Қоңыр күзде туып, шығармаларында нәзік мұң кешкен дарабоз қаламгерді босаған көңілмен бебеу қағып іздейтін, сағынып сыр шертуден шаршамайтын замандасы мен артына қалдырған баға жетпес мұрасы туралы толғанып еске алар қаламдасы бұл қалада қалың шоғыр. О дүниеге асығыс аттанғанына отыз жылды орталаса да, оқырман Оралханын жоқтаудан жалыққан емес. Ұлттық кітапханада өткен «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференцияға әдебиет көгінде қанаттасып ұшқан үлкен-кіші қаламдас, шығармаларын іздеп жүріп оқитын кітапсүйер қауым қатарын бұзбай келіп тегіс қатысты. Алаш жұртының сүйікті перзентіне айналған арда азаматтың тағылымды ізін, әдебиетке сіңірген өлшеусіз еңбегін, елін сүйген үлкен жүрегін аңсай отырып, естеліктер тиегін тоқтаусыз ағытты.
Жиынға ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып модераторлық етті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сабақтап, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Іс-шараға жазушының әпкесі Клара Мағзұмова қатысып отырды.
Бас баяндамашы, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш «Кестелі сөздің Кербұғысы» атты баяндамасында әдебиетті түсінетін оқырманды бей-жай қалдырмай, оң бағасын алып қойған дүниелеріне қайыра бір шолу жасап, жазушының дара стилін аңдатқан көркем атрибуттар – кестелі көркем тіл мен көркемдік тәсілдері туралы айта келіп, туынды түбіне жасырылған, сыншылардың өзі аңдамаған астарлы иірімі туралы кеңінен әңгімеледі. «Кейбір сыншылар Оралхан шығармаларын талдаған кезде, жеткілікті тани алмай жататыны бар. Мәселен, «Сарыарқаның жаңбыры», «Терісаққан» әңгімелерін табиғат туралы десе, «Бура» мен «Кербұғыны» зоологиялық тақырыпқа арналған дегендер де бар. Шығармалардың астарын жете түсінбей қалған деуге болады. Автордың өзі ол жөнінде: «Терісаққан» мен «Бурада» қазақ халқының трагедиялық тіршілігін символ арқылы берген едім. Оны сыншылар сол қалпында қабылдап жүр» дегені бар» дейді әдебиеттанушы ғалым. Сондай-ақ, ғалымның баяндамасында келтірген: «Кербұғыда» бұғылар арасындағы шайқас та табиғат ортасында ашық суреттеледі ғой. Сондай тартыс адамдар арасында да болып жатады. Жазушының өз байламы қызық: «Не нәрсе сұлу болса, отап тастауға, не нәрсе биік болса, құлатып тастауға, не нәрсе әппақ болса, қаралап тастауға, не нәрсе сау-саламат болса, жаралап тастауға, не нәрсе адал болса, арамдап тастауға әуес жұмырбасты пенденің өз оңбағандықтарынан аяқталар «ақиқат» әрқашан дайын» деген Ор-ағаңның пәлсапалық ойы бүгінгі күнмен тіпті үйлесімді қабылданады.
Әдебиеттанушы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гауһар Балтабаева дайындаған «Оралхан Бөкейдің прозасындағы тәуелсіздік идеясы» атты қосымша баяндамада айтылған ой-пікір жазушы тұлғасын Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жыршыларының бірі ретінде жан-жақты айшықтай түсті.
О.Бөкейдің шығармашылыққа о баста журналистика арқылы келгені белгілі. Журналистика мен әдебиет – қаламгердің қос қанаты сынды жазу аспанында еркін қалықтатты. Жас шағында журналистігі атойлап алдыңғы орынға шыққан тегеурінді мақалалардың авторы қазақ көсемсөзінің тарихындағы сирек таланттың бірі екенін тұстастары түгел мойындайды. Оның жазу мәнеріне, саф ауа сынды мөлдір әрі нәзік стиліне еліктеп әдебиет есігінен аттаған қаламгер шоғырының өзі бүгінде бір қауым ел. Оралхан өзінен кейінгі буынның әдебиетті сүюіне, қалам ұстауына және сол қаламға адал болуына әсер еткен ықпалды қаламгерлердің бірі болды. Шақырылған қонақтардың естелігінде әдебиеттегі бұл ерекше құбылысты атамай, айналып өткені некен-саяқ.
Белгілі адамның беймәлім қыры туралы көзкөргеннен асып кім айтар? Елеңдеп, ел естелігін тыңдауға асыққан екеу, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Кәдірбек Сегізбаев пен Бексұлтан Нұржеке – жазушының ең жақын достары. Көзіне жас алып отырып, адал достың есімін жаңғыртып айтқан жүрекжарды әңгімеге жұрт айрандай ұйыды. Оралхан қайтыс бола салып, сағынып үлгерген, іздеуден талмай келе жатқан ел жүрегіндегі махабатты осы ардақты азаматтар мәнді естелігімен маздата түсетіндей. Қаламгердің өзі өмірден озса да, тұлғалық тұрпатының уақытпен көлегейленбей, керісінше, халықтың жүрегіне берік орнығып, алыстаған сайын бірте-бірте биік тартып бара жатқан бейненің жұмбаққа толы сырына тоқталып, көпшіліктің назарын аудара айтқан әңгімесі, рас, әсерлі өрілді.
ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, қазақ Пен-клубының төрағасы Бигелді Ғабдуллин, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров әдебиет классигі көтерілген биіктің деңгейі, азаматтық дүниетанымы, адами ынта-зары туралы толғамды ой айтты. Конференцияға қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен суретшілердің туындыларымен танысты. Кеңсайдағы қаламгер қабіріне зиярат жасалып, Құран оқылып, ас берілді.
Сондай-ақ Оралхан Бөкейді еске алуға арналған рухани шаралар желісін аламан айтыс өнері жалғастырды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен сөз сайысына еліміздің беткеұстар 14 айтыскер ақыны қатысты. Олардың қатарында Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Мұхтар Ниязов, Ардабек Ақбаба, Нұрзат Қаруқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Ақниет Жұбаныш, Төлеген Жаманов, Ержан Әміров, Фархат Марат бар. Кіл жүйрік бақ сынасқан сөз додасының тізгінін әйгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай ұстады. «Алматының халқы айтысты сағынып қалған екен. Ине шаншар жер жоқ, зал толып отырды. Жыр арқауы – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғаларының бірі, классик жазушы Оралхан Бөкей ағамыз. Айтысқа ағамыздың да тікелей қатысы бар. Ол 90-жылдардың кезінде өзі ұйытқы болып, Алматыда бірнеше мәрте айтыс өткізген. Ал бүгін оның мерейтойында ақындар келіп, Оралхан ағаны жырға қосып отыр. Кітап оқитын, әдебиет сүйетін ұлт бар кезде ағамыздың бейнесі жадымыздан өшпек емес», – деді Аманжол Әлтай. Қазылар алқасының шешімімен республикалық аламан айтыстың бас жүлдесін шашасына шаң жұқтырмай шын жүйрік екенін танытқан Мұхтар Ниязов жеңіп алып, оған 2,5 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Қазірет Бердіхан І орынды жеңіп алса, ІІ орынның төріне Шұғайып Сезімхан мен Жансая Мусина жайғасты. Ал ІІІ орынды Серік Қуанған мен Төлеген Жаманов өзара бөлісті. Осы кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері О.Бөкейдің «Қар қызы» повесі желісімен театрландырылған көрініс сахналады. Сондай-ақ сөз додасын тамашалауға келген құрметті қонақтар мен игі жақсыларға «Оралхан Бөкей – 80» мерейтойлық медальдары тапсырылды.
АЛМАТЫ