Қоғам • 29 Қыркүйек, 2023

Қариясын қадірлеген ел озады

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ізгілік салтанат құрған қоғамның көші қашанда ілгері. Мұндай қоғамда адамның қадірі, еңбектің бағалануы, әділет, жауапкершілік сияқты құндылықтардың ұстыны берік. Осыны жете сезінген аға буын кейінгі толқынға адамгершілігімен, еңбекқорлығымен үлгі бола білді. Еткен еңбек, төккен тер еккен егін іспетті. Сондықтан қариялар енді оның жемісін жеп, қызығын жас ұрпақпен бірге көруге тиіс. Осы орайда елімізде қазан айының басында қазыналы қарттарға ерекше құрмет көрсетіледі.

Қариясын қадірлеген ел озады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. 1990 жылы 15 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді «Халықаралық қарттар күні» деп белгіледі. Алғаш Қарт­тар күні Еуропада, одан Америкада мерекеленген, ал 80-жылдардың кейін бүкіл әлемге кең таралды. Қарттар күнін атап өтудің мақсаты – тұрмысы нашар қарт адам­дарға, жалғызбасты зей­неткерлер мен қарт мүге­дек­терге көңіл бөлу, оларға әлеу­меттік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету.

Бұл күн біздің елде де ескеру­сіз қал­ған жоқ. Қарттарға арнал­ған мереке­лік іс-шаралар өткізіліп, мемлекет тарапынан егде кісілерге әлеуметтік түрлі жобалар ұйымдас­тырылып, арнайы жәрдем­ақылар тағайындап келеді. Аталған мереке қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалары мен қазыналы қарияларымызды әлеуметтік қолдаудың әртүрлі тетіктері туралы айтты.

«Бұл күн жыл сайын бүкіл әлем­де, оның ішінде елімізде де ерекше мереке­ленеді. Бұл күннің мақсаты – егде адамдардың мем­лекет пен қоғам алдын­дағы еңбегін құрметтеу және олардың әлеу­меттік қажеттіліктерін, өмір сапасын жақсарту, оларға жалпыға бір­дей қамқорлық көрсету», деді С.Жақыпова.

Министрліктің дерегі бойынша қазір елімізде зейнет жасындағы 2,3 млн-нан аса азамат бар. Мем­ле­кет қарияларды әлеуметтік қорғау, оның ішінде зей­нет­ақымен қам­сыз­дандыру жүйесін жетіл­діріп келеді. Мәселен, базалық зейнет­ақы төлемі мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне сай 2%-ға артады.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайынғы индекстеу шеңберінде базалық зейнетақы мөлшері 8,5%-ға, ынтымақты зей­нет­ақы мөлшері 10,5%-ға өсті. Бұған қоса Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасы бойынша 2023 жылы ең төменгі базалық зей­нет­ақы мөлшері ең төменгі күнкөріс дең­гейі­нің 54%-нан 60%-ға дейін жетті. Лайықты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды. Өсім нәтижесінде биыл 1 қыр­күйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 937 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 072 теңге, базалық зейнетақы 37 865 теңге болды. Сонымен қатар 2027 жылға дейін базалық зейнет­ақының ең төменгі мөлшері кезең-кезеңімен 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120%-ына дейін арттырылады», деді министр.

Министр әр өңірде қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеу­меттік қолдау акциясы ұйым­дастырылатынын айтты. Облыс­тардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйым­дар­дың басшылары аға буынды әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кез­де­сулерді, амбулаториялық-емхана­лық ұйымдарда ашық есік күндерін және т.б. өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Елімізде белсенді әрі ұзақ өмір сүру, қоғаммен байланыс бағыттары бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде қызмет ететін 79 Белсенді әрі ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Орталықтардың негізгі қызметі – егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, белсенді әрі ұзақ өмір сүруге септігін тигізуге, қарт адамдардың еркін­дігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне бейімдеуге бағытталған», деді сала басшысы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл қарттарға берілетін материалдық сый-сияпат мол. Мә­селен, 1 қазан – Халықаралық қарт­тар күніне орай Астана қаласында, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ 25 қазан – Республика күніне орай Ақмола, Павлодар облыстарында аға буын өкілдеріне 2-ден 10 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, шамамен 1,9 млрд теңгеге 234 мың адамға біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Соны­мен қатар Қарттар күніне орай Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік дорбалары табысталады.

Биыл жергілікті бюджеттердің мүм­кін­діктерін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде егде адамдарды әлеу­меттік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 4,1 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге) бағытталды. Ал азық-түлік жиынтықтарын ұсынуға – 179,4 млн теңге (25,2 мың адам), жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 9,3 млн теңге (2,9 мың адам), тіс емдеуге – 118,9 млн теңге (1,6 мың адам), санаторий-курорттық емдеу­ге – 2 млрд теңге (19,3 мың адам), тұрғын үйді жөндеуге – 7,3 млн теңге (257 адам), отынмен қамтамасыз етуге – 37,5 млн теңге (2,1 мың адам), жалпыға ортақ пайдаланылатын көлікте жеңілдікпен жол жүруге – 1,6 млрд теңге (155,1 мың адам), басқа да көмек түрлеріне 635,6 млн теңге (61,1 мың адам) бөлінді.

Министр жиында зиян­ды еңбек жағдайында жұмыс істей­тін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санат­тағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесі туралы айтты.

«Халықтың табысын арттыру мақса­тында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде, барлық әртүрлі сала­да­ғы меншік нысандарындағы кәсіп­орындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызмет­кердің ақшалай табысы артады», дейді С.Жақыпова.