы байланыстарда Қазақстанның орны бөлек. Биыл Бразилия мен мемлекетіміздің достық қарым-қатынасына 30 жыл толып отыр. Осыған орай Жетісу облысының басшылығы мен Бразилия Федеративтік Республикасы сенаторлары кездесті.

Екіжақты ықпалдастыққа ұмтылған Бразилия

ФОТО: 7-su.kz

Бүгінде Бразилияның Қазақ­станмен байланыстары қарқынды даму үстінде. Екіжақты байланыс­тар тек минералдық ресурстарды ғана емес, сондай-ақ жол құрылыс материа­лдарының тасымалы, мұ­най мен газ өндірісіне қажетті хими­кат­тардың тасымалы, «NEХI» сақ­тан­дыру ұйымының қатысуымен қаржыландыру сияқты жаңа іс-шаралармен толығып келеді. Осы ретте кездесуге Сенат төрағасының ІІІ орынбасары, парламентарлық Қазақстан-Бразилия тобының төрағасы Чико Родригес, сенатор Анжело Мартинз, оның зайыбы Элеуса Маргарида Мартинз және Сенат кеңсесінің қызметкері Жосе Рикардо қатысты. Қазақстан тарапынан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлы, «Zhetysu Invest LTD» ЖШС директоры Әнуарбек Тілеулесов және «Zhetysu Invest LTD» ЖШС ғылыми-зерттеу және талдау бөлімінің бас маманы, аудармашы Елена Гейгер болды.

Ресми деңгейдегі екі мемлекеттің қалып­тасуына ықпал еткен оқи­ға­лардың бірі – «Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Бразилия ара­сындағы достық, әріптестік және ынты­мақтастық туралы біріккен мәлім­деме». Осы мәлімдеменің нәти­жесін­де мемлекеттердің қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік деңгейге көтерілгені мәлім.

Кездесу барысында Әсет Қана­ғатов Қазақстан мен Бразилия елдері арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастың нәтижесінде көптеген жоба іске асып жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналым екі есе өсіп, 364,4 миллион долларды құраған.

«Қытай мен Оңтүстік-шығыс Азия­дан ТМД елдеріне және Еуропаға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында географиялық жағынан ыңғайлы орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін эконо­микалық аймағы қазіргі таңда маңызды инвестицияның көзіне айналуда. Оның аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, Қытай Халық Республикасымен бірігіп 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Шамамен 330 миллиард теңге инвес­тиция тарта отырып, көлемі 1 000 гектар болатын «Қазақ­стан – Қытай» халықаралық индустриалды қаласы» индустриалды технопаркінің құрылысы бойынша бірлескен жоба болмақ. Ең бастысы, әрбір істің нәтижесі халық үшін», деп атап өтті жиында облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, облыста ауыл шаруа­шылығы, көлік-логистика, туризм, баламалы энергетика және өнер­кәсіп сияқты стратегиялық сала­ларға жаңа инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүр­гізіліп келеді.

Мәртебелі мейман Чико Родри­герс қазақ халқының қонақ­жайлы­лығы мен кең пейіліне алғыс айта оты­рып, болашақта да достық қа­рым-қатынасты арттырып, ынтымақ­тасып біршама тың әрі жаңа жобалар­ды іске асыратындықтарын жеткізді.

«Қос елдің достық қарым-қаты­нас­та еңбек етіп келе жатқанына биыл – 30 жыл. Бұл аз уақыт емес. Бірақ біздің достық, татулық, ынтымақ бұдан да көп жылға ұзаруы керек. Біздің сапардың мақсаты – екі елді жақындастыра отырып, елге қажетті жаңа жоба дайындап, нәтижелі жұмыс істеу. Минералды ресурстар, жаңартылған энергия көздері аясында тың жобалар әзірлеп, сол бойынша ел экономикасын көтеруге біз барынша атсалысамыз», деді Чико Родригерс.

Қос тарап өкілдері тың істер­ді әзірлеуге ынтымақтастық мүмкін­діктерінің мол екенін айтып, бо­ла­шақта түрлі жобаны бірлесе атқа­ратындықтарын жеткізді.

 

Жетісу облысы