Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2023

Қайсар азамат

246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сүмбіленің жауыны сәл саябыр тапқан. Ел қыстың қамында. Мал қораларының жаны­нан қоянжон маялар үйіліпті. Аулаларда отын кесіліп, бұтақ бұталып жатыр. Біз іздеп келген Болат Сәменов те осы қызу еңбектің ортасында жүр екен.

Қайсар азамат

Жүзі жалт-жұлт еткен қайың сапты балтасын құшырлана сілтейді. Үй іргесіне келіп ат басын іріккен жолаушыларды көрген соң маңдайынан бұршақтаған терді бір сыпырып тастап, басын көтерді. Әуелі амандық-саулық сұрасқанбыз. Өзінің ғана емес, Бәйтерек ауылын жайлаған жерлестерінің. Қапсағай денелі, шымыр жігіт ел амандығын жеткізген.

– Жасыңыз жер ортасынан асқан соң қауырт қимыл жасау қиын емес пе? деп сұ­ра­дық біз мүмкіндігі шектеулі жанның қи­мы­лы­на көзіміз сүйсініп.

– Е, тәйірі, деді Болат Ерғазыұлы, – арасында осылай шалт қимылдап жұмыс істесем, денемнің құрыс-тырысы жазылып, бір жасап қаламын. Күзде жұмыс көп қой, картопты қазып алу, бақшаны тазалау керек.

Осы арада ауылдық жерде жұмысқа мойны жар бермейтін кей ағайынның өз үйіне пайдаланатын отынды кісі жалдап жарғызатын, үйгізетін әдет шыққанын да айта кетелік. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтар. Ел ішінде екі қолға бір күрек таба алмай, босқа сенделіп жүрген жастар жалданып кесімді ақыға бар жұмысын істеп береді.

Әлден соң өткен өмір сорабын қамтыған әңгіме сабақталған. Басты тақырып – еңбек. Болаттың әкесі Ерғазы Сәменов Екінші дүние­жүзілік соғыстың ардагері екен. Сонау 1941 жылы аттанып, туған елдің топырағына 1947 жылы ғана оралған. Кейін Қараөткел ұжымшарының төрағасы, Үлгілі бөлімшесінің меңгерушісі. Асқар таудай әкеден тәлімді тәрбие алған. Әсіресе адал еңбектің ең басты қасиет екенін бойына сіңірген. Әке ақылын көкірегіне түйген. Оның елге, жерге деген перзенттік махаббатын толайым қотарып алуға тырысқан. Осы өмірінде қиындық көрсе де, сүрінсе де, жығылса да қолтығынан демеп, алға сүйрейтін әке аманаты тәрізді. Майдангер әкесі ешқашан қол қусырып қарап отырмапты. Ұжымшардың зілмауыр жүгін көтеретін кәтепті қара нардай ауыртпалыққа иығын тоса берген. Болат та әкесіне ұқсағысы келетін. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде оқыс оқиға орын алғаны бар. Жазым қайдан дерің бар ма, күні кеше ғана құлындай құлдырап, шапқылап жүрген бала үшін жамбас сүйегі зақымданған соң қарға адым жер мұң болып қалды. Ескі Макинка селосындағы ауруханада бір жарым жыл төсек тартып жатты. Жасөспірім үшін тым-тым ауыр күндер басынан өткен. Күні кеше ғана екі аяғын тең басып, еліктей елегізіп жүрген адамға күні-түні сарылып төсек тартып жату қайдан оңай болсын. Емделді, сабағын да оқыды. Ақыр соңында бір аяғынан бір аяғы кем болып қалғаны. Мойыған жоқ, алға ұмтылуға тырысты. Әкеден көрген өнеге, алған тәлім мен тәр­бие тіршіліктің қиындықтарына төзуге ша­қыратын.

1979 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Щучье қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Қалағаны орман шаруашылығы еді. Өзі де тұмса табиғаттың ғажайып өлкесі Зерендінің, оның ішінде сан талай жазушының қаламымен өрнектелген әйгілі Қараөткелдің тумасы. Ит тұмсығы өтпейтін орманды бала жасынан көріп, сырын ұғып, көркіне көзін тойдырып өскендіктен бе екен, туған жердің табиғатын ет жүрегі елжірей сүйетін. Ат жалын тартып мінгеннен кейін өзі де осы табиғаттың қорғаны болсам деп қиялдайтын. Талпынып жүріп, бұл мақсатына да жетті. Қазіргі күні «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Орманды бұлақ бөлімшесінде жұмыс істейді.

– Биылғы жаз адам айтқысыз ыстық болды ғой, – дейді Болат Ерғазыұлы, – күні-түні кірпік ілмей, күзетте болдық. Еліміздің тұс-тұсында аяқ астынан орын алып, табиғатқа зор зиян шектіріп жатқан өрт туралы естіген кезде иманың қасым болады. Мынау қарағайлар, қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген құтты дала еліміздің баға жеткізгісіз байлығы емес пе, кейде жазатайым тұтанып кетуі де мүмкін. Мәселен, қалың қаудың ішінде жат­қан шыны немесе ішіне су толтырылған пластикалық бөтелке де қурап тұрған шөпке тамыздықтай болуы ғажап емес. Міне, сон­дықтан қарауыл мұнарасында тұрып төрт құбыланы тегіс шолуың қажет.

Еңбекқор Болат қысы-жазы қарап отырмайды екен. Бір өзі екі жұмыс істейді. Бірін­шісі, орман шаруашылығында болса, екіншісі ауылдық әкімдікте от жағушы, үшінші жұ­мысы да бар, бұл – жеке шаруашылығы. Төрт түлік малды өсіріп, үй іргесіндегі бау-бақ­шасын күтеді. Кейінгі бірер жылда үй салуға қара­жат қажет болып, қорасындағы малдың біразын сатты.

– Орны толар. Қазір төбесін жауып, есік-терезесін орнатып алдым. Ішін қыста да қолым қалт еткенде істей беремін ғой, дейді Болат.

– Қолың босағаны қалай? Қыста орман­шының жұмысы жеңілдейді ғой, дейміз біз.

– «Қолы қимылдағанның аузы қимыл­дайды» дейтін атам қазақтың ақыл сөзі ып-рас, дейді Болат, – мынау орманның бауыры – тұнып тұрған несібе. Жаз бойы жеміс-жидек, саңырауқұлақ тереміз. Далада ша­шы­лып жатқан ен байлықты көтеріп алуға ерінетіндер бар. Негізінде ауылда тұрып та тәп-тәуір күн көруге болады. Оның үстіне жолаушылар тасымалдаумен айналысамын. Кәдімгі патенті бар такси жүргізушісімін. Көлігімді жаңалап алдым. Еріну деген жоқ. Өкпек жолаушылар қай уақытта хабарласса да, ат­танып кетуге әзірмін.

Болат құрдасымның еңбек туралы жүрек­жарды сөзін естіп отырып, өмірге деген құлшынысына разы болғаным. Ең бастысы, тырбанып тіршілік етуге деген ұмтылысы бар. Көбімізге жетпей жатқаны сол шығар.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы