Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының туристерді қарсы алу орталығында өткен танымдық экскурсиядан басталған іс-шара бас кеңсе алаңындағы квест ойынына ұласты. Көңілді ойын барысында балалар «Бүркіт», «Арыстан» деп аталған екі топқа бөлініп, орман ішінде кездесетін кедергілерден мүдірмей өтуден жарысты. Командалық жарыс үстінде баланың шапшаңдығы мен ой ұшқырлығы қатар танылады. Ойын үстінде оқушылар Науырзым қорығында кездесетін жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қатысты викторина сұрақтарына жауап іздеп, сөзжұмбақ шешті. Сондай-ақ сыр сандықтың ішіндегі кездейсоқ әріптерден құпия сөз құрастырып, бұталардың арасына жасырылған қағаз қалташалардағы тапсырмаларды орындады.
Қорық мамандарының айтуынша, мұндай іс-шаралар жас өскіндерді туған жердің табиғатын аялауға үйретеді. Отансүйгіштікке тәрбиелеп, баланың ерік-жігері мен адамгершілік қасиеттерін ұштайды.
Мерекелік іс-шара соңында танымдық ойындарға белсене қатысып, ұшқырлық таныта білген жас экологтерге арнайы дипломдар мен шағын ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облысы