Отандық кәсіпорынның бас директорының орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовтың айтуынша, бұл – күрделі жөндеу емес. Жыл сайын жүргізілетін ағымдағы жоспарланған тексеру.
«Зауыттағы технологиялық қондырғыларды тексеру жұмысын жүргізу 14 қыркүйекке жоспарланған еді. Алайда оны күзгі егін өнімдерін жинау кезінде фермерлерді дизель отынымен қамтуды тоқтатпау үшін 1 қазанға ауыстыруға мәжбүр болдық. Мұны күрделі жөндеумен шатастырмау қажет. Бұл – технологиялық қондырғылардағы бөлшектердің, тораптардың, механизмдердің мерзімінен бұрын тозуының алдын алуға, жарамдылық мерзімін ұзартуға бағытталған технологиялық жабдықты күту, қадағалау, пайдалану және аз-кем жөндеуге байланысты іс-шаралар кешені. Осыған байланысты зауытта барлық қондырғының жұмысы тоқтатылады. Біз ауа райының жағдайын ескеріп, технологиялық қондырғыларды салқын түскенге дейін іске қосуға ниеттіміз», дейді Ә.Шошанбасов.
Оның мәліметінше, қондырғыларды тексеруге мердігер кәсіпорындардан 1 600-ге жуық қызметкер мен 116 арнайы техниканы жұмылдыру көзделген. Тексеру жұмыстары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау» туралы заңның талаптарына сәйкес жүргізіледі.
«Бұл кезеңде тұтынушыларға мұнай өнімдерін жөнелту тоқтамайды. Өйткені зауыттың резервуарларында жоспарлы тексеру жұмыстары басталғанға дейін жинақталған мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры бар. Қазір 36 мың тонна көлік жанармайы, 32 мың тонна дизель отыны жинақталды. Ал қазан айында 16 мың тонна бензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарланып отыр. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру мен жөнелту Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес жүзеге асырылады», деп мәлім етті Ә. Шошанбасов.
Қазір зауытта жанармай түрлерімен бірге сұйытылған газ өндіріледі. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес Атырау облысына қыркүйек айына – 5 064 тонна, Батыс Қазақстан облысына 2 940 тонна сұйытылған газ бөлінген. Мәселен, 13 қыркүйектегі мәліметке сәйкес Атырау облысына 3 236 тонна (64%), Батыс Қазақстан облысына 1 288 тонна (44%) көлемінде сұйытылған газ жөнелтілген.
Алайда мұнайлы өңірде сұйытылған газды тұтыну көлемі артқаны байқалады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы басшысының орынбасары Марат Қарамалаевтың айтуынша, Атырауда сұйытылған газды тұтыну қажеттілігі 9-10 мың тоннаны құрап отыр.
«Сұйытылған газ Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі. Автокөліктермен 100 тонна сұйытылған газ Атырау облысының ішкі нарығына, 100 тоннасы Батыс Қазақстан облысына, ал 300 тоннасы теміржол жолы арқылы Ақмола, Қостанай облыстарына жөнелтіліп жатыр. Облыс әкімдігі сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігіне, зауытқа ұсынысхат жолдап, тиісті жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде қазір зауыттағы тәуліктік газ өндірісі 650 тоннаға дейін өсті. Атырау облысының ішкі нарығына жөнелтілетін газ көлемі 250 тоннаға дейін ұлғайды. Бұл газ құю бекеттеріндегі кезекті азайтуға, талонмен босатуды жоюға бағытталды», дейді М.Қарамалаев.
Оның айтуына қарағанда, облыс әкімдігі тарапынан Энергетика министрлігіне қосымша газ бөлу жөнінде ұсынысхаттар жолданған. Өңірде күн сайын 200-250 тонна газ тұтынылады. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына сұйытылған газбен қамтамасыз ету жөнінде сұраныс хат жіберілген.
Атырау облысы