Президент • 29 Қыркүйек, 2023

Президент екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барған  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев    Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты

akorda.kz

Дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы  ауылшаруашылығы саласындағы әріптестік байланыс пен ынтымақтастықты нығайтудың  мүмкіндігі мол екенін айтты.

«Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыштар өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін. Біз IT өнімдер мен қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды және 2025 жылға қарай жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті 100 мың IT маман дайындау арқылы адами капиталды нығайтуды жоспарлап отырмыз. Біз германиялық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, білім беру, байланыстар және басқа да өзекті салалардағы жобаларды іске асыруға дайынбыз», деген  Президент ынтымақтастықтың бір бағыты есебінде ІТ технология саласын да өрістетуге болатынын жеткізді.

«Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді», делінген Ақорданың хабарламасында.