Президент • 29 Қыркүйек, 2023

Президент: Орталық Азия - жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Орталық Азия - жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді

«Бүгінде Орталық Азия аймағы жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді. Осы ретте өңір «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағынының көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, сондай-ақ бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары әлемдік нарықтағы титан мен басқа да материалдарға деген тапшылықтың орнын толтыруға әзір. Мемлекет басшысы экология саласы мен «жасыл» экономиканы дамытуды ықпалдастықтың келесі маңызды бағыты ретінде атап өтті.

Президент Астанада аймақтағы барлық елді қамтитын Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашқаны үшін неміс тарапына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Германия Үкіметінің «Жасыл Орталық Азия» бастамасына жоғары баға берді. Бұл «Орталық Азияға арналған су бастамасы» жобасының жалғасы саналады.