Республикалық деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан әріптестердің еңбегінен көне шаһардың бүгінгі келбетін, тарихи орындарын шеберлікпен объективке сыйдырғанын байқадық. 12 қатысушының барлығы да көркейген, жаңарған шаһарды жан-жақты көрсету үшін аянып қалмаған.
«Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен көне шаһар тарихы, байырғы мәдениеті мен тәуелсіздік жылдары қайта көркейген келбетін қатысушылар барынша жақсы көрсеткен.
Байқаудың басты мақсаты – екі мың жылдан астам тарихы бар сүйікті қаламыздың бүгінгі бейнесін фото өнері арқылы көпшілікке таныту. Сондай-ақ осы арқылы кәсіби мамандарды анықтап, олардың еңбегін халық арасында кеңінен дәріптегенді жөн деп ұйғардық», деді іс-шара қорытындысында сөз сөйлеген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Өз ісінің шеберлері сынға түскен байқау қорытындысында түркістандық Нақып Шынтеміров жүлделі үшінші орынды иеленсе, шымкенттік Самат Мырзалиевке екінші орын бұйырды. Қазылар алқасы алматылық Ернұр Манапханұлының еңбегін жоғары бағалап, бірінші орынға лайық деп тапты.
Бұдан бөлек байқауда бақ сынаған қатысушылар арнайы аталым бойынша марапатталды. Мәселен, «Үздік фотограф» аталымы сыйлығын шымкенттік Мақсат Шағырбай иеленсе, «Үздік қала пейзажы» аталымы тараздық Дәурен Нысанбаевқа, «Ең әдемі көрініс» аталымы тағы бір тараздық қатысушы Табын Әбілдаға, «Мөлдір табиғат» аталымы түркісандық Серікболсын Шеріге, «Қас-қағым сәт» аталымы алматылық Әкпар Үркінбайұлына бұйырды. Сондай-ақ жергілікті фототілшілер Ақәділ Рысмахан, Юрий Ким, Михаил Те, алматылық Досжан Балабекұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Тараз